Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының жаңа әкімі Есет Байкен фейсбуктегі парақшасында тұрғындарға алғашқы үндеуін жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz
"Мен үшін Сарыарқа ауданы тек жұмыс орны емес. Мен осында өстім, мен осы ауданның әр көшесін білемін және әлі де осында тұрамын. Менің басты міндетім - ауданды жақсарту, тұрғындар мен бизнес үшін жайлы, барлығына, әсіресе балаларға қауіпсіз ету", деп жазды ол.
Есет Байкен алдына бірқатар міндеттер қойғанын айтты. Ең алдымен, басты мақсат спорттық шараларға жағдай жасау және ауданның жалпы келбетін жаңарту екенін де айтты. Жаңа әкім аудан аулаларын қауіпсіз етіп, жаяу жүргіншілер жолы инфрақұрылымында тығыз жұмыс жасамақ.
Сонымен қатар, Есет Байкен билік пен аймақ тұрғындары арасында тиімді кері байланыс жүйесін құруға дайын екенін айтып, байланыс телефонын жариялады:
"Біздің ортақ мақсатымыз - тиімді кері байланыс жүйесін құру, сондықтан маған барлығы мұнда немесе +77021046023 (WhatsApp, Telegram) арқылы жаза алады", деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда 34 жастағы Есет Байкен Сарыарқа ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол қала әкімі аппаратының жетекшісі болған еді.