• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Ауыл 16 Қазан, 2020

Қараусыз мал қамауға алынады

387 рет
көрсетілді

Қостанай облысының мәслихат депутаттары мал ұстауға қатысты жаңа ереже қабылдады. Енді қарау­сыз жайылып жүрген жануардың иесі әкімші­лік жауапкершілікке тартылып, 8 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайтын болады.

 

Облыстық Полиция депар­таментіндегі кри­ми­нал­дық полиция басқар­масының бастығы Мейрам Базарбаев мал ұрлығы көбінесе үй жан­уар­ларын қараусыз жібе­ре салудың салдарынан болатынын айтады. Жыл басынан бері полиция қараусыз кетіп қалған 114 бас малды тауып,­ иел­еріне қайтарып берген. Ай­мақ­та мал ұрлығына қа­тысты 145 оқиға тірке­ліп отыр. Басқарма басты­ғының айтуынша, биыл мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда үш есе азайған. Ал аса ірі көлемдегі мал ұрлығы 60%-ға төмендеген.

Түлікті қараусыз жібе­ріп, кейін көз жазып қалған соң малым ұрланды деп полицияға шағым түсіретін тұрғындар жиі кездеседі. Таяуда ғана Қамысты ауданында дәл осын­дай жағдай орын алған. Тұр­ғындардың бірі үйдің маңында жайылып жүрген құны 300 мың теңге тұратын сиы­ры­ның  ұрланғаны туралы арыз жазған соң полиция дереу мал іздестіру шарасына кірі­седі.

– Алдымен іздестіру тобын жасақтап, ауылдың маңын екі күн бойы айнала шолып, тас жолдағы жүк көліктерін тоқтатып, тексердік. Сөйтсек көк сиыр қолды болмапты, өріс­­те алаңсыз күйіс қайы­рып жатыр екен. Егер тұр­ғындар малын таңбалап, қараусыз қалдырмаса мұн­дай келеңсіз оқиғалар  бірнеше есе азаятын еді. Бізге келіп түскен әрбір арыз ресми түрде тіркеліп, мал ұрлығына қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары тағайындалады. Одан кейін адам шығарып, техника бөліп жедел іздестіру шарасын бастаймыз. Осы­лайша тұрғындардың сал­­ғырттығы полицияны бос әуре-сарсаңға салып қоя­тын кездер жиі болып тұрады, – дейді аудандық поли­ция бөлімінің бастығы Ерлан Мусин.

Мәслихат депутаттары қа­­был­даған жаңа ережеге сәйкес, енді әр ауылдық округ­те қараусыз жүрген жануар­ларға арналған қа­мау орындары пайда болады. «Тәртіп бұзған» түлік осы малқамаққа қамалып, айыппұлы төленген соң ғана иесіне қайтарылды.

Осы орайда, Қостанай облы­сының егін шаруашы­лығы жақсы дамыған сол­­түс­тік аудандарында жер­гілік­ті тұрғындар ауыл­дың маңынан мал жаятын қо­лайлы өріс таба алмай отырғанын ай­та кету керек. Көптеген ауыл­дың айналасындағы қолайлы жайылымдарды ірі шаруа­шылықтар мен­шік­теп ал­ғандықтан, жекенің ма­лына тұяқ басар жер қал­май қалып отыр. Жергі­лік­ті әкімдіктер тұр­ғын­дардың жеке малына деп арнайы бөлген жайы­лым, біріншіден, ауылдан шал­ғай болса, екіншіден, құ­нар­сыз жерлер болып жатады. Мұндай жайылым­дар күз болмай шаңы шығып, қара тақырға айналады. Ал ауыл халқы азын-аулақ малын көбейте алмай әлек. Мәслихат депутаттары енді осы мәселені шешуге күш салса игі...

 

Қостанай облысы