Елорда полициясы бір тәуліктің ішінде карантин режимін бұзудың 65 фактісін анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, карантин режимін жиі бұзатын дәмхана, мейрамхана, караоке, бар, сауда орталықтары ерекше назар алынған. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілеріне күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер жүргізіп, карантин режімін бұзушыларды анықтап, оларды жауапкершілікке тартады.
Сонымен қатар көңіл көтеру орындарына барып, олардың иелеріне карантин шараларының қолданыста екендігін ескертіп отырады.
"Нұр-Сұлтан полициясының қызметкерлері Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдерімен бірге бір тәуліктің ішінде 195 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, карантин режимін бұзудың 65 фактісін анықтады. Атап айтқанда, Тұран көшесінде орналасқан "ZOLOTO" мейрамханасында сағат 23:01 кезінде шамамен 100 қонақ болған. Мейрамхана әлеуметтік арақашықтықты сақтамай қызмет көрсеткен. Көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып және бір үстелге 4-6 адамнан аспайтындай етіп отырғызып, күшейтілген санитарлық-профилактикалық іс-шараларды сақтаумен, жұмыс күндері және демалыс күндері сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс кестесін орындамаған", деп атап өтеді департаменттен.
Сонымен қатар, түнгі сағат 02:00 шамасында 102 арнасына Қонаев көшесіндегі үйдің тұрғындарынан "CABERA" дәмхана-барында музыка дауысы қатты шығып тұрғаны туралы шағым түскен. Шақырту орнына жедел аттанған полиция қызметкерлері дәмханада карантинге қарамастан музыка дауысын қатты қойып, билеп жүрген адамдарды анықтады.