Қазақтың шежірелі тарихында көне Сарайшық қаласының алар орны бөлек. Өйткені сан ғасырлық көмбесі әлі толық ашыла қоймаған бұл қаланың кезінде үш мемлекеттің астанасы болғаны белгілі. Енді міне, жақында әуелі Алтын Орда мен Ноғай Ордасының, кейін Қазақ хандығының бас шаһары атанған Сарайшық қаласынан ерекше қабірхана табылып отыр. Тарихи деректерге сүйеніп, зерттеу жүргізген археологтар оны ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін деген болжамға тоқтам жасап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осыған орай тарихшылар мынадай бірнеше дәлелді деректі алға тартады. Біріншіден, 1840 жылдары Жәңгір хан Бөкейханұлы Сарайшыққа келгенде ұлы атасының басына белгі қойып, "хан моласы" аталатын жерді қоршатқан екен. Бірақ, арада жылдар алмасқан сайын аталған белгі жоғалып кеткен. Оны әлдебіреулер әдейі жоқ қылды ма, әлде басқалай себебі болды ма, бұл әлі күнге белгісіз.
Екіншіден, былтыр атыраулық ғалымдар Ресей мұрағатынан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауып әкелді. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, "әулие-склеп" деп белгілепті. Ол өзі көрген "хан моласын" күмбезді әрі еңселі кесене болғанына сипаттама беріпті. Оның жазуынша, күмбездің үш жағында терезесі, ал шығысында есігі болған.
Үшіншіден, жергілікті археологтардың зерттеуіне қарағанда, Алексей Алексеев келтірген деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен сәйкес келетіні анықталыпты.
Тарихшылар Орта ғасырда Ұлы Жібек жолы бойында бой көтеріп, сол дәуірдегі өркениетті қаланың біріне айналған Сарайшықтың дәуірлеген тұсын Қасым ханның есімімен байланысты өрбітеді. Оның үстіне мұндағы хандар пантеонында жерленген жеті ханның бірі – Қасым хан екені де археологтардың ел тарихына зор үлес болып қосылатын олжасының бағалы екенін арттыра түседі.
"Соңғы жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Ханның жерленген орнын анықтау мақсатындағы экспедициямыз жемісті болды деуге болады. А.Алексеевтің жазбасында айтылған мәліметтер мен қазылып жатқан қабірхананың сәйкестігі 99 пайызға расталып отыр", – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар.
Экспедиция археологтары Қасым хан кесенесінің құбыладан шығысқа қарай созылған 8 метрлік іргетасын қазып шығарды. Іргетас терістікке қарай тағы 8 метрге созылады делініп отыр. Археологтар күрегінің ұшы жерленген сүйектерге де жетті. Енді сүйектерді бүлдірмей алу міндеті тұр. Бұл үшін қабірхананың үстіне бертінде пайда болған зираттағы сүйектерді өзге жерге көшіру керек. Осыған байланысты жергілікті имам мен зиратқа жерленген марқұмдардың ұрпақтары тиісті рұқсатын берір отыр.
Тарихшы Әбілсейіт Мұхтардың айтуына қарағанда, археологиялық қазба жұмысы келер жылы басталып, кесене аумағын тазалауға қолға алынбақ. Сол кезде зерттеу жұмыстарына антропологтарды, археологтар мен этнограф-ғалымдарды тарту жоспарланыпты. Аумағы үш шаршы шақырым болатын көне қорымда 90-жылдардан бері археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеу жұмыстары тоқтаған емес.
Қасым ханға қатысты жаңа дерек облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовті де елең еткізді. Әкімнің айтуынша, Алтын Орданның 750 жылдығы қарсаңында қуатты мемлекет құрған Қасым ханның жерленген орнының анықталғанын жақсылыққа балаған жөн. Өйткені ел тарихында ерекше орны бар көрнекті тұлғалардың бастауындағы Қасым хан қазақ хандығын қуатты мемлекет ретінде нығайтып, саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеген елге айналдырды. Қасым ханның дәуірінде халық саны бірнеше есеге өсіп, иелік ететін жер аумағы кеңейді. Әскерінің саны мен сапасы артқанына көне тарих куә.
"Археологтарымыз мемлекет бастауындағы тарихи тұлға Қасым ханның жерленген орны табылғанына болжам жасап отыр. Алдағы зерттеу, анықтау жұмыстарының нәтижесімен бұл болжам расталса, ұлттың тарихына қосылар құнды дерек болады деп ойлаймын. Елбасының қолдауымен, Президенттің тапсырмасымен еліміз тәуелсіздік алғалы бері ұлттық тарихымызды түгендеу тұрғысындағы зерттеу жұмысы қарқын алды. Содан бері тарлан тарихтың ақтандақ беттері ашылды. Бұл дерек те ұлт санасын жаңғыртып, елдің ұлттық бірлігін нығайтуға оң әсер етеді", – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.