Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев баяндама жасады.
Құс тұмауы құрықталды ма?
Осы бағыттағы қазіргі жағдай туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров атап өткендей, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы профилактикалық іс-шаралардан (вакциналау және диагностикалау) тұратын ветеринарлық іс-шаралар жүргізілуде. Биылғы 9 айда жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларына қарсы 122,2 млн вакцина егіліп, жоспар 100,9% орындалды. Ветеринарлық препараттардың шамамен 60%-ы елімізде өндіріледі.
«Республикамыздың аумағына таралуы үлкен қауіп төндіріп тұрған аса қауіпті аурулар тізбесіне 68 ауру түрі енгізілді, олардың 45 түрі бойынша Қазақстанда эпизоотиялық ахуал тұрақты, 23 түрі бойынша диагностикалау және вакциналау бойынша арнайы ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр», деді С.Омаров.
Биыл өткен жылдың осыған сәйкес кезеңімен салыстырғанда жануарлардың аса қауіпті бірқатар ауруының таралуы бәсеңдеді. Сібір жарасы мен Ньюкасл ауруы бойынша эпизоотиялық ахуал қалыпты. Сондай-ақ 2019 жылмен салыстырғанда бруцеллез бойынша қауіпті ошақтардың азайғаны байқалады. Олардың ішінде 93 індет ошағы зарарсыздандырылып, шектеулер алынды, ал 59 пунктте ветеринарлық-сауықтыру іс-шаралары жалғастырылуда. Дегенмен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда республика аумағында құтырма ауруы бойынша жануарлардың аса қауіпті ошақтарының көбейгені байқалады, сондай-ақ 2005 жылдан бері таза қалпында келе жатқан республикада құс тұмауы тіркелді.
Құс тұмауы бойынша елдегі эпизоотиялық ахуалға қатысты 2020 жылғы 22 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде құстардың өлім-жітімі тіркелді, оның ішінде 7 облыста жоғары патогенді құс тұмауына күдік немесе расталған жағдайлар орын алды. Жеке аулаларда 26,5 мың, 3 құс фермасында 847,4 мың құс қырылды. Осылайша жоғары патогенді құс тұмауынан барлығы 873,9 мың құс қырылып, бұл жалпы құстардың 1,9%-ын құрады. С.Омаровтың айтуынша, құстардың өлім-жітімі басталған сәттен бастап министрлік жанынан және өңірлерде жедел штабтар құрылды, олардың отырыстары күнделікті өткізілуде.
«Инфекцияның әр ошағы карантинге қойылып, құстарды және құс шаруашылығы өнімін әкелуге және әкетуге тыйым салынды, инфекция ошағын жою, дезинфекция жүргізу, оқшаулау және жою шаралары іске асырылуда», деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Буферлік аймақ құру үшін жабайы құстардың ұшып келу жолындағы үй құстарын мәжбүрлеп вакциналауға ветеринарлық препараттардың республикалық қорынан 4,4 млн доза көлемінде құс тұмауына қарсы вакцина бөлінді.
«Бүгінде жеті облыстағы жеке аулаларда құстардың өлім-жітімі тоқтатылды, 3 құс фермасында құстардың қырылуы азайды, ауру құстарды жою және олардың иелеріне құнын өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Эпизоотиялық ахуал Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстар әкімдіктерінің тұрақты бақылауында» деп сендірді ведомство басшысы.
Мал ауруының алдын алу маңызды
Бүгінде Қазақстан аусыл, жылқы мен шошқаның африкалық обасы, шошқаның классикалық обасы бойынша ресми қауіпсіз ел мәртебесіне ие. Сондай-ақ күйіс қайыратын ұсақ малдың обасы және сиырдың құтырма ауруы бойынша мәртебе алу жұмыстары жүргізілуде. Министр атап өткендей, бұл мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге қосымша нарықтар ашуға мүмкіндік берді. Мысалы, Қытай Халық Республикасымен өнімнің 20 түріне, Иранмен өнімнің 6 түрі бойынша, Парсы шығанағы елдерімен өнімнің 6 түрі бойынша ветеринарлық-санитарлық талаптар келісілді. Шетелдік кәсіпорындар тізіліміне барлығы 2 728 қазақстандық өндіруші, оның ішінде 250 кәсіпорын Үшінші елдер тізіліміне және 2 478 кәсіпорын ЕАЭО тізіліміне енгізілді. Экспортталатын өнім желісі 480-нен 551 тауар топтарына дейін кеңейтілді және қазақстандық өнімді импорттаушы елдердің тізбесі 65-тен 72 мемлекетке дейін ұлғайды.
Фитосанитария және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларға қатысты 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянды организмдеріне және карантиндік объектілерге қарсы 3,8 млн гектар алаңға, оның ішінде үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы 514,9 мың гектар алаңға қорғаныш іс-шаралары жүргізілді. Министр атап өткендей, республика аумағында тікенекті алқа карантиндік арамшөптің таралу ошағы жойылды, америкалық ақ көбелектің, калифорниялық қалқаншалы сымырдың, жатаған у кекіренің таралу алаңы төмендеді. Бүгінгі таңда әкелінетін өнімдерге карантиндік фитосанитарлық бақылау мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша жүзеге асырылуда.
«2020 жылдың 9 айы ішінде Қазақстан Республикасына карантинге жатқызылған өнімнің импорты кезінде өсімдіктер карантині саласында 3 082 бұзушылық анықталды, 137 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 4,7 есе көп» деді ведомство басшысы.
С.Омаровтың айтуынша, республика аумағындағы тұрақты карантиндік фитосанитарлық ахуалдың нәтижесінде отандық өсімдік шаруашылығы өнімін өткізудің басым нарығына жеткізуге шектеулер жоқ. Қытайдың Бас кеден басқармасымен фитосанитарлық карантиндік талаптар бойынша 10 хаттамаға қол қойылды. Қытай Халық Республикасы Тізіліміне өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін 486 отандық кәсіпорын енгізілді. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйесін және «Россельхознадзордың» ақпараттық жүйесімен интеграцияны дамыту жұмысы жүргізілуде.
Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қабылданған шараларға қарамастан, облыс аумағында құс тұмауы орын алды. Барлығы 450 мың бас қырылды. Негізгі себептер – құстардың жабайы қоныс аударатын және синантропты құстармен байланысы.
«Диагноз расталған елді мекендерде карантин режімі белгіленді. Вакцинаның 873 мың дозасы бөлінді, 554 мың құсқа екпе егілді. Құс иелеріне 66 млн теңге өтемақы төленді, жұмыс жалғасады» деді Қ.Ақсақалов.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңір аумағында карантиндік объектілерді, аса қауіпті және зиянды организмдерді анықтау тұрғысынан жерлерді зерттеп-қарауды қоса алғанда, фитосанитарлық іс-шаралар, сондай-ақ химиялық өңдеу уақтылы жүргізіліп жатқанын атап өтті. 10 елді мекенде жоғары патогенді құс тұмауы бойынша карантин жарияланды, блок-бекеттер орнатылды, дезинфекциялық қондырғылары бар ветеринарлық мамандар, карантиндік шараларды бақылау үшін полиция қызметкерлері бекітілді, халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Эпизоотиялық ахуал тұрақталды, соңғы 17 күнде құстар арасында өлім тіркелген жоқ, сауықтыру шаралары жалғасуда. Республикадан жеке үй ауласына арналған вакцинаның 491 мың дозасы алынды, вакцинация аяқталды. Сонымен қатар құс фабрикаларында өз қаражаты есебінен 625 мың бас құс егілді. Облыс бойынша барлығы 968 мың бас құс вакциналанды», деп түйіндеді А.Мұхамбетов.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігі ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік жағдайына байланысты» деп атап көрсетті ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, мемлекет ветеринарлық және фитосанитарлық жағдайды бақылаудың барлық қажетті шараларын қабылдауда. Жануарлар мен құстардың 23-тен аса қауіпті ауруларына қарсы жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Қазақстан бірқатар қауіпті аурулар (жылқы мен шошқаның африкалық обасы, шошқаның классикалық обасы) бойынша қауіпсіз ел ретінде ресми халықаралық мәртебеге ие. Осы жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанда листериоз, анаэробты энтеротоксемия, ринопневмония секілді жануарлардың аса қауіпті ауруларының саны азайды. 2020 жылы 3,8 млн гектар алаңда карантиндік нысандар мен ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянды организмдеріне қарсы қорғау іс-шаралары жүргізілді. Уақтылы қабылданған шаралар шегірткелердің таралу ареалын 3,3 есеге (2018 жылғы 1,7 млн гектардан осы жылы 515 мың гектарға) дейін азайтуға мүмкіндік берді. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында осы жылдан бастап аса қауіпті зиянды организмдермен, карантиндік объектілермен және арамшөптермен күресу үшін пестицидтердің барлық түрлерін субсидиялау тетігі іске қосылды.
Премьер-Министр ветеринарлық және фитосанитарлық қызметті одан әрі нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу, ветеринария және фитосанитария саласында тексерулер, бақылау және мониторинг, сондай-ақ карантиндік іс-шаралар жүргізу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы бүгінгі таңда құс тұмауына қатысты жағдай тұрақтанғанын еске сала келе жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастыру, қажет болған кезде алдын алу шараларын жедел қабылдау қажеттігін ескертті. Жергілікті атқарушы органдардың карантин мен шектеу шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімдерін оңайлатуды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиімді бақылауды ұйымдастыру үшін ветеринарлық және фитосанитариялық қадағалаудың ұлттық жүйелерін құру тапсырылды.
«Тиісті ақпараттық базаны жетілдіру және процестерді автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын 100% сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажет», деді А.Мамин.
Ауыл шаруашылығы мен Білім және ғылым министрліктеріне сала үшін кадрлар даярлауды жетілдіру және кейін ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринарлық және фитосанитарлық қызмет мамандықтары бойынша оқытуға бөлінетін гранттарды ұлғайту мәселесін пысықтау тапсырылды.
Дәрі-дәрмек дайын тұрады
Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Е.Есқалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы пандемия кезінде негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азаймайтын қорын қалыптастыруды тапсырды. Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық, медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», деді А.Мамин бұл мәселе жайында.
Биыл міндетті медициналық сақтандыруды енгізу аясында тегін дәрілік заттардың тізбесі 45-тен 137 нозологияға дейін 3 есеге кеңейтілді. 2020 жылғы тамыз айынан бастап азаматтарға үйде коронавирустан емделу үшін дәрілердің 5 түрі (қызуды түсіретін, антикоагулянттар) тегін беріледі (қамту жоспары – 1 млн адам). Стационарлар мен жеке қорғаныш құралдарына арналған 91 түрлі дәрі-дәрмектен екі айлық республикалық және өңірлік қор қалыптастырылды. Дәріханаларда тапшылықты болдырмау мақсатында «СҚ-Фармация» бөлшек сауда желісін толықтыру үшін қолда бар қорға қосымша 33 сұранысқа аса ие препараттарды сатып алады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 39,8%-ға (93,4 млрд теңгеге дейін) өсті. Отандық тауар өндірушілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5 042 атауына 88 ұзақмерзімді шарт жасасты.
Елімізде тәулік сайын 900 мың маска және 330 мың жұп қолғап, айына 504 мың қорғаныш костюмі шығарылады. Қазақстанның 17 өңіріндегі 297 ауруханаға 1 500 бірлік (100%) ӨЖТ аппараттары өндіріліп, барлығы жеткізілді. 376 жедел жәрдем машинасы, 63 жылжымалы медициналық кешен шығарылды. Барлық өңірлерде көлемі 13 млрд теңгеден асатын дәрілерді қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорлары құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ведомствоаралық комиссияның шешімімен жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін тұрақтандыру қорларын қалыптастыру әдістемесі бекітілді.
Премьер-Министр әкімдіктерге осы жылдың 1 қарашасына дейін тұрақтандыру қорларының көлемін бекітілген нормативке дейін жеткізуді, медициналық ұйымдарда да, дәріханаларда да дәрі-дәрмектердің қажеттілігін үнемі қадағалап отыруды тапсырды. Бұл ретте тұрақтандыру қорлары есебінен дәрі-дәрмектерді сатып алудың нақты алгоритмінің болуы қажет екені атап өтілді.
«Денсаулық сақтау министрлігіне «СҚ-Фармациямен» бірлесіп, стационарларда, әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларында дәрі-дәрмектердің болуына мониторинг жүргізуді тапсырамын. Дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмауы тиіс», деді А.Мамин.
Индустрия министрлігіне медициналық маскалар шығаруды (тәулігіне 1,5 млн данаға дейін) арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақтылы сатып алып, жеткізуді қамтамасыз ету міндеттелді. Премьер-Министр Мемлекет басшысының «СҚ-Фармацияның» дәрі-дәрмекті сатып алуының тиімділігі мен жеделдігін арттыру туралы тапсырмасын бұлжытпай орындау қажеттігін атап өтті.