• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

Жан жылуымен жадыратып...

243 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта ажары кіріп, тамырына қан жүгіріп келе жатқан елді мекендердің еңсесін көтеруіне туған жерінің тұғырын биіктеткісі келген перзенттерінің пейілі де себеп болуда. Егер әркім өз елінің қамын ойлап, қолынан келген көмегін көрсетсе, аялы ақ бесіктің өңі кіріп қалар еді.

Тасы өрге домалап тұрған кәсіп­кер­лер­дің ел қамын жеген еңселі істерін көргенде көңілің көтеріліп қалады. Ырыс біткен, толайым табысқа қолы жет­кен іскер жандардың енді бір уақ замандастарының жайын ойлап, туған жерінің қамын ойлап, дәулетінің бір мысқалын бөліп, қайырымдылық жасау­ға ұмтылуы шын мәнінде ғанибет емес пе?! Олар шалғайдағы шағын ауыл­дар­дың, өздері түтінін түтетіп отыр­ған туған топырақтың кейбір мұң-мұқ­тажын саналарымен салмақтап, ақыл таразысына салып, етек-жеңін қымтауға қолұшын созуда. Облыста биыл бірнеше мектеп, ауру­­­­ха­на бой көтеріп, мәдениет ошақтары, спорт және балалар алаңдары салынды. Өтпелі кезеңнің өкпек желіне құмыға тұншығып, ісі қожырап бара жатқан мәдениет ошақтарының оты қайта маздап, кітапханалар жөнделіп, жаңа кітап­тармен толықтырылды. Осының бар­лығы туған жерге деген перзенттік таңғы шықтай мөлдіреген таза пейілден туын­даған көмек-қайырым.

Биыл облыста жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын 840 әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Көрген жанның көзін қуантып, көңіліндегі сенімді нығайтатын осындай игі шаралар арқылы 1 мектеп, 9 спорт алаңы, 7 мәдениет ошағы тәрізді 21 нысан салынды. 788 әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасыларына көмек, медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер алып беру, елді мекендерді абаттандыру тәрізді қайырымдылық істер бар. Мұндай жан жадыратар жұмыстың Көкшетау қаласы мен Бурабай, Целиноград, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау және Атбасар аудандарында кеңінен қанат жайып отырғанын айта кеткен ләзім.

Кір жуып, кіндік кескен туған то­пы­рағының болашағын ойлау, соған қыз­мет ету – ең алдымен әркімнің жү­ре­г­ін­дегі айнымас адал сезім мен адам­гер­­шілік қасиет екендігі даусыз. Осы орайда, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді туған жерлеріне көмек көрсетуге, жанашырлық жасауға шақырған бірауыз сөзі де игі әсер еткенін екпін түсіріп айта кеткен жөн. Елбасы айтқан салиқалы сөз саналарына жетіп, көкірек көздерін ашқан кәсіпкерлер бұл бағыттағы салмақты да иманды шаруаға кірісіп кетті. Адами борышын өтеуге бел буған қалталы ағайынның қолға алған шаруасы да оңынан оралуда. Істің көзін білетін іскер жандар бар жайды ақыл таразысына салып, ел үшін алдымен не керек екенін, қай шаруаның басын қайырғандары ауылдастары үшін тиімді болатынын бағамдап, күш-қуаттарын жұмылдыруда. Айталық, шалғайдағы Жарқайың ауда­­­ны­на қарасты Тасөткел ауылындағы мәдени-демалыс орталығы көп жылдан бері жөндеу көрмей, жүдеп тұрған болатын. Ауыл жастарының бір уақыт дем алып, көңіл көтеретін жерлері де осы. Ал ол жұмыс істемесе, көңілдері жүдеп, бос уақыттарында барар жер таба алмай, томаға-тұйық күй кешетін. Осы жайды ескерген «Темірлан» серіктестігінің басшысы Ерлан Алин 95 млн теңгеге қаражат бөліп, орталықты құрылысшы қалағынан жаңа шыққандай етіп жөндеп берді. Жалғыз жөндеу жұмысы ғана емес, орталыққа қажетті құрал-жабдықтардың барлығын сыйға тартты. Қазір Тасөткел ауылындағы орталық ауыл тұрмақ, облыс орталығының өзінде сирек кездесетін мәдениет ошағына айналды. Атбасар ауданындағы «Нұр 777» серіктестігінің ұжымы Тимашевский орта мектебіне 24 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мектептің ескі шатыры жаңартылып, терезелері алмас­ты­рылды. Целиноград ауданындағы Қоянды ауылында жеке кәсіпкер План Ахантай жерлестеріне 10 млн теңге қаржыға бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік сатып әперді. Жомарт жанның қайырымдылығына Қоянды ауылының тұрғындары дән разы. Мұндай көмек қолын созған адамдар аз емес. Жақынына жанашырлық жасау­дан аянбайтын ізгі ниетті адамдардың ақ пейілі көңіл сүйсінтеді. Мәселен, Аршалы ауданындағы кәсіпкер Әлібек Тоқпаев Сарыоба орта мектебіне 9 млн теңгеден астам қаржы бөліп, көмек көрсетті. Биыл облыстағы ондаған мектеп ақ ниетті атымтай жомарттардың арқасында тәп-тәуір жөнделіп, бірқатар мәселелерін шешіп алды. Ақкөл ауда­нын­да­ғы «Хлебороб» серіктестігі Наумов, Өрнек, Виноградов мектептеріне 2 млн теңгеден астам қаржыға жөндеу жұ­мыстарын жүргізді. Жалғыз білім ошақ­тары ғана емес, Наумов ауылдық Мә­де­ниет үйі де жөндеуден өткізіліп, бір жаң­ғырып қалды. Облыс орталығындағы «Кристалл» сауда орталығы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Саумалкөл ауылындағы Балалар үйін бауырына тартып, 2 млн теңгеге киім-кешек пен оқу құралдарын сатып әперді. Өзге де жалпақ жұртқа, қалталы азаматтарға үлгі болар шаралар аз емес. Айталық, Сандықтау ауданындағы «Байдалы» серіктестігінің ұжымы Веселое ауылындағы көпірді жөндеп берді.

Жақсы іске жан сүйсінеді. Қоғам мейірімнен ажырамаған екен. Ізгіліктің ізетті нұры төрт құбыламызда шалқып тұр. Соған қарап, шүкіршілік етеміз. Бұл жақсылық талай адамның жан жүрегін баурап, сенімін нығайта түсуде. Көкшетау қаласындағы «Алуа строй» серіктестігінің басшысы Ерлік Өмірғалиев көпбалалы отбасына тұрғын үй тарту етті. Бұл да бір айта қаларлықтай шаруа болды. Қала жұртшылығы Ерлік Қайдарұлының ерлікке пара-пар ізетті шаруасын ең алдымен шиеттей балаларға жасалып жатқан қайырымдылық деп ұқты. Құлақтанған жұрт азаматтың осы бір айта қаларлықтай ісіне разы болып, балалар үшін қуанды. Біржан сал ауданындағы «Семізбай U» және «КазБиф ЛТД» ұжымдары көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына қарасуды өз мін­дет­тері санайды. Кәсіпорындардың қам­қорлығынан тыл еңбеккерлері, жетім-жесірлер мен мүгедектер тыс қа­лып отырған жоқ. Биылғы жылдың өзінде ғана осындай отбасыларға 3 млн теңгеден астам қаржыға көмек көр­се­тіл­ген.

Ауылдық жердегі мәдениет меке­ме­ле­рін қолдау да өте маңызды. Бұл орайда да ауыз толтырып айтуға лайықты шаралар аз емес. Айталық, Целиноград ауданындағы «Шалқар» серіктестігінің басшысы Дулат Қамзебаев 80 млн теңгеге ауылдық клуб салып берді. Ғажап емес пе?!

Елбасы ерекше ықыласпен айтқан туған жерді қастерлеу, сүю дегеніміз – осы! Елін сүйген ерлердің елге деген құрметі замандастарына жақсы үлгі болса қанекей!..

 

Ақмола облысы