Қызылорда қалалық Полиция басқармасы басшылығының бастамасымен қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында 15-31 қазан аралығында "Қауіпсіз қала" іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шара аясында Полиция басқармасы қызметкерлері, қалалық әкімдік, прокуратура, мемлекеттік санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, "Жас Отан" өкілдері және еріктілер өткізген рейд кезінде 2 күнде 53 құқық бұзушылық дерегі анықталды.
Мәселен, қала орталығындағы көшелердің бірінде мобильді топ "Тойота Камри" маркалы автокөлігін тексеру үшін тоқтатады. Тексеру кезінде жүргізушінің тиісті құжаттарсыз көлікті басқарғаны анықталып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
Бұдан бөлек, қала орталығында орналасқан компьютерлік клубтардың бірін тексеру барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта жүрген кәмелетке толмаған 4 жасөспірімді анықтады. Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды және профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Бүгінгі күні қатаң шараларға қарамастан карантин режимін бұзу оқиғалары азаяр емес. Екі күннің өзінде облыс орталығының өзінде 23 дерек анықталды. Кеше, яғни 18 қазанда Қызылорда қаласының тұрғыны өз ауласында санитарлық нормалар мен талаптарды сақтамай той ұйымдастырған. Сол жерде полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімдеп, толтырды. Аталған дерек бойынша құжаттар жинақталып, тиісті шара көру үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.