• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2020

Толғақ қысқан әйел ауруханаға автопатрульмен жетті

362 рет
көрсетілді

Полицияның арнайы автопатруль жасағына күнделікті тұрмыс-тіршілік барысында кейде жедел жәрдем көлігінің қызметін атқаруға да тура келіп жа­та­ды. Таяуда Тобыл қаласының полицейлері дәл осындай жайт­қа тап болды.

Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын ауы­лының тұрғыны Әлияның айтуын­ша, таяуда ғана машина сатып алған қыз аяғы ауыр апасын көлігіне мін­гестіріп Тобылдағы туыстарының үйі­не қонаққа барады. Түстен кейін толғақ қыса бастаған соң, апасын апыл-ғұпыл көлікке мінгізіп алып, облыстық ауруханаға апармақ болады. Қаланың ішінде адасып кетіп, едәуір уақыт ұттырып алған жеңіл көлік жүргізушісіне, абырой болғанда, жол полициясының қызметкерлері кездесіп, аяғы ауыр келіншекті дер кезінде ауруханаға жеткізеді.

– Көлік жүргізе бастағаныма көп бола қойған жоқ. Машинаны ауылда жүргізу жеңіл, ал қалада қиын екен. Оның үстіне, перинаталдық орталықтың мекенжайын да білмей­мін. Біраз адасып кетіп, уақыт жо­ғалтып алдық. Сәтін салғанда, Қос­танайда полицияның патрульдік көлігі кез­десіп қалып, бірден көмек көрсетті, – дейді жүргізуші қыз. 

Полиция лейтенанттары Мейрам Кәрімбаев пен Амандық Әбілғазин көп ойланбастан екі келіншек мін­­гескен көлікке медициналық ме­кемеге дейін жол көрсетіп әкеледі. Перзентхананың қабылдау бөліміне дейін кіргізіп, аяғы ауыр келіншекті аурухана дәрігерлерінің қолына табыстайды.

Көп кешікпей тәртіп сақшыларына жас босанған ананың өзі қоңырау шалып, ұлды болғанын хабарлайды. Апалы-сіңлілер енді полиция департаментінің басшылығына хат жазып, өздері қысылған сәтте көмекке келіп, қол ұшын созған екі лейтенантты марапаттап, өздерінің алғыстарын жеткізуді өтініп отыр.

 

Қостанай облысы