Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында былтыр пайдалануға берілген бес қабатты тұрғын үйдің терезелері өзінен-өзі шытынап сынып, сылағы түсіп, қабырғасы ашылып, құбыры жарылып, шатырындағы ауа шығатын мұржалары желге ұшып кетіп жатыр. Жаңа үйге қоныстанғанына бір жыл толмаған көпшілік көмек сұрап қалалық әкімдікке де, үйді тұрғызған «Сыл» серіктестігіне де, пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативіне де шағым түсірген. Алайда тұрғындардың жанайқайына ешкім құлақ асар емес.
«Юбилейный» шағын ауданында бой көтерген 80 пәтерлі №47 үй былтыр желтоқсан айының он бірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ел игілігіне табыс етілген. Мұнда қоныстанғандардың дені тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа үйдің ауласында өткен мерекелік жиында пәтер кілттеріне ие болып, баспана бақытын сезінген қалың жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады. Жаңа үйге көшіп келісімен әр пәтердегі жылу желілерінен су ағып, оны жөндеу үшін қосымша қаржы шығаруға тура келді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы үйден баспана аламын деп басына әуре тауып алған тұрғынның бірі – Гүлжанат Әмір. Қарапайым кітапханашы 3 жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бір бөлмелі пәтер құнының 20 пайызын бастапқы жарна етіп жинап, 15 жыл мерзімге алған ипотекалық несиесіне айына 35 мың теңге төлеп отыр.
– Бір қыстап шықтық. Үй бірте-бірте отырып барады. Пәтерлердің терезелері сынып жатыр. Оны бүтіндеуден мердігер де, тұтынушылар кооперативі де бас тартып отыр. Біраз пәтер иелері өз қалтасынан қаржы шығарып, терезелерін ауыстырып алды. Біразы мүдделі мекемелерден әлі күнге дейін жауап күтіп отыр. Кейбір пәтерлердің қабырғасы жарылып жатыр. Үй іргесі отыра бастаған соң ба, ішкі бөлмелердің есіктері қисайып, дұрыс жабылмай қалды. Үйдің шатыры да қалт-құлт етіп әзер тұр. Өткенде 3 күн бойы соққан қатты боран ауа өткізгіш мұржалар мен шатырдың кейбір жерлерін ұшырып әкетті. Жаз шыға менің балконымның терезесі жабылмай қалды. Сосын мердігерге қоңырау шалып едім, олар ПИК-ке айт деді, тұтынушылар кооперативіндегілер мердігер жасап беруі керек деді. Қысқасы, тиісті мекемелер бір-біріне сілтеп, сілемді қатырды. Есікті ашып қойып отыра беруге болмайды, күн суытып кеткен соң амалсыз өз ақшама жөндетуге тура келді, – деді Г.Әмір.
Бұл үйдің тұрғындарын бастарына түскен ортақ ауыртпалық туыстастырып, жақындастырып жіберген сияқты. Бір үйдің балаларындай бірінің бауырына бірі кіріп жаны ашып жақын тартып тұрады екен. Бәрі қазақтың қаракөздері. Айқайы, ашу-ызасы жоқ. Жүздерінен алданған баланың реніші мен момын шарасыздық қана байқалады. Осы уақытқа дейін «Қалдарың қалай?» деп ешбір жан келіп көрмесе керек, бізді бір мәселелерін сол сәтте-ақ шешіп тастайтындай анда бір, мында бір сүйрелейді. Кетеуі кеткен үй ғимаратының жарылып ырсия бастаған іргетасын, шіріген қарағайдың қабығындай күлдіреп асты ажырай бастаған қабырға қаптамаларын, су өтіп, сыз тартқан саржолақ төбелер мен сылағы кетіп, сызық түскен қабырғаларды, әр жеріне су жиналып, иістене бастаған жертөлені көрсетіп әлек.
– Бүкіл мәселемізді айтудай-ақ айтып жатырмыз. Бірақ құзырлы орындардың құлағына жеткенімен, ештеме істелінбейді. Бұл үйде 80 пәтер бар. 30-дан астам пәтер иелерінің арыз-шағымын тіркеп, осы үйді тұрғызған «Сыл» ЖШС-не апарып бердім. Мердігер жөндеп жатырмыз деп мені алдайды. Тұрғындардан сұрасам, ешкім келген жоқ деп олар иықтарын көтереді. Әу баста терезе сынса, есік қисайса жасап беріп жүрген. Жарты жыл өткен соң, кепілдік мерзімі аяқталды деп бәрінен үзілді-кесілді бас тартып, енді өз ақшаларыңа жасатып алыңдар деп отыр, – дейді тұрғындар сайлаған осы үйдің белсендісі Қамажай Қасенова.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйдегі әр пәтерге кіріп тұрған жылу құбырлары бетон еденнің астына төселген. Жылу маусымы басталысымен құбырлар жарылып, кейбір пәтерлер судың астында қалған. Жабық құбырдың қай жері жарылғанын тап басып табу қиын. Осылайша пәтердің ішін ызғар алып, жағымсыз иіс жайлап алады.
– Былтыр көршіміздің жылу құбыры жарылып, қабырға бұрыштарына жарық түсіп, пәтердің төбесіне ылғал өтіп сап-сары дақ пайда болды. Оны жөндеуге басы артық ақша болмады. Бұл үйді жалғыз басты ана ретінде әлеуметтік бағдарлама бойынша алып отырмын. Үш балам бар. Мердігерге бір апта бойы қоңырау шалып, қабырға мен төбені жөндеп берулерін сұрадым. Олар тек уәде бергені болмаса, әлі күнге дейін келген жоқ. Жарылған жылу құбыры – №56 пәтерде. Ол пәтердің тұрғындары еден астына төселген құбырдың қай жерден жарылғанын анықтай алмағандықтан әлі күнге дейін өз баспанасына қоныстана алмай отыр, – деді №57 пәтерде тұратын жалғыз басты ана.
Пәтер иелерінің шағымына мердігер компания «Бұл 4-санаттағы арзан үй. Сендерге бұдан артық не керек?», деп шамданатын көрінеді. «Біз үйді тегін алған жоқпыз. Қаншама жыл бала-шағамыздың тамағынан жырып жүріп миллиондап қаржы жинадық. Әлі 15 жыл бойы төлейтін несиеміз бар. Кіргенімізге бір жыл толған жоқ, шетінен сетінеп сөгіліп жатқан үйдің сиқы мынау», дейді шарасыз тұрғындар. Қамажай Қасенова үйдің кем-кетігін түгелдей суретке түсіріп, жинастырып қойыпты. Шамасы баяғының қалың бір фотоальбомындай болады. Бұл үйдегі барлық электр көзі ілініп-салынып әзер тұр. Пәтер иелерінің сөзінше, мұндағы резеткелерді электрик-мамандар емес, құрылыс компаниясында тәжірибеден өтіп жүрген колледж студенттері салған.
Үй ауласындағы жарық бағаналары да жұмыс істемейді. Себебін аңдап қарап көріп едік, бағана басына қондырылған домалақ шамдарға электр тоғы мүлде тартылмапты. Жай сырт көзді алдау үшін қоя салған нәрсе.
Тұрғындардың басын қатырған тағы бір мәселе – бұл үйдің дәретхана, ваннасынан шығатын кәріз жүйесі дұрыс істемейді. Өйткені үйді тұрғызған құрылысшылар сыртқа шыққан канализация құбырлары құйылатын есік алдындағы 4-5 құдықты құрылыс қоқыстарымен толтырып тастаған. Соның кесірінен кәріз құбыры жүрмей, көктемде үйдің айналасын жағымсыз иіс алып кетеді екен.
– Биыл қысқы аяздарда үлкен дәрет, кіші дәрет жүрмей құбыр толып қалды. Өйткені құрылысшылар өздерінің қоқыстарын лақтырып, толтырып тастаған. Қыста бұл құдықтардың іші қатып қалады, содан суға толып, үйдің алдына жайылып, бүкіл аула жып-жылтыр мұзға айналып сасып кетеді. Былтыр қыстадық, ол қысымыз солай болды. Бұл жерде балалар ойнайды. Қай құдықты ашсаң да, толып тұр. Мердігер компания мұны да тазалап беруден бас тартып отыр. Айтатыны сол, баяғы «өз ақшаларыңа тазартып алыңдар» дейді. Биыл тазаланбай қалса, қыста ауламыз тағы да дәретханадан бөлінген сұйықтан жасалған мұз айдынына айналады, – дейді Қанат есімді тұрғын.
Мердігер компания «Сыл» серіктестігінің өкілі Александр деген кісінің телефон нөмірін тауып хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық. Тегін атаудан бас тартқан Александр бірден «Сырттағы кәріз құдықтарын тазалау біздің міндетіміз емес. Ол басқа серіктестікке қарайды», деді. Мердігер компания өкілінің айтуынша, олар тұрғызған кез келген тұрғын үй бір-екі жыл ішінде аздап отыратын көрінеді. Ал үйдің іргетасы қаланған соң, оның әбден отырғанын күту жобада қарастырылмаған. Сондықтан құрылысты белгіленген уақыттың ішінде тәмамдап, уақытында тапсыруы тиіс.
– Бұл үй біздің мойнымызға әбден мініп алды. Сәл бірдемесі бүлінсе, бізге жетіп келеді. Өздерінің тұтынушылар кооперативі не қарап отыр? Не электригі, не сантехнигі жоқ. Бәрін біз жасап беруіміз керек пе? Біздің құрылысшылар бүгін ғана №21 пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп келді. Өткенде №78 пәтерді жөндедік. Ал сынған терезелерді алдағы уақытта ауыстырып береміз. Қазір өтінімдерді қабылдап жатырмыз. Үйінің ішінде жел соғып жатқан жоқ шығар. Олар бәрін бірден жасап береді деп ойлайды, – деді.
Сәлден соң Александрдың өзі қайта телефон шалып, қай газеттен хабарласып тұрғанымды сұрады. Одан кейін: «Алдағы аптада тағы бір хабарлас. Не бітіргенімізді айтамыз. Айтпақшы, жел ұшырып кеткен шатырдағы ауа мұржаларына тапсырыс беріп қойдық», деді. Үй бүтінделгенше жағдайды бақылап отыратынымызды біз де айттық.
№47 үйдің тұрғындар сайлаған үй басқарушысы Қамажай Қасенованың айтуынша, «Сыл» серіктестігіне сенуге болмайды.
– Олар уәде беріп, мәселені созбаққа салып үйренген. 4 әйел келіп, №78 пәтерді жөндеп кеткені рас. Бірақ бізде үй ғимаратының шөгуінен зиян шеккен 30-дан астам пәтер бар. Қанша үйдің терезесі сынды. «Сыл» солардың бір де біреуінің терезесін бүтіндеп немесе ауыстырып салып берген жоқ. Жүргізіп жатқан жұмыстары өте баяу. Әйтеуір жөндеп жатқан түр көрсетіп отырғаны болмаса, мандытып ештеме істеген жоқ. Алда қыс келе жатыр. Мердігердің ойы – өстіп күн өткізіп, уақыт ұтып, кепілдік мерзімі аяқталған соң, жауапкершіліктен құтылып кетпек, – дейді үй басқарушысы.
Айтпақшы, жаңа шағын ауданның шетінде, орталық көшеден шалғайлау тұрған №47 тұрғын үйдің маңында әп-әдемі аялдама бар. Бірақ автобус жоқ. Бұл үйдің балалары қаланың әр түпкіріндегі мектептерде оқып жүр. Қазір кезекші сыныптарда білім алып жатқан балалар мектепке бару үшін екі жарымдай шақырым қашықтықта тұрған орталық көшедегі аялдамаға дейін жаяу баруға мәжбүр.
Бет қатталып жатқанда: Кеше даулы үйдің тұрғындары қоңырау шалып, мердігер компанияның жөндеу жұмыстарын жедел бастап кеткенін хабарлады. «Мердігерлер сынған терезелерді ауыстырып жатыр. Басында «ақша жоқ, кезекке тұрыңдар» деп еді. Енді терезені өлшеп алып кетіп, екі сағаттың ішінде ауыстырып беруде. Қуанған көршілерім ортақ чатқа жазып, ұжымдарыңызға алғыс айтып жатыр. Енді үйдің төбесі мен шатырын бүтіндеп берсе жақсы болар еді. Әйтеуір қозғалыс басталды», деді тұрғындардың қуанышын жеткізген Г.Әмір.
Қостанай облысы