• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Туризм 15 Қазан, 2020

Табыс көзі бола алмай тұр немесе экотуризмді дамытудың екінші жағы

357 рет
көрсетілді

Туризм – «алтын жұмыртқа таба алатын тауық» екендігін алғаш рет қозғап отырған жоқпыз. Соңғы онжылдықта туризм ғаламшар тұрғындарының талғамына, экономикалық, тіпті мәдени салаларға үлкен әсер етіп қана қоймай, кейбір елдер үшін негізгі табыс көзіне айналғанын баяндап отырудың өзі артық. Алайда туристік қызметтің, әсіресе экотуризмнің жылдам дамуы қоршаған ортаға теріс әсерін де тигізіп отыр.

 

Экономикалық зерттеулер институты ұйымдастырған онлайн-конференция Жасыл экономика саласының қайраткері Салтанат Рахымбекованы еске алудан басталды. Алдымен сөз тізгінін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков алып, марқұмның жасыл экономика саласындағы жетістіктеріне тоқталы.

– Біз көптеген маманға, ғалымдарға таңсық болып келген жаңа технологиялармен айналыстық. Бұл – ауыл шаруашылығының экологиясымен тікелей байланысты көпірлі егіншілік, ауыл шаруашылығындағы электрлендірілген технологиялар мәселелері. 2013 жылы Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев жасыл эконо­микаға көшу тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған кезде ол ерекше қуанған болатын. Сол уақытта Салтанат «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясын» құрды. Ол айналасына экономиканы экологияландыру идеясы үшін жұмыс істейтін альтруистерді жинады, – деді Т.Рахымбеков.

Оның айтуынша, мамандар алдында ауыл шаруашылығының қазіргі проблемаларынан басқа, өзекті екі проблема бар. Біріншісі – жаһандық климаттың өзгеруі. Екінші мәселе – топырақтың тозуы. Жылдан-жылға құрғақшылық деңгейі өсіп келеді.

Пандемия ауыл шаруашылығының қаншалықты маңызды екенін айқындап берді. Сарапшының айтуынша, әлемдегі кедейлік қаупі төнуі мүмкін адамдардың саны едәуір өсті. Қазақстан экологиялық таза азық-түлікті өндіру әлеуетінің нәти­же­сінде осы проблеманы шешуге өз үлесін қоса алады.

«Пандемия тек адамдар мен бизнеске ғана емес, сонымен қатар экология мен эко­номикаға да әсер етуде», – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш. Коронадағдарыс Орнықты даму мақсаттарына да қауіп төндіреді.

– Бүгінде Орнықты даму мақсаттары­на, атап айтқанда, әлеуметтік мақсаттарға, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты мақсаттарға қол жеткізу үшін ұзақ перспективаға бағдарланған тәсіл қажет. Осының шеңберінде Үкімет, біз, жеке сектор және азаматтық қоғам осы міндеттерді шешумен айналысады. Бұл ретте Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын енгізу жұмысын жалғастырып жатқаны қуантады. Пандемия кезеңінде Жасыл экономика жөніндегі кеңестің отырысы басым сипатқа ие болды. Сондай-ақ жыл басында жоспарланған шаралар жалғасуда. Жасыл өсу Президент Жолдауында да айтылды. Сондықтан «жасыл» мақсаттар бойынша одан әрі жұмыс істеудің жақсы алғышарттары бар, – деді халықаралық сарапшы.

Конференцияның негізгі бөлігі жасыл экономика саласындағы жаңа мемлекеттік және жеке әзірлемелер бойынша таныстырылымдардан тұрды. Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары Зүлфия Сүлейменова Қазақстан Республикасының төмен көміртекті даму стратегиясын әзір­леу процестері туралы баяндады. Бұл құжат Париж келісімі шеңберінде әзірлен­ген. Ол тараптарды көміртегі дамуының төмен деңгейімен ұзақмерзімді стратегиялар құруға үндейді.

Спикердің айтуынша, стратегия Мем­лекет басшысының 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Жолдауында айтқан декарбонизацияны ескере отырып, Қазақстанның ұзақмерзімді дамуын айқындайды. Құжатты әзірлеу кезінде Қазақстан экономикасы үшін сыртқы факторлар да ескерілген. Мысалы, Еуропалық одақ был­тыр Еуропалық Жасыл мәмілені қабыл­дады. Бүгінде осы құжат аясында кли­маттық келісім жасалуда.

– Біз Қытайдың климаттық саясат аясында айтарлықтай алға жылжитынын күтіп отырмыз. Бұл өз кезегінде бізге де әсер етеді. Ал Ресей Федерациясында Төмен көміртекті даму стратегиясы қа­был­данды. Ірі компаниялардың төмен кө­міртекті дамуға деген үлкен қызығу­шы­лығын байқап отырмыз. Осы халықаралық конъюнктураға сүйене отырып, жаңа құжатты өңдеу аспектілері ескеріледі, – деді З.Сүлейменова.

Оның мәліметінше, отандық экономиканы дамыту перспективалары алты сценарий, ішкі саясаттың үш траекториясы және халықаралық факторлар негізінде есептеледі.

– Біз мүдделі тараптарды тарта отырып, кеңестер өткіздік, сондай-ақ ауыл ша­руашылығы, ғимарат, көлік және көмір өнеркәсібі сияқты 4 бағыт бойынша сек­торалдық консультациялар жүргізіп үлгердік. Академиялық қоғамдастықтан, үкіметтік емес ұйымдардан, үкіметтік ұйым­дардан 40-қа жуық түсініктеме алдық. Модельдеуге арналған матрицалар дайындалды. Келесі қадам – сценарий­лерді нақтылау процесін бастау үшін жұмыс тобын жоғары деңгейде де, техникалық деңгейде де қалыптастыру. Құжат келесі жылы дайын болады деген ойдамыз, – деп түсіндірді спикер.

Шара барысында «Expo&Women» атқарушы директоры Ләззат Асқарова жасыл экономиканың өзекті мәселелерінің бірі ретінде Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге азаматтық қоғамның белсенді еместігін атады. Қоғам­ның мақсаттарды іске асыруға белсенді қатысуы «жасыл» өсуге айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Алайда «Expo&Women» сауалдамасына сәйкес, халық бұл бағытта жеткілікті деңгейде хабардар емес екен.

– Респонденттердің жартысынан көбі орнықты даму мақсаттары туралы естігендерін айтты. Тек 8,4 пайызы ғана бұл бағдарламамен толықтай танысқан. Мұның 17 мақсаттан тұратынын көбі біле бермейді, – деді Л.Асқарова. 

Жиында спикерлер су мәселесіне де тоқталды. Шыны керек, бүкіл әлемде әрбір үшінші адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Пандемия санитарияның ерекше маңыздылығын көрсетті. Қазақстан қазірдің өзінде су тапшылығын бастан кешуде. Бұл суды үнемдеу жобаларын іске асыруды мүмкіндігінше тезірек бас­тау қажет екендігін көрсетеді. Оған қоса Каспий теңізінің ластануы ұлғайып барады. Былтыр экологияға 3 млрд 670 млн теңге көлеміндегі залалдың алды алынған. Браконьерлік Каспий өңірі үшін өзекті мәселе болып қала береді. Бұл туралы «Эко Маңғыстау» ҰПУ директоры Кирилл Осин айтты.

– Браконьерлер арзан бір реттік желілерді пайдаланады. Әдетте, бұл желілер жағалауда немесе теңізде қалады. Бұл биоалуантүрлілікке қауіп төндіреді. Олардың ішінде балықтар, шаяндар, итбалықтар шырмалып қалады. Өткен жылы біз құстар да шырмалып қалған торларды таптық. Бұл үлкен мәселе. Шаралар күшейтілді. Бірақ өңір тұрғындары барлық уәкілетті органдар тарапынан Каспий биоресурстарының нақты қорғалуын күтуде, – деді К.Осин.

Биотехнолог Әмір Қуат электр энергиясының шығындарын 625 есе азайтуға мүмкіндік беретін әлемдегі ең тиімді құрғақ модульдік сыртқы орнату трансформаторын ойлап тапқан екен. Егер біз оны Қазақстанда енгізсек, газды, мазутты және энергия өңдеу стансаларында пайдаланатын басқа да шикізатты есепке алмағанда, халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету деңгейін төмендетпей, 3 млн 133 мың тоннадан астам көмірді үнемдей аламыз. Бұл шығарындылар деңгейінің төмендеуіне, су дайындау шығындарының азаюына және пайдалану шығындарының төмендеуіне әкеледі.

–  Заңнамалық деңгейде ынталанды­рушы факторлар жоқ. Бізде Энергия тиім­ділігі туралы заң бар. Бірақ ол ұсыныс­тық сипатқа ие болып отыр. Нарық субъек­тілері өз процестерінде зиянды шығарындыларды, электр энергиясын тұтынуды міндетті түрде төмендетуге мүмкіндік беретін жаңалықтарды енгізуі қажет, – дейді Ә.Қуат.

«Астана» халықаралық қаржы орта­лығы әкімшілігінің басқарушы директоры Айдар Қазыбаевтың сөзінше, экологиялық кодекске жасыл қаржы, «жасыл» инвестициялар, жасыл таксономия сияқты ұғымдар да енгізілуі керек. Бұл компаниялардың, ресурстардың неғұрлым кең айналымын тартуға мүмкіндік береді. Экологиялық кодекс Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін алуан түрлі ресурстар беруге тиіс.