Бүгін Нұр-Сұлтанда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған "Біз – Жеңістің мұрагеріміз!" эстафетасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz
Аталмыш эстафета ағымдағы жылдың 5-ақпанында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда бастау алған болатын.
Тағзым эстафетасының негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы мен Бішкек қалаларында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық мотоатқыштар Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы, генерал-майор Иван Панфилов немересі – Алуа Байқадамова ұсынды.
Шара басталғанға дейін бас шаһардағы Панфиловшылар Аллеясына гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. И.В.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, Ұлттық ұлан тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының бастығы полковник Александр Крамар, әйгілі Жауынгерлік Тудың көшірмесін иыққа салған Ту тобы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасап, аты аңызға айналған генерал И.В.Панфиловтың ескеркішіне гүл шоқтарын қойды.
- Панфиловтың немересі болу үлкен жауапкершілік. Бұл қалай ойлап, қалай өмір сүру керегіне міндеттеп, жауапкершілік артады. Осы мәселеге қатысты қауесеттердің барлығына қарамастан, Панфилов дивизиясы Туының көшірмесі Қазақстан өңірлерін батылдық символы ретінде аралауы мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл эстафетаны өзім қадағаладым. Эстафета басталғалы панфиловшылар дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесі Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының, барлығы еліміздің 16 елдімекенінде болды. Пандемия шараны 7 мамырда аяқтатпады. Алайда бүгін де айтулы күн.Бүгін шын мәнінде тарихи күн. 14 қазанда Панфилов дивизиясы алғаш шайқасты бастаған болатын. 6 күн ішінде 73-ші полктің бір батальоны қырылып қалды. Бұл өте күрделі ұрыс болды. Жауынгерлік Ту Алматы әскери-музейіне жеткізіледі. Музейде Панфилов дивизиясының залы қайта жаңғырудан кейін ашылады. Мәскеу түбіндегі шайқасқа жеке экспозиция әзірленіп жатыр. Ту да сол залдан лайық орын алады, деді Алуа Бақытжанқызы.
Тағзым эстафетасының жабылуына арналған салтанатты шара Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде орын алды. Алқалы жиынға ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев, Иван Панфилов немересі Алуа Байқадамова, Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев, әскер ардагері генерал-майор Дәулет Салханов және өзге де меймандар қатысты. Іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай ұйымдастырылды.
Саптық алаңда Ұлттық ұланның астаналық гарнизоны бойынша әскери бөлімдерінің жеке құрамы, 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясы Жауынгерлік Туының көшірмесін арқалаған Ту тобы, 28-панфиловшының образын бейнелеген әскерилер қаз қатар тізілді.
Салтанатты шараның шымылдығын Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков ашып, соғысқа қатысқан бабаларымыздың есімін мәңгілік сақтау жолында үлкен игі іс өтіп отырғанын айтты:
- Бүгінгі іс-шараның мазмұны өте тереңде жатыр. Өздеріңіз білесіздер, соңғы кезде Ұлы жеңіске Кеңес одағы емес, өзге күштер ықпал етті деген қауесеттер тарады. Жеңіске жеткен - одақ. Оның халқы мен сарбаздары. Бұл шара мамыр айында Жеңістің 75 жылдығында аяқталуы керек еді. Алайда індеттің салдарынан кешігіп, бүгін аяқталды. Кеңес әскерлері құрамында Жеңісті жақындатуға мыңдаған ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ішкі әскерлер жауынгерлері қатысты, Олардың 16-сы Кеңес Одағының батыры атанды, деді өз сөзінде.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев эстафетаның маңыздылығына тоқталып өтті.
- Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен "Біз – Жеңістің мұрагеріміз" эстафетасы ел көлемінде ерекше тебіреніспен ұйымдастырылды. Жауынгерлік Тудың көшірмесі ел бойынша Ұлттық ұланның әр әскери бөлімінде дерлік болып шықты. Акция кезінде жүздеген іс-шаралар мен патриоттық сабақтар өткізілді.
Ұлы Отан соғысында туған жерін жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, майдан даласында елі үшін қаза болған әр сарбаздың ерлігіне бас ию – біздің асыл парызымыз. Осындай шаралар арқылы біз жас ұрпақты қазақстандық патриоттыққа тәрбеиелейміз. Өткен тарихқа олардың рухын көтереміз, деді өз сөзінде Әлібек Болатұлы.
Құрметті меймандардың құттықтау сөздерінен кейін 8-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін Алуа Байқадамоваға салтанатты түрде 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Мұхамедов табыстады. Артынша 28 панфиловшы бейнесіндегі әскери қызметшілерден құралған есептік қорап пен елорда гарнизоны әскери қызметшілерінің салтанатты шеруі өткізілді. Шара соңы Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ұйымдастыруындағы театрландырылған концерттік қойылымға ұласты.
Айтып өту керек, Тағзым эстафетасы барысында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Оның ішінде соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер, ҰОС ардагерлері тұратын мекен-жайларда шағын парадтар, жас жеткіншектермен ерлік сабақтары, мұражайлық көрмелер өткізілді. Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрлері елдімекендер мен әскердің жекеленген бөліністерінде концерттер қойды.
Жалпы шараға Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдері орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.