Елорданың Байқоңыр ауданында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz
"Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесі қалыптасуының 25 жылдығы қарсаңында жаңа өрт сөндіру депосын қабылдап отырмыз. Осы жыл еліміз үшін экономикалық ахуалға, пандемияға байланысты ауыр болып тұр. Дегенмен, біздің ұжым жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимылдардың арқасында төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда әділ әрі лайықты қызмет атқаратын болады. Мемлекеттің, жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында жылдан жылға өрт сөндіру қызметінің жарақтандырылуы жақсарып, жаңа бөлімдер ашылып жатыр. Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы бізге байланысты. Сондықтан әділ әрі құтқарушы деген мәртебелі атаққа лайық болыңыздар", деді салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Ал Алтай Көлгінов әкімдік өртке қарсы қызмет нысандарының құрылысына және азаматтық қорғау органдары үшін апаттыұ-құтқару техникасын сатып алуға көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.
"Мерекелеріңіздің қарсаңында халыққа қызмет ететін, өрт қауіпсіздігін сақтап, азаматтардың ұйқысы тыныш, өмірі қауіпсіз болу үшін қызмет ететін өрт сөндіру депосы пайдалануға беріліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласы күннен күнге өсіп келеді. Елбасымыздың кезіндегі тарихи шешімінің арқасында елордамыз әлемге танымал үлкен қалаға айналды. Қала өскен сайын халық саны көбейеді. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Осы орайда құтқарушылар - сіздер азаматтар ұйықтап жатқанда немесе мереке кездерінде аянбай еңбек етесіздер. Сіздерге түсер салмақ үлкен. Оны абыроймен атқарып келесіздер. Сол үшін әкімдік атынан ризашылығымды білдіремін", деді елорда әкімі.
Сондай-ақ шара барысында Юрий Ильин мен Алтай Көлгінов елордалық жедел ден қою және төтенше жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсету үшін гарнизонға өрт техникасы мен реанимобильдердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, қызметкерлерге жаңа өрт сөндіру депосының жобасы аясында жүзеге асырылған қызметтік тұрғын үйдің кілттері берілді. Жоғары көрсеткіштері мен кәсіпқойлығы үшін көзге түскен қызметкерлер ведомстволық наградалармен марапатталды. Мұнан бөлек, министр мен әкім арасындағы Нұр-Сұлтан қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жаңа төрт қабатты өрт сөндіру депосының ғимараты Нұр-Сұлтан қаласының Алаш ауданында салынды. Өрт сөндіру бөлімінің жалпы ауданы - 4 мың шаршы метр, 6 машина орны бар.
Депоның соңғы қабаттарында елордалық гарнизон қызметкерлері үшін жатақхана қарастырылған, онда 27 тұрғын бөлме мен жайлы пәтерлер орналасқан. Өрт сөндіру депосы Байқоңыр ауданының аумағына қызмет көрсетеді. Өрт сөндіру депосының қызмет көрсету аймағына тіршілікті қамтамасыз ету, сауда нысандары, өнеркәсіптік базалар мен қоймалар, саяжай алаптары кіреді.Сонымен қатар, Ақмола гарнизонымен өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес ТЖ-ны жою кезінде көмек ретінде бұл бөлім Қоянды, Софиевка тұрғын үй алаптарына барады.