Баланың лего құрастырғанындай Өскеменнің 19-шағын ауданына көпқабатты үйлерді бірінен соң бірін салып-ақ жатыр. Алыстан қарасаңыз, сәулетіне көз тояды. Ал сапасы талайды сан соқтырған.
Сапасыз үй, көңілсіз күй
19-шағын аудан. Қабырғасы қопсыған қызылды-жасылды үйлер. Маңайында сатыр-гүтір құрылыс. Ерсілі-қарсылы ағылған ауыр техника. Күздің толассыз жаңбырында толарсақтан батпақ кешіп, мектепті бетке алған оқушылар, төбесінен су тамшылап, жарығы жалп-жалп өшіп қалатын үйлердің наразы тұрғындары. Болашағы жарқын деген ауданның бүгінгі жай-жапсары осы. Ертеңі қалай болмақ? Оны уақыт көрсетер...
«Есенберлиннің үйлері» десе, өскемендіктер тұмсықтарын тыжырайта салады қазір. Рас, Есенберлин даңғылындағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Жаңбырлы күндері төбелерін қойып, қабырғаларынан сорғалаған тамшы жертөленің ішін көл-жайсаң етеді.
Мысалы, сыртқы қабырғасы қотыр тайдың жонындай ала-құла І.Есенберлин даңғылындағы №2/2 үйдің қолданысқа берілгеніне үш жылдан асты. Жаңбырлы күндері қабырғасынан ішке су кіреді, су кірген жерден жел өтпей қойсын ба?! Кіреберісіне төселген жылтыр кафельдері қопсып түсіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін салынуы тиіс пандус қайда? Бұл үйдің мәселесін шешеміз деп келмеген басшы жоқ, жазбаған журналист қалмады. Алғашында қала әкімі де бас көрсеткен. Нәтиже шамалы. Құр уәдеге әбден зәрезап болған тұрғындар да жергілікті биліктен күдер үзгенге ұқсайды. Кейбіреуі «мәселені айтсам, басшылар артыма шам алып түседі» деп бар проблеманы айтудан да бас тартты. Алайда үйді жамап-жасқауға өздері кіріскен.
– Бәленбай жылға несиеге кіріп алған үйіміздің түрі осы. Қолда ақша болмаған соң шертіп жүріп ала алмадық. Сөйтсек бұл үйлер «құдағи кеткенше» әдісімен салынған екен ғой. Терезелеріне дейін сапасыз. Үйдің ішінен аңырап жел соғып тұрған соң тұрғындар өздері жөндеп жүр. Жөндеп жүріп қабырғалардың арасы мүлдем жылыланбағанын көрдік. Үйдің сапасына көңіліміз толмайды, – дейді Есенберлин даңғылы №2/2 үйдің тұрғыны Қарлыға Сафина.
Бұл үйдің ауласындағы балалардың ойын алаңы да аяқсыз қалған. Бөлінген қаржының қайда кеткені белгісіз. Темір-терсектері шодырайып-шодырайып жатыр. Жері қиыршық тас. І.Есенберлин көшесіндегі №6/2 үйдің ойын алаңы да дәл осындай күйде.
– Тұрғындардың дені жастар. Балалары кішкентай. Ойнайтын орын таппаған соң маңайдағы қазылған шұңқырларды қызықтап, үйінді топыраққа шығып кетеді. Көрші аулада футбол алаңы бар. Бірақ аяғын апыл-тапыл басып жүрген балаларға қауіпсіз ойын алаңы болса, – дейді аталған үйдің тұрғыны Айнұр Мұқұшева.
Тұрғындардың арыз-тілегін алға тартып, үйді салған «ВК Техногрупп» ЖШС-не хабарласқанымызда кеткен кемшіліктің орны толатынын айтты.
– Үйдің сырты қапталады. Бірақ қашан екенін айта алмаймыз. Жоба дайын. Қазір экспертизада жатыр. Тексеруден өткен соң уақыты белгілі болады. Ал подъездің кіреберісіндегі кафельдерді алып, тротуар плиткасын төсейміз. Бұл жұмыс қазан айының соңына дейін аяқталады, – деді жоба менеджері Дәурен Дюсупов.
Алаңсыз аула – алаңсыз бала
Тізе берсек, 19-шағын ауданға қатысты мәселе көп. Көкжал Барақ 4, Әл-Фараби 38/2, Қазыбек би 46, Уәлиев 9/3 мекенжайларындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да жаңа баспаналарының сапасыздығына шағымданып, бармаған жерлері, ашпаған есіктері қалмаған. Олардың да пәтерлерінің төбесінен су ағып, қабырғалары дымқылданып кеткен. Соның кесірінен сылақтары қопарылып жатыр. Мердігер мекемелер болса, бұл олқылықтарды жөндеуге құлықсыз. Өйткені кейбір үйдің кепілдік мерзімі аяқталған, енді бірінің құрылысын жүргізген мердігер мекеме тарап кеткен. Амалсыз тұрғындар өз қаражаттарын жұмсап жүр енді. Бірақ бұл әрекетпен шала істелген жұмыстарды аяқтап шыға алмасы анық.
Көкжал барақ көшесі 4 және 4/2 мекенжайларындағы бес қабатты жасыл үйлердің жайына тоқталар болсақ, бұл екі үйді «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ салған екен.
– 2017 жылдың қараша айында 50 де 50 шартымен 20 жылға несиеге алдық. Біздің ең үлкен проблемамыз – автобус аялдамасы. Көкжал Барақ көшесіндегі және Есенберлин даңғылындағы аялдамалар тым алыс. Үйіміздің артынан Көкжал Барақ пен Есенберлинді қосатын жол түседі деген, бірақ салынбады. Аялдамаға батпақ кешіп барып жүрміз, – дейді тұрғын Гүлжан Сәткенқызы.
Айтса айтқандай. «Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» демекші, әбден күзде жаңбырдың суы кететін кәріздер мен дренажды суағарлар жасауды бастаған. Содан 19-шағын ауданның ойраны шықты. Жаздың құрғақ күнінде неге тындырмады екен бұл шаруаны?
Тұрғындардың айтуынша, бұл шағын ауданда алдымен асфальт төселеді, содан соң асфальтты қазып, астынан су құбырларын жүргізетін көрінеді. Оның үстіне қазылған шұңқырлардың жан-жағына қауіпті ескертіп тұратындай ленталар да тартылмайды. Құдай сақтасын, ертең біреу құлап мертіксе, басшылар бір-біріне сілтейтін шығар. Әдетте солай емес пе?!
– Айналамыз астаң-кестең. Балалар ойнайтын алаң да көңілден шықпайды. Талайы құлап, бет-ауыздарын жаралады. Ақша жинап, балалар алаңындағы шұңқырға топырақ төккізіп, өзіміз тегістедік. Төртінші үйдегі пәтерлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілген. Бір үйде бес-алты баладан бар, мүгедектер де жоқ емес. Олардың да ойнайтын жерлері жоқ. Әрине балалар алаң жоқ деп алаңдамайды, басқа аулаларға кетіп қалады, – деген Гүлжан Сәткенқызы қолайсыз қалада тұрып жатқандарын айтты.
Жертөлесі суға толы тұрғын үй
Жалпы, 19-шағын ауданның тұрған жері ылғал, саздауыт. Соның өзінде қамысты күреп тастап құрылыс жүргізіліп жатыр. Сондықтан да шығар кейбір үйлердің астынан су шығып кетеді. Көкжал Барақ 4/2 мекенжайындағы бес қабатты үйдің жертөлесіндегі су қызыласықтан келеді. Тұрғындар оны сорғымен сыртқа шығартқанымен, нәтижесіз. Содан үйлері дымданып кеткен. Жер астымен келіп жатқан электр желілеріне су тиіп, жарық сөне берген соң пәтер иелері өздері амалдап, көрші ауладан тікелей тартып қойған. Бұдан басқа жол мәселесі де тұрғындарға қолайсыздық туындатып тұр.
– Аялдама бізге де алыс. Төрт жыл бұрын Көкжал Барақ көшесіне дейін құрылысшылар қиыршық тас төгіп берген. Енді жанымыздан жаңа құрылыс басталып, ауыр жүк көліктері жолды езіп тастады. Жүруіміз мұң. Қыстай жолды қар басып қалады. Осының бәрі о баста неге ескерілмеген? – дейді Евгения Прокопьева.
19-шағын аудандағы құрылыс аяқталмай жатып, алдыңғы салынған үйлердің қабырғасы қақырап кеткен. Жолдың жайы ол, жедел жәрдем мен такси жүргізушілері қатынауға қиналады. Айтылған мәселенің барлығын жергілікті билік өкілдері рет-ретімен шешеміз деп сендірді.
– Барлық мәселе қала басшылығының назарында. Бүгін-ертең болмаса да, мәселе туындап отырған тұрғын үйдің қасбеті қапталады. Ал дренаж салу жұмыстары қарашаға дейін аяқталады. Қазылған жерлерді қайта қалпына келтіреді. Аялдамаға дейінгі жолға да тас төселіп, алдағы уақытта асфальтталады, – деді қала әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.
Көкжал Барақ Барақ 4/2 мекенжайындағы үйдің жертөлесіне толып кеткен суды да назарларына алатынын жеткізді. Әкім кеңесшісінің айтуынша, кеткен кемшіліктер қайталанбауы үшін кейінгі салынған үйлердің сыртын арнайы материалдармен қаптап жатқан көрінеді. Дұрыс-ақ, санмен қатар сапаны да естен шығармағандары жөн. Сонда ғана 19-шағын аудандағы ойран жерлер оңалатын болады.
Осы беттің оспағы
Көпқабатты тұрғын үй құлап, комиссия мүшелері кінәліні іздеген екен. Содан кірпішке барып:
– Үйдің құлауына сен себеп болдың, – десе,
– Мен емес, оған кінәлі цемент, – депті.
Бұрышта сүйеулі тұрған цемент мұны естіп;
– Құрылысқа менің мүлдем қатысым жоқ, – деген екен.
Өскемен