• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2020

ПИК-тің орнына – жаңа ұйым

263 рет
көрсетілді

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізіл­ген түзетулер биылғы қаңтар айынан бастап күшіне енді. Ендігі кезекте пәтер иелері кооперативтері (ПИК) орнына жаңа ұйым құрылады. Аталған жаңашылдық «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципіне негізделген.

Меншік иелерінің бірлестігін мемлекеттік тіркеу және оның тиімді атқаратын қызметі туралы ANTIKOR LIVE жобасы аясында «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйым­дастыруымен өткен эфирде Шығыс Қазақстан облысы Әді­лет депар­таментінің тіркеу қыз­меті сала­сындағы әдістемелік қам­тамасыз ету және бақылау бөлі­мінің басшысы Сержан Мұхамед­жанов айтып берді.

– 2019 жылдың 26 желтоқсанын­да «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңға қол қойылды. Атал­­ған заң осы жылдың 7 қаң­­тарынан бастап күшіне енді. Заңда ТКШ-ны басқарудың жаңа те­тіктері қарастырылған. Ең басты қағида: бір үй – бір бір­лес­тік – бір есепшот. Әрбір көппә­те­рлі үйдің тұрғындары арнайы жиналыста бірлестік немесе қарапайым серік­­тес­тік құру туралы шешім қабыл­дайды. Меншік иелерінің бірлес­тігі – заңды тұлға ретінде коммер­ция­лық емес ұйым. Ол тұрғындардың өз ішінен құ­ры­лады. Тұрғындар жиналысында үш жыл мерзімге көппәтерлі тұр­ғын үй кеңесі және ревизиялық ко­мис­сия сайланады. Сондай-ақ бір жыл мерзімге бірлестік төр­аға­сы белгіленеді. Заң күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде көппәтерлі тұрғын үй иелері жиналыс өткізулері тиіс. Жиналысқа тұр­­ғын­дардың кемінде 51%-ның қа­ты­суы міндетті. Яғни тұрғын үйде 100 пәтер бар деп есептесек, жи­­на­­лысқа кемінде 51 пәтер иесі қа­­ты­­­суы керек және қабылданған ше­шім­­­ді кемі 26 меншік иесі қол­дауы тиіс. Жоғарыда айтып өт­кенім­­дей, жиналыста үй кеңесі, реви­­зиялық комиссия, бірлестік төр­­ағасы және басқару формасы анық­талады, – дейді Сержан Мұхамеджанов.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақ­стан облысы бойынша жалпы 6 меншік иелерінің бірлес­тігі құжат тапсырған, алайда олар­дың қол­да­ныстағы заңға құжат­тары сәйкес келмегендіктен, тіркеу­ден бас тартылды. Кеше құжат­тары қолданыстағы заңға сәйкес келе­тін алғашқы меншік иелері­нің бір­лестігі құрылып, мемле­кет­тік тіркеуден өтті. Оның атауы «Астана көшесі, 6» меншік иелері­нің бір­лестігі деп аталады.

Сонымен қатар Сержан Мұха­мед­жанов пәтер иелері кооператив­тері бойынша мәселеге тоқталды:

– Пәтер иелері кооперативтері бір күн ішінде жабылып қалмайды. Пәтер иелері алдындағы міндет­терін қанағаттанарлық дәрежеде ат­қарған, тұрғындардың көңілі­нен шыққан пәтер иелері коопе­ра­тив­терінің жұмысын жалғас­тыру­ға мүмкіндігі бар. Бірақ ол коо­­пе­ра­тивтер 2022 жылдың 1 шілде­сіне дейін ғана жұмыс істейді. Ал одан кейін бұл кооперативтер бас­қарушы компания немесе сервис­тік ұйым ретінде қайта құрылып, қызметін жалғастыра алады.