• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Қазан, 2020

Қырымда туып, қырда ғұмыр кешкен

1836 рет
көрсетілді

Аруана даланы ақжаулығына орап қорғаған ақжүрек аналар-ай. Сіздер жайлы сөз бастарда соғыстың аңызақ желі есетіні несі? Кіндік қаны тамған топырақтан кіндігін үзіп, жат жердің дауылына ық, қауымына пана болған ғазиз жандар. Салты бөлек, саулығы басқа мыңдаған жауынгердің басын қосқан майданның «мейірімі». Жо-жоқ, ол жай майдан емес, өмірге деген іңкәрлік. Сол іңкәрліктен тұтанған махаббат оты. Ал біз оны тағдыр деп түс­тейміз. Бәлкім солай да шығар. Мұны сіз қазақ әулетіне келін болған украин­ қызының ғұмырымен өлшеп көріңізші. Кеудеңізді әлдебір әуен әлдилеп, жанарыңызға жас ұйиды. Мөлдір жас – өмір моншақтары...

 

 

Мақаламыздың маңдайына тақырып қояр сәтте ойымызға не келді дейсіз ғой. Қыз баланың ерге бергісіз ерлігі жайлы аңыз. Сосын әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың өнегелі өсиеті оралды. Не деп еді қайсар қаламгер? Әлдебір кісі сөзден жықпақ болып, «Жер бетінде ең батыр адам кім?» деп сұрамай ма. Сонда жиырма жеті мәрте ұрысқа кіріп, жаңбырша жауған оқты жанына дарытпаған қазақ батыры: «Жер бетіндегі ең батыр адам... ол – қыз» деп сұраушыны састырады. Әлгі жерде мұндай жауапты күтпеген сұрақ иесі тосылып қалып, себебін анықтамақ болады. «Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деп сөзін түйіндейді. Даңқты жауынгер бұл әңгімесінде өзге ошақтың отын тұтатқан әйел затының батылдығы мен байсалдылығын меңзесе керек. Ал біз батыр нақылын тілге тиек ете отырып, үстеп-үптеп, кейіпкеріміздің ғұмырнамасынан сыр тарқатпақпыз.

Бұл екі жастың махаббат хикаясына сүйсінесің де сүйінесің. Екінші дү­ниежүзілік соғыстың соңында кездес­кен қос ғашықтың өмір жолы – шығармаға жүк боларлық дүние. Сұрапыл соғыс Оксана Демидовна мен Бекежан Бетебаевтың шаңырақ құруына себепкер болады деп кім ойлаған. Алайда отбасылық бақытқа жету оңай болсын ба? Талай өткелден табан тоздырып өтіпті. Желдей жүйткіген жылдардың сонынан ілесіп, арман атты ұлы көштен алыстамауға тырысыпты. Қиыншылықпен келген жеңістің қиқымы да тәтті емес пе? Жақында 100 жасқа тол­ған кейуана жан толқытар өткен күн­дердің естелігіне қайта үңілді. Ғасыр жа­саған ананың қазақ даласына аяқ басуы әсерлі оқиға.

Иә, қарттық келіп жаныңа түстенгенде жастыққа барар жолдың жабық екенін аңдайсың. Ақиқаты сол. Алайда өткенге оралудың ең тиімді тәсілі – сол жарқын сәттерді қағаз бетіне түсіріп, қайта па­рақтау. Соңыңнан ерген жас толқынға жүрген жолыңды, жеткен жетістігіңді жет­кізе білсең, ой салмақтатсаң, өткен ғұмы­рыңның еш кетпегені.

Ардагер ана Оксана Демидовна 1920 жылы 7 қазан күні Украинаның Полтава облысы, Петрова-Роменский ауданының Венеславовка деген бау-бақшаға бөленген көркем хуторында дүниеге келеді. Аядай ғана елді мекеннің орта мектебінде білім алады. Ата-анасының қалауымен жетінші сыныпты бітіргеннен кейін, медицина училищесіне оқуға түсуге бел буады. Ақ халатты абзал жан болуды бала күнінен армандаған ол оқуды ойдағыдай аяқтап шығады. Қолына дипломын жаңа алған жас маманның еңбек жолы аудандық ауруханадан басталады. Екінші дүниежүзілік соғыс етегін жайып, ел шетіне жау келген 1941 жылдың шілде айында әскер қатарына шақырылып, Полтава қаласындағы №1668 госпитальда әскери мейірбике жасағына қабылданады. Ол кезде небәрі 21 жаста екен. Қанша нәзік болса да сұм соғыстың суығына төзу оның маңдайына о бастан жазылғандай-ақ.

Сол уақытта неміс әскері күшіне еніп, қарсылысқан майданда солдаттарымыз бірінен соң бірі ауыр жарақаттанып жатқан еді. Дәрігер тапшылығы өзекті мәселелердің біріне айналған заман. Әрине, қым-қуыт шайқас жүріп жатқан кезде дәрігердің нұсқауын орындау, науқасты отаға дайындау, ауыр халдегі жаралыларды бақылау оңай жұмыс емес. Соғыстың алғашқы айларында күндіз-түні майданнан жаралы жауынгерлер лек-легімен келіп жатты. Бастапқы кезде оның бәріне бой үйрету қаршадай қызға мүмкін емес сияқты көрінген. Әрбірден соң медицина мамандарына жауынгердің өмірін қалай болғанда да сақтап қалу міндеттелген. Сондықтан жас медбике оқтан да, оттан да қорықпай олардың өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салады. Ұйқысыз түндер, науқастардың жан айқайы жанына батса да ел үшін аянбай еңбек етеді.

Қазір бәрі ертегі секілді. Өткенді сол қалпында тізбелеп айтып шығу мүмкін де емес. Өйткені бұл әскери медбикелердің майдандағы күнделікті, сағат сайынғы жұмысы болатын. Бірнеше тәулік бойы ұйқыны да, тамақты ұмытып, хирургтің жанында жүрген сәттер есінен кетпейді. Талдырмаш қыз қанша қиналса да, асқан қайсарлық пен шыдамдылық танытты, жаралы жауынгерлерге көмек қолын созады, қиналған кездерінде қас­тарынан табылады. Талай боздақ көз алдында қыршынынан қиылғанда, жанарынан көлдей жас та төгіліпті. «Менің бар тілегім – қанды қырғын тезірек аяқталып, баяғы жайдарман өмірімізге оралу болды. Шаршағанымды ешкімге білдірмеуге тырысатынмын. Айналаны шарпыған тарс-гүрс дауыстар кейде жаныңа үрей ұялатады. Бірақ оған қарап жатқан біз жоқ. Солдаттардың денсаулығын жиі-жиі қадағалап отырамыз», дейді батыр ана, өмірбаянын парақтап отырып.

Сондай күндердің бірінде госпитальға ауыр жараланған жас қазақ офицері келіп түседі. Ол тым әлсіз әрі жарасы жа­нына қатты батып, қиналып жатады. Ок­сана майдангер жігіттің қасынан екі елі ұзамай, күні-түні әрдайым жанынан табылып жүреді. Сондай кездердің бірінде жігіттің маңдайындағы терін сүртіп, жа­расын қайтадан таңып бола бергенде жігіттің өзіне сондай мейіріммен қарап жатқанын көріп, бойын беймәлім сезім желпіп өткендей әсерді сезінеді. Беті бері қарап, сөйлеуге жарағанда жас офицер өзін «Бекежан Бетебаев – Қазақстанның тумасы боламын» деп таныстырған екен. Осы таныстық достыққа, достық ма­­хаббатқа ұласады. Украин қызы мен қа­зақ жігітінің жарасқан көңілдеріне госпитальдағылардың бәрі де қызыға қарап жүреді. Олардың үйленулеріне де соғыстың қатал тәртібі кедергі бола алмапты. Қос жүрек осылайша табысып, бір-бірінен соғыс біткенше ажырамауға серттеседі.

Оксана әжейдің айтуынша, басында қазақ жігітіне тек емделуші есебінде қараған. Алайда қыңыр офицер мақсатына жетіп, барлық ұлттардың сүйіспеншілікке бағынатындығын дәлелдеген. Ең қызығы, Бекежан Бетебаев сүйіктісін ата-анасымен кездесуге апарғанда, ауыл-аймақ ат-тонын ала қашады. Ауылдастары жас отбасын айыптай қарсы алса керек. Бірақ қайынатасы келінінің бетінен қақпай, ақ батасын береді. Алғашында қыздың да ата-анасы қарсы болған екен. Дегенмен қос ғашықтың бір-бірі үшін жаралғанын түсініпті. Бекежан Бетебаев Оксананың әкесіне қызын ең бақытты жан ететініне уәде беріп, сөзінде тұра біледі.

Соғыс аяқталғанда Бекежан Келген­байұлы Оксанамен бірге елге қайтуға жи­­налады. Алайда әскери қолбасшының Германия қалаларының біріне комен­датураға бару бұйрығы шығып, белгісіз мерзімге сол жақта тұруына тура келеді. Бес жылдан кейін ғана елге қайтуға рұқ­сат беріліп, жас жұбайлар қол ұстасып Жар­кент қаласына келеді.

Осылайша, сұрапыл қырғыннан кейін ес жия бастаған, көкке ерні тимей тілерсегі дірілдеген танадай мүшкіл тіршілікті қай­та түзеуге күш жұмылдырған қазақ халқының ауыр бейнеті, азапты күні артта қалады. Олар да елінің еңсесі көтерілуі үшін бел шеше іске кіріседі. Бекежан соғысқа дейін педагогтер даярлайтын училищені бітір­гендіктен, мамандығына сай мектепке география пәнінің мұғалімі болып орналасады. Оксана Жаркент қаласындағы ауруханаға мейірбике қыз­метіне кірі­седі. Өзінің жұмысына мы­ғым, ұйымдас­тырушылық қабілеті жо­ғары, кім-кім­мен де тез тіл табыса бі­летін Бекежан Келген­байұлының еңбегі ба­ғаланып, облыстық оқу басқармасының бұйрығымен Іле ауданындағы Іле поселкесінің №1 мектебіне директор болып тағайындалады. Ал Оксана Деми­довна осы мектептің лаборант жұмы­сына қабылданады.

Олар көрген адам қызығатындай сондай жарасымды отбасы еді. Балалары Юра мен Нина да желкілдеп өсіп келе жатты. Ертеңге деген арман-мақсатқа толы бақытты күндер жалғасып жатқандай еді. Кенет 1969 жылы соғыстан алған ауыр жарақат сыр беріп, жұбайы Бекежан Оксананы өмірдің бергі жағалауына қал­дырып, дүниеден озды.

Иә, дүрия дүниеде достық, жолдастық, туысқандық, тағы сол секілді жылы сөз­дерді жиі айтатынымыз жасырын емес. Өмір сонысымен мәнді де сынды. Бұл нәзік ұғымдардың жүрегімізге жылы ұялайтыны содан-ау, сірә. Бірақ осылардың ішінде бәрінен де адамдық деген бір ауыз сөздің сәулесі ерекше нұрын шашып тұрады. Себебі адамдық асыл қасиеттерді бойына жинақтай алған адам ғана – адамдарға шын дос, шынайы жолдас, нағыз туыс, сүйген жар бола алмақ. Адамдығы үлкен, азаматтығы биік жандар қай жерде, қай заманда болмасын «ала қойды бөле қы­рықпай», адам атаулыға адамзаттық көз­қараспен қараған. Ондай адамдар жер бетіндегі бүкіл саналы тіршілік иесінің қуаныш-бақыт, қайғы-мұңынан да тыс қалмайды. Ортақ мұратпен шындықты жоғары қоя білген олар әр халықтың жақ­сы-жаманын да адамдық тұрғыдан бағалап, ақылмен ажырата алған ғой. Міне, біз әңгіме барысында кейіпкеріміздің бойы­нан осыны аңдадық.

Өзін мәңгі өлмейтіндей сезінетіндердің жаңылысатыны – артында қалар мирас­ты дүниесімен парықтайтыны дер едік. Бұл қасіреттің қанжарына өзің барып соқтығысқаныңмен бірдей. Сондықтан ізгі істеріңді жас буынның болашағына бағдаршам қылсаң, олар сен жүрген жолмен алға жылжып, ұлтқа қызмет етуден аянып қалмақ емес. Оксана жолдасы дүниеден озғаннан кейін өзін жалғыз қалғандай сезінді. Украинадағы әпкелері көшіп кел деп ықылас білдіргенде: «Қазақ елі менің екінші туған жерімдей болып кетті. Бекежанның жаққан ошағының отын сөндірмеймін. Мен оған солай деп уәде бергенмін. Құдайға тәубе, өсіп келе жатқан ұл-қызым бар. Енді солардың тілеуін тілеймін», деп бетін қайтарады. Содан соң олар да бұл тақырыпқа қайта қайырылып соқпаған екен.

Құс тұмсығындай қысқа ғұмырды бұрылыс, қалтарысы жоқ, тікесінен тар­тыл­ған тура жолға баласақ, тым шолақ қайыр­ғанымыз болар еді. Олай дейтініміз, өмір жолы әрдайым даңғыл бола бермейді. Содан кейін де жүріп өткен жолыңа бір сәт көңіл көзімен қайта оралып, сан мәрте ой елегінен өткізуге тура келіп жатады. Сондай сәттерде өмірдің кейбір аяулы кезеңдері көз алдыңнан кинолентадай тізбектеліп өтетіні бар.

Екі ғасырдың куәсі болған асыл ана­ның ендігі қуанышы мен жұбанышы, базары мен байлығы сол соңынан ерген балалары ғой. Маң даланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, әйтеуір, олардың ешбірін қатарынан қалдырмай өсірді, жеткізді. Енді өздері де бір-бір үй болып, жеке шаңырақ көтеріп, оны төңіректей түтінін түтетіп отыр. Бірақ мұнымен парызым бітті деп ойласын ба ана. Білген жанға ұрпақты өсіріп-жеткізу аз, олардың алдынан өнер-білім өрісін де ашу керек. Және ұрпақ деген – тек өз кіндігіңнен өрбіген тұяқтарың ғана емес, немере атты «шұнақтарың» және бар. Олардың да оқып, білім алуын армандайды ардақты әже.

Қарттықтың жағалауына жақын­да­ғалы қашан? Кейде ұрпағым деп, ел мен жер деп өрекпіген көңілдің бұл жақтан табар қызығы шамалы сияқты. Десе де, бойындағы қуаты әлі сарқылған жоқ. Ел жасаған жастың бірі ғана деп түсінеді. Балалары елге сыйлы, жұртқа жұғымды болса, ол – кішкентай күндерінен өзіне қолғанат еткен, қозы өсіріп, қой өргізген, айналайын сол еңбектің нәтижесі шы­ғар. Мүмкін еңбек үстінде адамдық, аяу­шылық сезімдерін оята білгендерінен де болар.

– Жүз жасқа жеткен анамның немере-шөберелеріне деген мейірім шапағатының қызуы тұла бойымды жылытумен келеді. Менің өзім жетпіс жасқа аяқ бастым. Анамның ыстық алақанын, айнала­йын деп маңдайымнан емірене сүйіп, еркелеткен үнін естігенде, өзімді баладай се­зі­ніп қаламын. Ананың махаббатына жетер құдіретті күш жоқ. Бір ғасыр ғұмыр жасаған анамның сүйегі асыл. Қаншама қиындықтарды басынан өткерсе де, соның бәріне төзе білді. Баладан немере, немереден шөбере, шөбереден шөпшек көрді. Санасы әлі күнге сергек. Өткен өмірі жайлы естелік айтқанда, қалай ұмытпайды деп таңғаламын. Адам өмірінің асқар шыңы – 100 жас десек, сол шыңды бағындырып ортамызда отырған анама қараймын да тәубе деймін, – дейді әке жолын қуып, саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған Нина Бекежанқызы. Қазір Оксана Бетебаева қызы Нина және немересі Ринатпен бірге тұрады

Құс қанаты талар далада ұзақ жүріп келе жатқан жолаушы алдындағы алыс көкжиектен көз тоқтатар бір белгі көрсе, шіркін-ай, соған жетсем-ау дейді. Жеткен бойда ат шалдырып, аяқ суытып алсам-ау деп әлдебір үміт, әлдебір алданыш жетегімен алға тынымсыз асыға түсер еді. Көздеген жерге жетем деп көк дөнен ойы тепеңдеп, төзім мен жүйкені тоздырып барып, ерте ме, кеш пе, әлгі бір белгіге әй­теуір табан тіреген кезде, ол енді алдағы ба­ғытын анықтап алмас бұрын жаңағы жүріп өткен жолына көз талдыра қарап тұрады. Ұзақ ойланып барып, осынау жерге дейін не көрдім, қай соқпақта сүрініп, қай сонарда ізім қалды, жолай кезіккен біреуге жөн сілтей алмасам, көргенім мен түйгенімнен не пайда деп өзіне-өзі есеп беріп алатыны және бар. Отбасылық альбомнан сарғайған суреттерді қызыға тамашалап, «Ғибратты ғұмыры бір кітап қой» деп тамсандық. Расында да, жүзге келіп, оның төрінде отырған Оксана Бетебаева әжеміз қандай құрметке болса да лайықты.

Бүгінде азаматтың азаматтығын танытатын – оның ел мен жерге деген махаббаты, сол жолдағы күрескерлік қа­рекеті. Ел мұңы жанға батпаса, жер жарасы жүрек сыздатпаса, адамдығымыз қайсы, тірлігіміз кәне. Ондайда Жүсіп Баласағұнның: «Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік» деген пайымына жүгінеміз.

 Асыра айтқанымыз емес, ақиқаты сол. Бізге елінің, жерінің тілеуін тілейтін, бойында намыс оты лаулаған әрбір азамат қымбат. Өзге елге барып, өз бақытына қол жеткізген украин қызының қилы тағдыры – қазақ қызына үлгі. Жат ұлттың аз ғана жылда әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жанына сіңірген Оксана әжей туған жерге төркіндеп те бармаған екен. Бүгінде ақ жаулықты әжейдің көкейінде жүрген бір-ақ тілегі бар. Ол – ел-жұрттың, бала-шағаның берекесі.