• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

Жаһанда жаңғырған Түркістан

1116 рет
көрсетілді

Ерте кезден Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен кесенесі Түркі дүниесінің киелі рухани құбылысы болғанмен, тарихи шаһардың тағдыры да, жөні де бөлек. Кесене ХІІ ғасырдағы ақын, ойшыл, ағартушы, сопылық ілімінің негізін қалаған Қожа Ахмет Яcауидің құрметіне салынған. Ел арасында дәстүрлі атауы – «Әзірет Сұлтан». Қала ныспысына келсек, ХVІ ғасырдан бастап құжаттарда «Түркістан» деп жиі қолданылады.

2018 жылы 19 маусымда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру ту­ралы Жарлыққа қол қойды. Облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Бүгінде Тұңғыш Президенттің тарихи бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанды дамыту мақсатында Үкімет пен жергілікті әкім­дікке жүйелі тапсырма беріп, тікелей өзі қадағалап келеді. Түркістанды тү­ле­тіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұң­ғыш Президентіміздің назарында. Ежел­гі Түркіcтанның жаңғыруы және жа­ңа­руы даму жолымыздың дұрыстығын көр­сетеді. «Президент ретінде алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет деңгейінде Түркістан қаласын да­мытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған арнайы заң мен 5 қаулы қабылданды. Ескі де жаңа облысты дамытудың «2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына» сәйкес 5 жылға арнап 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді.

Түркістан облысының құрылуы Қазақстанның мүддесі үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия өңірінің экономикасы үшін аса пайдалы. Ірі өндірістік нысандар мен білім беру кешендері осы облыста шоғырланғаны мәлім. 1991 жылы Елбасының бастамасымен Түр­кістанда Қазақ-түрік халықаралық университеті құрылды. Оған Яcауи есімі тегін берілген жоқ. Қазір мұнда бәсекеге қабілетті студенттер, оның ішін­­де шетелдіктер де білім алып жатыр. Оқу орны ұлттық, халықаралық рейтингте жетек­ші орында.

Түркістанның діни, мәдени орталық болумен бірге, аймақтық бизнестің дамуына, өмір деңгейі сапасының өсуіне тигізген ықпалы да аз емес. Сосын бір айта кетер жайт – Түркістан туризмінің әлеуеті әлі алда. Бүгінде мұнда туризм кластерін қалыптастыруға шетелдік миллиардтаған қаржы салынып жатады. Иә, Түркістан – дайын туризм ордасы. Ол «Жібек жолының», «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында тұр. Қалыптасқан қатынас жүйесі бар. Сондықтан Түркістанға жеткілікті, тиімді менеджмент жүйесі мен қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру керек. Экономика жақсарса, халықтың демографиялық өсімі артады, тұрмысы артады. Демек, бұл қазақ қоғамы үшін – экономикалық, саяси, рухани үш жақты пайдасы бар бастама.

Түркістан облысының өзіне келсек, стратегиялық шешімді қажет ететін мәселе әлі де бар. Аймақтың 80 пайызы дотацияда отырғандықтан, ең төменгі атаулы табысқа ие азаматтардың үлесі көп. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың ең жоғары үлесі 46 пайыздан асады. Сонымен қатар бұл көрсеткіш кем дегенде соңғы бес жылда жақсы жаққа өзгерген жоқ. Бұл проблема білім беру саласындағы кемшіліктер және табысты жұмысқа орналасудың шектелуіне байланысты. Сондықтан жастардың көбі Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге қалаларға жұмыс іздеп кетеді. Енді бұл мәселе біртіндеп шешімін табады деп ойлаймыз. Ауылдық жерлердің 27 пайызы ауызсумен қамтамасыз етіл­ме­ген. Осы жағын басшылық ескеруі керек.

Түркістан қаласы ежелгі түркілік негізін жаңа заман аясында жоғалтпай, нағыз ұлттық мәнін сақтап, төлтума мазмұнын жаңғыртып келеді. Облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар көп. Бастысы, халықтың өзі қиын кезең­де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шыға­рып, өңірге тән ұйымшылдығы мен ең­бек­қорлығын көрсетті.

Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта Түркістан аймағы қарқынды дамуға көшеді. Яғни Шымкент қаласы­мен табиғи бәсекеге түсіп, адами капиталын да, жалпы дамуды да өрлете алады. Елбасы Түркістан облысын құруды жоспарлап, пәрмен бергенде алғаш ин­фрақұрылым жасап, құрылысты дереу бастайтынын айтқан-ды. Мұнан кейін халық шоғырлана түседі. Мектептер салынады. Әлеуметтік нысандар көбейеді. Оның бәрі дамуға жаңа қуат береді. Қазіргі кезде бұл жұмыстар кезең-кезең­мен іске асып келеді.

Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде рухани қалаға зиярат етушілер саны жылына 1 млн-нан асқан. Оның 160 мыңы – шетелдіктер. Болашақта бұл көрсет­кіш еселеп артады. Себебі туристік әлеует­ті толық жүзеге асыру мақсатында «Түр­кістан халықаралық әуежайы» соғы­лып, Түркістан-Шымкент, Түркіс­тан-Ташкент жүрдек пойыздарын жүргі­зу қолға алынды. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін ха­лық­аралық автовокзал құрылысын бас­тау қарастырылған.

Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Көне шаһар шынайы түледі. Тарих үшін аса қысқа ғана уақыт ішінде Түркістанда адам қызығарлық істер ат­қарылып жатыр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қар­сы бетіндегі 12,3 гектар жер аумағына ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандар бой түземек. Ясауи кесенесінің 88,7 гектар аумағында бекініс қорғаны мен арбат, оның бойындағы ғимараттар толық жаң­ғыр­тылмақ.

Әуелі қаланың бас жоспарына ха­лық­аралық байқау жарияланды. Ин­вестициялар және даму министр­лігінің болжауынша, жаңа бас жоспар 2 кезең бойынша жүзеге асады.

Біріншісі, түркі әлемінің мәдени рухани орталығы және Түркістан облы­сының орталығы ретіндегі Түркіс­тан қаласының бас жоспары тұжы­рым­дамасы. Нұр-Сұл­танды салу тәжі­рибесі ескеріліп, кешенді жұмысқа «Астана бас жоспарын» тарту немесе оның Түркістан қаласында филиалын ашу айқындалды.

Екіншісі, 2050 жылға дейінгі тұжы­рымдаманы ескеріп, қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспар бағыты. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол кар­тасы әзірленіп, барлық мүдделі мем­лекеттік ұйымдар белсенді тартылады.

Түркістан қаласы аумағында кәсіп­керлерді, оның ішінде бизнеске енді араласқан жастарды ынталандыру ісі жүргізіліп келе жатыр. Осы бағытта кә­сіп­ті дамытуға ерекше ден қойып, мем­лекет жеңілдіктерін пайдалану мақсатында оңтайлы жобалар жүзеге асады. Өткен жылы Түркістанда алғаш рет жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Damdi Turkistan» тағамдар фестивалі, балалар бизнес жәрмеңкесі секілді жаңа жобалар қолға алынды. Сондай-ақ жастардың бойындағы қабілетін ұштай түсетін жобалар қатары да аз емес. «Пәтержай», «Шабыт» кештері өнер­паз жастарға кең мүмкіндік ашқан. Саламатты өмір салтын өрістететін «Turkistan bike» жобасы іске асты.

Өткен жылы атқарылған жұмыстарға есеп берген қала әкімі Рәшид Аюпов қаланы халықаралық деңгейде дамытып, шаһардың рухани негізін сақтай отырып, заман талабына сай жаңалықтармен ұштастыруға басымдық беретінін мә­лімдеді. Әкім әлеуметтік желі арқылы халықтың көкейіндегі сауалдарға назар аударып, байланыс орнатуы көптің көңілінен шықты.

Түркістанның облыс ретінде дамуы тізгінді Елбасы сеніп тапсырған әкім Өмірзақ Шөкеев тұлғасымен, іскер­лігімен байланысты. Оның ғаламат ісі талай облысты, қаланы, министрлікті басқарғанынан байқалды. Нақты жұмыс­тың адамы. Осыдан 20 жыл бұрын жұбайым, академик Серік Қирабаевпен Қостанайға іссапарлап бардық. Сол кезде Ө.Шөкеев осында облыс әкімі еді. Алғырлығын, жергілікті халықпен етене жұмыс жүргізіп жатқанын көрдік. Оңтүстіктен келген лайықты көштен елдің тынысы ашылғанын байқадық. Бұл ел мен елді жалғастыру, өндіріс пен ауыл шаруашылығын қатар дамыту жолы еді. Сонда Өмірзақ Естайұлы мұндағы өндіріс орындарына намысты, елшіл мамандарды тарта алды.

Дей тұрғанмен Түркістанды түлетуге байланысты Елбасы тапсырмасы мен Президент пәрменінің жөні бөлек. Әкім алдына айқын мақсат қойып, көне шаһарды Тәуелсіздік талабымен дәстүрлі қолөнершілік пен заманауи кәсіпкерлікті үйлестіре дамыта білді. Өмірзақ Естайұлының ойынша, тоғыз жолдың торабына орналасқан қала ірі сауда, өнеркәсіп, өндіріс, ғылым, білім ошағы ретінде өркендеуі тиіс. Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға, сондықтан мұнда әлемдік деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыру қажет. Елдің күнделікті тіршілігін қамтамасыз етіп, газ, электр жүйесін, жасыл белдеуді тұ­тас­тандыра беру керек.

Бұл орайдағы жоспар ауқымды. Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Екінші бағыт – кооперативтерге бірікпейтін 2-3 гектар жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын енгізу. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың алғашқы нәтижесі де көрінді.

Түркістанның идеологиялық бағы­ты жөніндегі ұстанымда айқын. Бірін­шіден, қалаға келген әр адам Қазақ мем­лекетінің күллі басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы керек. Екіншіден, қаланы қолөнер орталығы ретінде дамыту. Алдағы уа­қытта ұлтымыздың ұмыт қалған қол­өнері мен зергерлік өнерін, ұлттық құндылықтары мен кәсіп түрлерін жандандырып, кәсіпорындар ашылмақ. Үшіншіден, Түркістан өркениет, сауда, өндіріс, туризм орталығы ретінде кешенді дамытудың тетіктері дайындалады. Төртіншіден, «Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға» бағыты бойынша Түркістанда республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынбақ.

Түркістан – түркі әлемінің ең ірі зия­рат ететін орталығы. Бұл – Ұлы Жібек жолының бойындағы әрі ескі, әрі жасампаз қала.

Шаһарды дамытудағы негізгі ба­ғыт – туризм. Бұл мақсатта алдымен жәді­гер қаланы халыққа насихат­тау маңызды. Осы ретте өткен жылы Түр­кістан дүниежүзілік «Біріккен қала­лар және жергілікті билік» ұйымына мүше болғанын айта кеткен жөн. Соның арқасында тарихи шаһар 100-ден аса елде таныстырылып, жарнамаларда көрсетілді.

Түркістанның басты нышаны да жаңа келбетке енді. Логотип мазмұны «Мәңгілік елдің дара жолына» негіз­дел­ген. Бұл әрбір орын-мекемеде, кәде­сыйларда бейнеленді.

Қаланы табиғи отынмен қамтамасыз ету, атап айтсақ, газбен қамту толық аяқ­талуға жақын. Қала әкімдігі облыс бас­шылығының тапсырмасын өз межесінде орындауды көздеп отыр. Оған толықтай негіз бар.

Қазір Түркістан қаласының барлық аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Инфрақұрылым жаңарып, жол төселіп, көше бойындағы арықтар қал­пына келтірілді. Көрінісі көзді арбайтын ғимараттар бой көтерді.

Жобаға сәйкес Түркістанда 170-тей жаңа нысан салу жоспарланған. 30-дан астам ірі нысанның құрылысы 2018 жы­лы басталған. Елбасы тапсырмасымен әрбір облыс пен ірі үш мегаполис Түркістанға бір-бір нысаннан тарту етіп жатыр.

2019 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталды. Олар: облыс әкімдігі ғима­раты (Түркістан облысы), «Нұр-Сұл­тан» алаңы (Нұр-Сұлтан) қаласы, медиа­орталық (Алматы қаласы), олимпиада резерві спорт мектебі (Солтүстік Қазақ­стан облысы), музыкалық мектеп (Батыс Қазақстан облысы), Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар), шығыс моншасы (Қызылорда), қабылдау орталығы (Жамбыл облысы), музыкалық субұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы), амфитеатр (Маңғыстау), неке сарайы (Қостанай), «Түркістан» автобекеті (жеке инвестор).

Ал биыл 70 нысан пайдалануға берілуі тиіс. Нәтижесінде 6 300 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілмек.

2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бұл – талай отбасы баспанаға ие болады деген сөз.

Түркістан облысы мен қаласынының құрылыс нысандары өңір басшысының Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қада­ғалауында. Елбасы аманаттаған жауап­кершілікті Президент пен Үкімет басшысы да терең түсініп, сәтімен бақылап отыр. Коронавирус індеті кезеңінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, ғимараттардың құрылысын тоқтатпау – ортақ елдік іс болып тұр.

Биыл пайдалануға берілген аса маңыз­ды нысандардың ішінде халықаралық әуежай, драма театр, саябақ, «Hampton by HiltonTurkestan», «Rixos», «Нұр Аспан» қонақүйлері, облыстық басқармалар ғимараты, аумақтық департаменттер үйі, конгресс орталығы, УЕФА жүйесіндегі стадион, жабық бассейнді спорт кешені, оқушылар сарайы, ғылыми-әмбебап кітап­хана, «Ұлы дала елі» орталығы, цифрлы кеңсе Отанымыздың мерейін өсірді. Мұның бәрі – Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы нақты қадамдар.

Бір кезде Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанды қайта жаңғырту – тарих алдындағы әділеттілік. Бұл – жаһандық жаңалық. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген ше­шімін – тарихи бетбұрыс деуге толық негіз бар. Елбасы 1992 жылы: «Бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз» дегені есімізде. Ұлы дала тарихы мен бүгінді, Азия мен Еуропаны, Еуразия өңірі мен әлемді жалғастырып жатқан шұғылалы шаһардың болашағы жарқын деп ойлаймыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаев­тың Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастауын­да да үлкен мән бар. Сонда Мемлекет басшысы: «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаң­ғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген еді.

Тарихи тұлғаларды бесігінде бөлеген Түркістанның бағы таймасын, баян­ды бүгіні мен келешегі ұзағынан сүйін­дірсін.

 

Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ Экология-география зертханасының жетекшісі