Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 Жарлығына сәйкес құрылған Түркістан облысында қазіргі таңда 64 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында (31 мемлекеттік, 33 жеке меншік) 44 878 студент білім алып жатыр. Халықты «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім» жобасына қатысуға көптеп тарту мақсатында 16 аудан, қалада жалпы саны 712 адамнан тұратын 74 мобильдік топ белсенді жұмыс істеп келеді.
Кадрларға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінуде
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2020-2021 оқу жылында 975 азамат қабылданып, қазіргі таңда 5300 азамат білім алуда. 2020 жылы колледж бітірушілер арасында жұмысқа орналасқандарының жалпы үлесі 75,6%, оның ішінде дуалды оқыту жүйесі арқылы даярланған түлектердің жұмыспен қамтылуы 78,2%-ды құрапотыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту кезінде мамандарға сұранысты айқындау мақсатында облыс әкімінің орынбасары бекіткен тізіммен 8 сала бойынша құрылған жұмыс тобының ұсынысына сәйкес және Конкурстық комиссияның шешімі бойынша облыс әкімдігінің жыл сайынғы қаулыларына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінуде. Мәселен, 2020-2021 оқу жылына аталған білім беру тапсырысы 7291 орынға бөлініп, аудан, қалалық әкімдіктердің, салалық басқармалардың және жұмыс берушілердің мамандарға сұраныстарына сәйкес дайындалып отыр. Түрмедегі сотталған азаматтардың да мамандық алуы үшін облыстағы түзеу мекемелерінің базасында 3 колледждің бөлімшелері құрылып, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 450 сотталушы азаматқа жұмысшы мамандықтары оқытылуда.
Алғаш рет инклюзивті білім беру іске қосылды
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында алғаш рет Түркістан облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін (саңырау балалар) жағдай жасалып, 2 колледжде 44 студент тігін өндірісі және есептеу техникасы мамандықтары бойынша инклюзивті білім беру іске асырылып отыр.
Жыл сайын Кентау қаласында мүгедек азаматтарды оқытатын Кентау арнаулы кәсіптік колледжіне мемлекеттік білім беру тапсырысымен 80 азамат қызмет көрсету мамандықтары бойынша білім алуда. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы» Заңына сәйкес жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқуға ниет білдірген жетім балдарға тегін кәсіптік білім алуға жолдама берілуде. Биылғы оқу жылында мектеп бітірген 116 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жолдама арқылы колледждерде тегін оқуына мүмкіндік алған. Соңғы 2 жылда 54 колледж халықаралық аккредиттеуден өтіп, институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өткені туралы сертификаттарға қол жеткізді. Дуалды оқытудың жол картасын кеңейту аясында қолөнершілерді даярлайтын колледжде мамандарды дуалды оқыту жүйесімен даярлауды, сонымен бірге Елбасының №762 Жарлығымен мақұлданған Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасына сәйкес Түркістан қаласындағы құрылыс объектілерінде жұмыс жасау үшін облыстағы құрылыс мамандарын даярлайтын, сонымен қатар, жаңа индустриалдық аймақ ашылуына байланысты тігін өндірісі мамандарын даярлайтын оқу орындарын дуалды оқытуға көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп, биылғы оқу жылында дуалды оқытумен білім беретін колледждер саны 38-ге артып, қамтылған студенттер саны 5615-ді құрап отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесімен 418 кәсіпорынмен келісім-шарттар түзіліп, шағын және орта бизнес субъектілері дуалды оқытуға тартылды. Кадрлар даярлау ісінде тараптардың жауапкершілігін қамтамасыз етуге, практиканы күшейту, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес оқытудың мазмұнын жаңартуға қатысты өзгерістер енгізіліп, дуалды оқыту аясында практика 80% -ға дейін өсті.
2018-2020 оқу жылының жазғы демалысы кезінде құрылыс мамандарын даярлайтын 12 колледж студенті және 2 колледжден ерікті жастар облыс аумағындағы құрылыс объектілерінде жалпы саны 511 студентті құрайтын құрылыс отрядтары жұмыс жасады және Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен үйлердің ғимараттары құрылысын салуға 5 колледжден 100-ден аса студент жұмылдырылып 5 тұрғын үйді салып тұрғындарға кілтін ұстатты. Сонымен қатар, 2020 жылы маусым айында Арыс қаласындағы жарылыстың салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында 850 колледж қызметкері ерікті түрде қаланы қалпына келтіру жұмыстарына жоғары белсенділікпен ат салысты.
Халықаралық жарыстарда озық орында
Халықаралық WorldSkills қозғалысын дамыту мақсатында соңғы екі жылда облыстың жеткен жетістіктері де аз емес. 2018 жылғы «WorldSkills Kazakhstan - 2018» ұлттық чемпионатына облыстан жіберілген 9 студенттің 7-і жүлделі орындарға ие болып, жалпы командалық есепте 7-орынды иеленсе, 2019 жылы чемпионатқа қатысушылар Мәскеу қаласындаға DNG Mori академиялық базасында, №2 Челябинск педагогикалық колледжінде, Алматы қаласындағы Ротенберг компаниясы, DOSTI инновациялық орталығы, «Alageum Electric» АҚ-ның Алматы қаласындағы құрылымдық бөлімшесі «ЛевИнтеграция» ЖШС базасында, Шымкент қаласындағы «Elianto» фирмасы мен «Knauf» компаниясының Шымкент қаласындағы филиалында, «Шымкент лифт-стой» мекемесінде және т.б. кәсіпорындар базаларында тағылымдамадан өтіп, дайындық жұмыстарын күшейту нәтижесімен Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 11-15 қараша күндері өткізілген «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионатына облыс атынан қатысқан 33 студенттің 17-сі (4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медаль) жеңімпаз атанып, жалпы командалық есепте Түркістан облысы үшінші орынды иеленді. 2020 жылы 16 – 25 қыркүйек аралығында өткізілген «WorldSkills Russia» Халықаралық чемпионатына Түркістан өңіріндегі Кентау көпсалалы колледжінің түлегі, «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионатының алтын медаль иегері Тәліпхан Мақсат «Сырлау және әрлеу жұмыстары» құзыреттілігі бойынша қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Кәсіптік білім берудің кешенді жоспары
2020 жылғы «Үздік педагог» атағын иелену конкурсына облыстың атынан 3 педагог іріктеліп, материалдары республикалық комиссияға ұсынылды. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мақсатында тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп, еселі жетістіктерге жеттік. Басқармасының бұйрығымен экономиканың дамуына қажетті басымдықтарға байланысты 8 сала бойынша (білім беру, қызмет көрсету және туризм, техникалық және технологиялық, көлік, тігін және тоқыма өндірісі, IT-технологиялар, құрылыс, ауыл шаруашылығы) облыста 17 колледжде 22 мамандық бойынша құзыреттілік орталықтар құрылып (24.10.2018 жылғы №283 бұйрығы), облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытудың кешенді жоспары жасалды. Қазіргі таңда аталған жоспар бойынша тиісті іс-шаралар өткізілуде. Аталған жоспарға сәйкес бірқатар келелі жұмыстар ақтарылып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның педагогикалық шеберлік орталығымен 2019 жылы түзілген меморандум аясында педагогикалық мамандар жаңартылған білім беру мазмұнын игеру үшін педагогикалық колледждерде арнайы пәндерден сабақ беретін 233 оқытушы біліктілігін арттыру курсынан өтті. Биылғы 2020 жылы «ТАLАР» КЕАҚ-ның ұйымдастыруымен 80 арнайы пән оқытушылары, кәсіпкерлік негіздерінен 16 оқытушы, IT-технологиядан 3010 оқытушы, жалпы орта білім пәндері бойынша жаңартылған білім беру мазмұнын оқуға 562 оқытушы біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Аталған орталықтардың жұмысын жандандыру мақсатында мамандықтар бойынша облыстық байқау мен семинарлар, сонымен бірге «Festo» (Германия) компаниясының өкілдерін тартумен мехатроника бойынша тренинг, «Vision интернет маркетинг» компаниясының мамандарын тартумен IT—технология саласы бойынша 22 азамат оқыту курсынан өткізілді. Сонымен қатар, кәсіптік білім саласын дамытуда Түркия Республикасының Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен, Өзбекстан Республикасы жоғары және арнайы орта білім беру министрлігімен, Германиялық «KNAUF»компаниясының Қазақстандағы филиалдарымен салалар бойынша педагог кадрлар мен білім алушылардың өндірістік тағылымдамасын ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізілді. Келес ауданындағы №13 колледж Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласындағы 3 колледжбен ынтымақтастық жүргізу туралы келісім-шарттар жасасты. Колледждер арасында кәсіптік білім берудің озық тәжірибесін тарату және тәжірибе алмасу мақсатында TrueConf бағдарламалық порталы арқылы онлайн-сабақтар мен видеоконференциялар ұйымдастырылып, екі жыл ішінде (қашықтықтан оқыту басталғанға дейін) 236 онлайн-сабақ таратылды.
Бүгінгі таңда, қызмет көрсету, тігін және тоқыма өндірісі құзыреттілік орталықтар Өзбекстан Республикасымен тамақтандыруды ұйымдастыру, аспаз, кондитер, даяшы, тігін өндірісі, киім дизайны, шаштараз т.б. қызмет көрсету мамандықтары бойынша «Renovation services group» және Өзбекстанның көркемөнер Академиясы жанындағы П.Бенков атындағы республикалық көркемөнер колледжімен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жұмыстар атқарылуда. Шетелдік ынтымақтастық шеңберінде Кентау политехникалық колледжінің құрылтайшысы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-мен Германиялық компания өкілдері бірлесіп, сапалы мамандарды даярлау бойынша меморандум түзілді. Нәтижесінде колледж атауы «Қазақ-неміс политехникалық колледжі» деп ауыстырылып, колледждің арнайы пән оқытушылары мен кәсіпорындағы студенттердің тәжірибе жетекшісі Германияда тағылымдамадан өтіп, халықаралық тәжірибені ендіруде. Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2019-2020 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленіп, аталған Жол картаның тиісті тармақтарын орындау, сарапшыларды сертификаттау және біліктілігін арттыру арқылы халықаралық WorldSkills стандарттарына қол жеткізу; сонымен қатар, қорытынды аттестаттау кезінде демонстрациялық емтихандарын өткізу көмегімен бітіруші түлектердің кәсіби дағдысын нығайту, қорытынды аттестаттау комиссиясының мүшелері болып тағайындалатын жұмыс берушілерге түлектердің заманауи талаптарға сәйкес келетінін дәлелдей отырып, жұмыспен орналасқан бітірушілердің үлесі арттырылды. Биылғы жылы жоспар бойынша 2 колледжде (10,5%) демонстрациялық емтихандар өткізіліп, түлектерге Skills-сертификаттары берілді.
Заманауи жабдықтаумен қамтамасыз етілді
Жобаны жүзеге асыруға 2019 жылы Жастар жылының ашылу салтанаты кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев бастамашылық етті. «Жастар – Ел тірегі» ұлттық жобасы шеңберінде облыста 12 колледжді «Жас маман» жобасына шеңберінде 2020-2021 жылдары заманауи құрал-жабдықтармен қамту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020 жылы 1,6 млрд теңгеге 5 колледжді, 2021 жылы 2,1 млрд теңгеге 7 колледжді заманауи құрал-жабдықтармен қамту іске асырылуда. Аталған Жоба аясында 12 колледжді финдік SapranoGroup компаниясымен халықаралық салалық аккредиттеуден өткізу жоспарланған.
Президент тапсырмасы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша 2019 жылғы 27 желтоқсан күні өткен электронды тендердің қорытындысымен 3 колледж (Түркістан жоғары аграрлық колледжі, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі, №16 колледж) сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Қазіргі таңда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің бастамасымен басқармаға қарасты 26 және 19 жеке меншік колледжде «Sanaly Urpaq» жобасы жүзеге асуда.
Jastar.kz жобасы аясында «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында 14 акция ұйымдастырылып, оған 2000-нан астам студент қатысты. Әлеуметтік желілердегі білім беру ұйымдарының парақшалары арқылы бейнероликтер таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Семестрдің аяқталуына орай колледждерде «Парасыз сессия» акциялары мен «Жемқорлыққа жол жоқ!», «Сыбайлас жемқорлыққа деген әлеуметтік көзқарас», «Сыбайлас жемқорлық – қауіпті індет», т.б. тақырыптарда семинарлар мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізілді.
Облыстағы 64 колледжде жыл сайын Білім күні мерекесіне орай бірыңғай «Адалдық сағаты» өткізіліп, әлеуметтік желілерде «Ұстаздар сыйлық алмайды» атты эстафета жарияланды. Сонымен қатар, колледждерде Парасаттылық мектептері ашылып, Integrity Shop дүкендері ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлықты алдын алу мақсатында жыл сайын басқарманың бұйрығымен 8-10 азаматтан құралатын бақылаушылар штабы, 218 қоғамдық өкілдерден құралған мобильді бақылаушылар тобы құрылып, колледждердегі қабылдау емтихандары кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуын болдырмау, емтихандардың өтуіне ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар, қабылдау емтихандарын өткізу кезінде объективтілікті арттыру мақсатында Түркістан облысы бойынша арнайы мониторингік топ мүшелері оқу орындарының қабылдау комиссия құрамына қосымша бұйрықпен енгізіліп, оқуға қабылдау емтихандарға қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Аталған жұмыстарды тұрақты түрде жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылады. Тағы бір назар аударарлық жетістік ретінде Jastar.kz жобасы шеңберінде Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «ҚР колледждерінің 100 үздік студенті» жобасына облыстағы 12 студент іріктеуден өтіп, 2 білім алушы 100 үздік студент тізіміне енгенін атап өтуге болады. 2020 жылы 16-25 қыркүйек аралығында Жобаның облыстық кезеңі өткізіліп, жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды.
Педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Право» қоғамдық қорының «Шанс» кәмелетке толмағандарды психологиялық-әлеуметтік, құқықтық қолдау орталығының ұйымдастыруымен желтоқсан айында 2 оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 51 қызметкер қатысты.
Сонымен бірге, «ReFrame» тұлғалық дамыту орталығының мамандарын шақырту арқылу 66 педагог-психолог біліктілігін арттырып, «Talap»КЕАҚ-ның ұйымдастыруымен 2679 педагог IT курстары бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын меңгеру шеңберінде арнайы даярлықтан өтті.
Атқарылған жұмыстар аз емес, алға қойылып отырған мақсаттар одан да көп. Алдағы уақытта облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту үшін әрбір колледж педагогының үлесі зор екенін ескере отырып, жалпы педагогтар қауымын Қазақстандағы кәсіптік білім беру саласының 80-жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, толағай табыс тілейміз.
Рахия Асанова
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері