• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қазан, 2020

Экологиялық қылмыс өршіп тұр

322 рет
көрсетілді

Қостанай облысында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы басталды. Екі күннен бері облыс аумағында 22 мобильді топ рейд шараларын өткізуде. Әр мобильді жасақтың құрамында табиғат қорғау полицейлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, орман шаруашылығы және басқа да мүдделі қызметтердің мамандары бар.

Табиғат қорғаумен айналысатын полиция басқармасының мәліметіне сенсек, соңғы 9 ай­­дың ішінде облыс аума­ғында 498 құқық бұзушы әкім­­шілік жауапкершілікке тар­­тылыпты. Оның 197-сі аң­­шылық, 301-і балық аулау ере­желерін бұзған. Табиғат байлығына заңсыз қол сұққан сұғанақтарға жалпы мөлшері 5 млн теңгенің үстінде әкім­шілік айыппұл салынып, бү­гінге дейін оның 4 млн теңгесі өн­діріліп алынған.

Мұның сыртында, табиғат сақшылары заңсыз аңға шығу, сирек кездесетін жабайы жануар­ларды ату, жасыл ағаштарды кесу сияқты экологиялық қыл­мыстарға қатысты жалпы саны 31 қылмыстық іс қозғап отыр. Полицейлердің айтуынша, қазір екі қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жіберілген.

– «Браконьер» шарасының мақсаты – табиғатты қорғауды күшейту және экологиялық қылмыстарға тосқауыл қою. Мәселен, 5 қыркүйектен аңға шығу маусымы басталғалы, табиғат қорғау жөніндегі заң талаптарын бұзған 78 адам­ның үстінен әкімшілік хат­тама толтырылып, 800 мың тең­геден астам айыппұл салын­ды. Сондай-ақ Қылмыстық ко­декстің «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша 4  қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүріп жатыр. Қазіргі таңда аймақта табиғатты қорғау заңн­амасын сақтау мәселесіне қатысты бақылау күшейтілді, – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғат қорғау полициясы бө­лімінің аға инспекторы Ға­зі­ретәлі Әлімғазин. Аймақта жү­ріп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасы қараша айының 11-іне дейін жалғасады.

 

Қостанай облысы