Індет қаупі төнгелі айналамыздағы ағайынның амандығы үшін бір-бірімізден іргемізді аулақ салып, әлеуметтік арақашықтық сақтауды қаперде ұстап келеміз. Карантин режімі кезінде емін-еркін жүріс-тұрысымыз әжептәуір шектелгенімен, таза ауада тыныстауға тыйым салынбады. Сондықтан қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін аула, тынымбақ, гүлзар сияқты тыныс кеңейтер орындардың көркі де көз қуантатындай болуына баса мән беріліп жатыр.
Абаттанған аула тұрғындардың көңілін аулайды
Карантин шаралары енгізілгеннен кейін ашық аспан астындағы ауасы кең қоғамдық орындарға сұраныс арта түсті. Тұрғындар таза ауада серуендеуге көбірек көңіл бөле бастады. Осыны ескерген Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көктемнен бастап аулаларды, саябақтарды, желекжолдарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс барлық ауданда белсенді жүргізілгенімен, қаланың ескі бөлігінің ажарын ашуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Байқоңыр ауданында – 50, Сарыарқада – 40, Алматыда – 33, Есіл ауданында 20 аула абаттандырылды.
Аулаларды жанға жайлы, көзге тартымды етіп қайта жаңарту барысында тұрғындардың да тілегі ескеріліп жатыр. Өйткені тұрғындардың қалауымен жанданған ауланың айналаға қолайлы болары сөзсіз. Бұл ретте «Бюджетке қатысу» бағдарламасы тұрғындардың талап-тілегін жүзеге асыруға септігін тигізуде.
«Халық санының өсуін ескере отырып, ірі габаритті аулалар, гүлбақтар мен желекжолдар құрылысына басымдық беріп жатырмыз. Аудандарды жұртқа қолайлы етіп жасақтау ісінде тұрғындардың тілегін ескерусіз қалдырмаймыз. Мысалы, Желтоқсан көшесіндегі №2-үйдің тұрғындары есеп беру кездесуінде ауланы абаттандыру мәселесін көтерді. Біз оны «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша абаттандырдық. Тұрғындар аудан әкімдіктеріне өтінім беріп, аула көрінісін ұсынады. Содан соң қандай аймақтар салу қажет, қандай спорт алаңы керек деген сияқты бірқатар мәселе шешімін тауып жатыр. Тұрғындармен кездескен кезде басқа да маңызды мәселелерді талқылаймыз. Айталық, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша аулаішілік аумақтарда камералар орнатамыз. Бұл тәжірибе көрсетіп отырғандай, қауіпсіздік деңгейін арттырады. Сонымен қатар жедел қызмет машиналары тұрғын үй аумағына кедергісіз кіру үшін «ақылды шлагбаумдар» атты жаңа жоба іске қосылды», дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар тұрғындарға жайлылық сыйлау үшін бос жатқан жерлер мен қараусыз қалған учаскелерді демалатын қоғамдық орындарға айналдыру да маңызды. Бұған қоса апаттық жағдайдағы үйлер де бұзылып, орнына жаңа ойын-сауық алаңдары салынып жатыр.
Қаладан шеткері орналасқан Өндіріс тұрғын алабындағы қараусыз қалған учаскенің бірі бүгінде тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Осы маңда тұратын Тілеулес Жаңабайқызы жаңадан салынған шағын саябақ үшін ризашылығын білдірді. «Бұл жер қараусыз, бос жатқан еді. Біз одан айналып өтетінбіз. Ал енді қазір біздің жеке шағын саябағымыз бар. Балаларға ұнайды. Ағаштар отырғызылды. Біз ризамыз, өйткені балалар өте қуанышты. Төніп тұрған індеттің қаупін ескерсек, денсаулығымызға көбірек уақыт бөлу маңызды. Демек, ашық ауада спортпен шұғылдану керек. Мұнда фитнес аймағы да бар, балалар футбол да ойнай алады», дейді ол.
Өндіріс тұрғын алабындағы Ақбидай көшесінде футбол алаңы бар аула жасалды, Тайбурыл көшесінде шағын саябақ ашылды. Мұнда 1950 жылы салынған жапсарлас үйлер болған еді. Қазір бұл жер спорттық тренажерлер аймағы, балаларға арналған ойын алаңы, футбол және баскетбол алаңы болып бірнеше аймаққа бөлінді. Тағы бір жаңалық – бұл аймақта тұрғындардың өтініші бойынша жылы аялдама орнатылды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес №23 мектептің жаңа корпусының құрылысы басталды. Еңселі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр.
Мұндай игілікті Алматы ауданының тұрғындары да көріп жатыр. Ғ.Мүсірепов көшесіндегі №10/3-үйдің маңы бұрын батпақ жер болды. Осы мәселемен әкімдікке аудан тұрғындары жүгінді. Нәтижесінде жаңа аула пайда болды. Дәл осындай мәселемен Қажымұқан, Петров, Ш.Құдайбердіұлы көшелерінде аулалар салынды. Алдағы уақытта ауданда тағы да бірқатар тынымбақты абаттандыру жоспарланып отыр.
Жалпы, биыл Нұр-Сұлтанда 150 аула мен 50 қоғамдық орын абаттандырылды. Бұл 300 мыңнан аса адамның саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасайды. Осынау ауқымды жұмысқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жұмысшылар тартылды.
Көпір асты көрікті орынға айналды
Демалыс үшін жайлы аймақтар құру – қала басшылығының үнемі назарында тұрған мәселе. Бұл бағыттағы оңтайлы шешімнің бірі көпір астындағы кеңістікті көпшіліктің бос уақытын өткізетін орынға айналдыру болды.
Осындай көрікті орын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы көпірдің астынан салынды. Мұнда стритбол, скейтворд, воркаут және стрит-арт алаңдары ашылып, теннис үстелдері қойылды. Бұл аймақ болашақта одан әрі дамымақ. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығы әйгілі чемпиондар Жақсылық Үшкемпіров пен Денис Тенге арналған граффити салу үшін қолайлы орын қарастырып жатыр.
Елордада балаларға арналған үлкен эко-алаңның бірі Сарайшық көшесіндегі көпірдің астында ашылды. Бұл жаңа қоғамдық кеңістік Президент және Триатлон саябақтарын байланыстырады. Ойын алаңының жалпы ауданы – 1 088 шаршы метр. Аталған кеңістікте екі баскетбол, екі футбол алаңы, балалар алаңы, көлеңкелі шатырлар, жаттығу аймағы, 13 пикник аймағы жабдықталды. М-1 көпірінің бағандары граффитимен безендіріліп, декоративті жарығы ұйымдастырылды. Тамақтану орны да бар. Сондай-ақ өзен жағасында жаяужолдар және ұзындығы шамамен 4 шақырымға жететін велосипед жолы салынды.
«Бұл – халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым. Қараңызшы, қанша адам баскетбол, футбол, волейбол ойнап, мәз-мейрам болып жүр. Стрит-воркаутқа арналған тамаша жабдықтар бар. Шын мәнінде, керемет жобалар, таңғаларлық дизайн бірден көзге түседі. Біздің суретшілер салған бұл қабырға суреттері де керемет. Мұндай алаңдар бүкіл елде көп болғанын қалаймын», дейді елордалық Әнуар Ғазиз.
Індет қос өкпеден қысқан қысылтаяң шақта көпір астындағы осындай кеңістіктер қала тұрғындарының көңілін көтеріп тастағаны рас. Мұнда жастармен қатар, серуендеп жүрген үлкен кісілерді де жиі байқаймыз.
«Алдымен мен стрит-воркаутпен айналысатын жастар атынан осындай алаңдар үшін қала әкімдігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Бүкіл әлемдегі жағдайды ескерсек, бүгінде мұндай жобалар өте қажет. Біз таза ауада жаттығамыз. Барлығы кәсіби тұрғыда дайындалған, жағдай жасалған. Ең бастысы, жастар уақытын бірге, пайдалы өткізеді», дейді қала тұрғыны Айтым Жақыпов.
Бұл аймаққа әлі де шағын сәулет формалары қойылады. Экстремалды спорт әуесқойлары үшін паркур-алаң құру жоспарланып отыр. Шаһардағы мұндай тартымды орындарды жасау жұмыстары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Аялдамалар, спорт алаңдары, арт-нысандар, инсталляциялар мен жарық композициялары – заманауи мегаполистің ерекше сипаты. Бүгінде қала көшелерінде назар бұрып қарайтын ажарлы арт-нысандар да көптеп көзге шалынады. Елорданың көшелері мен демалыс орындары көше композицияларымен, инсталляциялармен безендірілген. Олардың тақырыбы отбасы құндылығын арттыруды, ұлттық мәдениетті дамытуды насихаттайды.
«Нұр-Сұлтан», «Ару» инсталляциялары, гүл пирамидалары мен текшелері, сәндік орындықтар, Абай мен әл-Фараби бейнеленген жазық мүсіндер, шрифт композициясы мен гүл өрісі, жарықтандырылған ағаштар, орындықтар және басқа да арт-нысандар астананың ажарын ашып, ажырамас бөлігіне айналды.
Жасыл желек – жанға сая
Астананың ажарын аша түсу үшін абаттандыру жұмыстарымен қатар көгалдандыруға айрықша көңіл бөлінетіні сөзсіз. Бұл ретте ең алдымен елорданың жасыл белдеуін одан әрі дамытуға мән беріледі. Қала басшысы Алтай Көлгінов көгалдандыру жұмысына да ерекше екпін салып отыр.
«Елорданың жасыл белдеуі қаланың тыныс алу органы іспеттес. Орман өсіру Елбасының бастамасымен қолға алынған болатын. Осы уақыт аралығында жасыл белдеу айтарлықтай кеңейді. Жыл сайын мыңдаған тал-терек отырғызылады. Жасыл белдеу қаланың экологиясы мен климаттық жағдайын жақсартуға септігін тигізіп келеді. Биыл 330 мыңға жуық жапырақты, қылқан жапырақты көшет және қосымша тағы 3 мыңнан аса көшет отырғызамыз. Жалпы, аумақта 10,2 млн тал мен 1,8 млн қарақат, ырғай, дерен өсіп жатыр. Көктемде жасыл белдеудің соқпақ жол желісін қайта құруға кірістік. Аумақта белсенді уақыт өткізуге арналған скейтбординг алаңы, роликпен сырғанайтын шағын алаңдар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаяу серуендеуге және кросс-кантри сабақтарына арналған жолдар салынады. Сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңдарын, футбол және теннис алаңдарын жасаймыз. Жасыл белдеуде бүгінде қоян, қарсақ, түлкі, қырғауыл және басқа да жануарлар мен құстар мекендейді. Жасыл белдеудегі құстардың санын арттыру бойынша да жұмыс атқарылып жатыр», дейді әкім.
Қазіргі жасыл белдеудің жанында орналасқан ипподромда иппотерапиямен айналысуға арналған ат-спорты кешенінің құрылысы аяқталуға таяу. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтумен арнайы оқытылған адамдар айналысады. Ипподром базасы ұлттық және классикалық спорт түрлерін өткізу және оларға дайындық, туристік маршрут бағыттары бойынша дамытылады. Ипподромнан Үркер елді мекеніне дейін веложол төселді. Енді велосипед, шаңғыларды жалға беру үшін база салынбақ. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
«Елорданың барлық аудандарында көгалдандыруға назар аударып келеміз. Биыл 30 мың түп ағаш отырғызамыз. Аулаларды, саябақтарды, тынымбақтар мен желекжолдарды абаттандыру кезінде көшеттер отырғызамыз. Әрине, оған күтім жасау маңызды. Отырғызылған тал-теректер мен гүлдерді күтіп-баптау үшін көктемнен бастап суару жүйесін 20%-дан 90%-ға дейін қалпына келтірдік. Президент халыққа Жолдауында экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл үшін елордада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған экопарктер құру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді», дейді А.Көлгінов.
Сонымен осы жылы астанада отырғызылған тал саны 30 мыңдай болса, барлық егілген жасыл-желек 80 мыңға жетеді. Мұның көлемін жыл сайын арттыру маңызды меже ретінде белгілінген.
Әкімнің айтуынша, өсімдіктерді қорғау мақсатында жасыл көшеттерді күту әрі қорғау ережелері күшейтілді. Бұрын кесілген бір ағаштың орнын толтыруға бес ағаш егілетін. Енді бір ағаш кесілсе, оның орнына он ағаш отырғызу керек болады.
Игілікті іс жалғасын табады
Елорданың тынысын кеңейтетін жұмыстардың бұдан әрі жандана түсетіні анық. Мысалы, алдағы жылы «Жерұйық» саябағының бос жатқан жерлерін абаттандыру жоспарда тұр. Мұндай игілікті іс жалғасын тауып, М.Төлебаев көшесіндегі учаскеде жаңа қоғамдық кеңістік құрылады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында теннис корттарын, баскетбол алаңдарын, скейтпарк, пикникке арналған аймақтарды орналастыру жоспарланып отыр. Сауда павильондары мен гамактары бар ойын алаңы пайда болады.
Урбанистика орталығы берген мәлімет бойынша жүгіруге арналған жолдар және веложолдар қарастырылған. Көгалдандыру алаңы – 13 939,8 шаршы метр, аллея – 12 053,1 шаршы метр, жүгіру жолының ұзындығы 1 951 метр аумақты қамтиды.
«Президент халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударды. Өңірлерде спорт секцияларын ашуға және балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елордада 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, тағы біреуі келесі жылы салынады», деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Сонымен қатар шаһарда тағы бір Арбат салынады. Жаяу жүргіншілер променады құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа қоғамдық кеңістік Омаров көшесінің Республика даңғылынан Қ.Қуанышбаев атындағы театрға дейінгі бойында орналасады. Жаяу жүргіншілер променады екі театр арасындағы аумақты байланыстырады.
Республика даңғылы жағындағы субұрқақты қайта құру жұмысы қолға алынады. Бұл жылғаға қарай ағады. Ал сол жылға бойында балаларға арналған сумен ойнайтын элементтер орнатылмақ. Бұған қоса Арбат аумағында аспалы әткеншек қойылады. Балалар үшін спорт және ойын алаңдары, тыныш аумақтар, коворкинг-орталық сынды тегін семинарлар мен тіл сабақтарын өткізуге арналған жеке аймақтар жасалады. Көпір асты кеңістігі аумағында балаларға арналған эко-алаң мен аспалы саябақ салынады. Сондай-ақ Бейбітшілік көшесінен Республика даңғылына дейін веложол пайда болады.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында «Өткен жылы біз бірінші кезекте абаттандыруды қажет ететін аулалардың тізімін жасадық. Олардың қатарына қараусыз қалған учаскелер, батпақ және бос қалған жерлер енгізілді. Басымдық оң жағалауға жасалды. Сондай-ақ апатты үйлер сүрілген жерлерде, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан жерлерде шағын парктер пайда болды. Абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстарға биылғы көктемнен бастап кірістік. Қазір келесі жылы абаттандырылатын аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің тізімін дайындап жатырмыз», деп жазды.