"СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аппараттық кеңесінде ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында жұртшылық пен сарапшыларды тарта отырып жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары бойынша ұсынымдарды орындаудың аралық нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz
Компания COVID-19 пандемия жағдайында медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету тиімділігін айтарлықтай төмендеткен мәселелер кешенін жоюға бағытталған қызметті "қайта жүктеу" бағдарламасын қарқынды іске асыруда.
Атап айтқанда, Антикор талдау аясында жоспарлау жүйесінің жетілмегендігіне, адами фактордың сатып алу жүйесіне ықпалына, ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын іске асыру кезіндегі тәуекелдерге, логистика жүйесіндегі кемшіліктерге, гуманитарлық көмек алу және бөлу тетігінің жетілмегендігіне, ішкі бақылау тетігіндегі олқылықтарға, кадр саясатындағы тәуекелдерге және жоғары әкімшілік шығындарға назар аударды.
Анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары азаматтық қоғамның 20-дан астам өкілінің, оның ішінде Рахым Ошақбаевтың, Әмір Сүлейменовтің, Саид Таукеловтың қатысуымен іске асырылуда.
Сатып алуды жетілдіру бөлігіндегі негізгі басымдық олардың электрондық форматқа толық көшуіне, сондай-ақ тендерлік рәсімдерді автоматтандыруға бағытталған. Атап айтқанда, оларды өткізу мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін азайту және әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тендерлік құжаттаманың санын 15-тен 2-ге дейін қысқарту жоспарлануда.
Жеке бағыт – компанияның ақпараттық жүйелерін емдеу схемалары бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелерімен біріктіру. Бұл – жоспарлау тәртібін және өңірлерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді арттырады.
Азаматтардың сын-ескертпелерін ескере отырып, орфандық аурулар бойынша (мысалы, муковисцидоз) дәрілерді сатып алу мәселелерін шешу жолдары пысықталуда.
Дәрі-дәрмектерді сатуда контрафактіні болдырмау мақсатында "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды таңбалаудың және бақылаудың пилоттық жобасын іске асыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Пандемияның екінші толқынына дайындық аясында СҚ-Фармация 5,96 млрд теңгеге 37 дәрі-дәрмек түрін сатып алды. Стационарларға жалпы құны 18,1 млрд. теңге болатын 91 атау жеткізілді. 10 млн бетперде, оның ішінде 392 млн теңгеге 500 мың балалар бетпердесі сатып алынды.
Дәріханалар коммерциялық ұйымдар ретінде дәрі-дәрмектерді өздері сатып алады. Соған қарамастан, пандемияның бірінші толқынындағы тәжірибені ескере отырып, Үкімет Қаулысымен "СҚ-Фармация" ЖШС-не әрі қарай бөлшек сауда желісінде сату үшін дәрі-дәрмектерді көтерме сатып алу бойынша өкілеттік берілді. Осылайша, COVID-19 емдеу бойынша препараттар тапшылығы туындаған жағдайда "қауіпсіздік көпшігі" қалыптастырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Адалдық алаңы" жобасының желісі бойынша жұртшылықпен бірлесіп СК-Фармация мен денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларындағы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемінің болуына мониторинг жасауды жалғастырады. Сонымен қоса, бағаны негізсіз қымбаттату бөлігінде коммерциялық дәріханалық желілері мен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында медициналық ұйымдар жанындағы дәріханаларға да мониторинг жүргізілуде.
Белсенді азаматтарды жұмылдыру арқылы гуманитарлық көмек жеткізілуде. Агенттіктің ұсынысы бойынша шетелден келген гуманитарлық жүктерді бағыттау рәсімдерін жеңілдету үшін жаңа үлгі әзірленді.
Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап елімізге 10 млн астам медициналық бетперде мен респираторлар, 3,6 млн қорғаныш костюмдері мен құралдары, 370 мың ПТР-тестілер, дәрілік заттармен қатар 29 ӨЖЖ аппараттары келді. Таяуда "Шеврон" компаниясынан 400 мың дана бір реттік қорғаныш костюмі түрінде гуманитарлық көмек күтілуде.
Әкімшілік шығындарды оңтайландыру бөлігінде үй-жайларды жалдауға, іссапарларға, ақпараттық-имидждік сүйемелдеуге және полиграфиялық қызметтер көрсетуге арналған шығындарды қысқарту есебінен 239,7 млн теңге үнемделді.
Айта кетейік, осыған дейін "Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-да Антикор жүргізген талдау – бизнес-үдерістерді қайта қарауға, тиісті шығындарды оңтайландыруға ықпал етті. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет жыл сайын 1,3 млрд теңгеге үнемделетін болды.