Павлодарда зейнеткерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушінің кім екені анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Бұл туралы Павлодар облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Полицейлер зейнеткерді қағып кеткен жүргізушіні жақын жерлердегі бақылау камералары арқылы тауып алған.
"Бақылау камералары арқылы көліктің номерын анықтадық. База арқылы ВАЗ-21214 маркалы көлігінің иесін тауып, артынша оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушінің бағытын анықтадық. Ол - 76 жастағы зейнеткер, Павлодардың тұрғыны болып шықты", дейді жергілікті полиция бөлімінің басшысы Қуаныш Мустафинов.
Бүгінде павлодарлық тұрғынның көлігі айып тұрағында тұр, ал жол оқиғасы бойынша тексеріс басталды.
Еске салайық, бүгін белгісіз жүргізуші 74 жастағы зейнеткерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткені хабарланды. Полицияның мәліметінше, оқиға Мәшхүр Жүсіп және Лермонтов көшелерінің қиылысында болған. Зейнеткер әйел жолдан өтуге болмайтын жерден өткен. Оқиға орнынан бірден ауруханаға жеткізілген.