• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қазан, 2020

Белсіздік пен бедеуліктің себебі

3571 рет
көрсетілді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында әрбір алтыншы отбасы бала сүюге зар болып отырғанын айтты. Басқа өңірлерді білмеймін, осы жуырда ғана Ақтөбе облысында нәресте сүйе алмаған 362 отбасының жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгіну үшін кезекте тұрғанын жаңалықтан тыңдадық. Бұл ойланатын жағдай. Әрі мұның себептері де жетерлік.

Сонау Кеңес өкіметі тұ­сын­да ерлердің белсіздігі, әйел­дердің бедеулігі деген мәселені естіген емеспіз. Мы­салы, бір ғана Ойыл ауданы ауылдарының әрқайсы­сын­да кемінде 6-7 Батыр ана кездесетін. Әрбір отбасыда ең кемі 4-5 ұрпақ өсіп-жетілді. Ол ненің арқасы? Жайлау толы қойдың арқасы деп ойлаймын. Малшы­лар төрт түлік мал­дан жыл сайын миллионда­ған төл алып тұрды. Жал­пы, біздің ата-бабалары­мыз ежелден жаратылыстың сырын білген. Бабаларымыз қойдың төсін, аналарымыз құйымшағын жеп, белсіздік пен бедеулікке ұшырамаған. Осы Ойылдың ауылындағы әйелдер перзент­ханаға барып босануды ойға алмаған, әр ауылдағы елге сыйлы, бала-шағасы көп әйел­ді кіндік шеше етіп, өз ша­ңы­рағында босанған. Қазақ­та «тоғыз ай көтергенге тарт­пайды, жерден көтеріп ал­ған кіндік шешеге тартады» деген сөз содан қалған.

Торғай өңіріндегі Аман­гелді, Жангелдин аудандары туралы айтатын болсақ, жағдай осыған ұқсас. Аталған аудандардан да Батыр аналар көп шықты. Олар келіндері мен қыздарына көпбала­лы болуды насихаттап кел­ді. Қазақтың ізгі дәстүр­лерін сақ­тады. Негізінен қой шаруа­шы­лығымен айналысып, қой­дың төсі мен жам­басының қасие­тін жақсы білді. Белсіз­дік пен бедеуліктің алдын алды. Соңғы бір деректерден әйелдердің отыз пайызы бедеу, ал ерлердің он алты пайызы белсіз деген мәліметті көрдім. Сонда бұл сұмдық қайдан пайда болды?

Менің ойыма ел Үкіметін басқарған Қажыгелдиннің 30 миллион қозы мен 50 миллион саулықты тірісін тірідей, қайбірін ет күйінде ұшақпен, көліктермен шетелге сатып, халқ­ымызға ға­сыр­дан-ғасырға кететін қас­тан­дық жасағаны түсе бе­реді. Сол жылдары қойды ұшақ­қа тиеп жүрген Құмкөл ша­руа­шы­лығының азаматы Қилыбай қытайдың арағына уланып қайтыс болды. Сонда Сырлыбай есімді досының әзілдеп:

Қилы екен біздің Қилекең,

Замандасына сыйлы екен.

Нарықтың тартпай азабын,

Өліп кеткен милы екен, – дегенін әлі ұмытқамыз жоқ. Қойдан айырылған халықтың белсіздік пен бедеулік дейтін дертке тап болатынын ол кезде кім біліпті?

Бұл дерттің себептері жетер­­лік. Қазір кесарь де­ген­­нің де кесірі тиіп жатыр. Дәрі­гер­лер ақша үшін әйел­дер­дің ішін жарып, оның соңы екінші рет бала көтеруге қиындық туғы­зады. Баяғыда, яғни 1947 жылы Сталин аборт жасат­­қан әйелдер мен оларға көмек­тескен дәрігерлерді 25 жыл түрмеге жабу туралы заң шы­ғар­ған. Сөйтіп СССР-дің демо­графиялық өсімін жолға қой­ған. Бүгін бізде түсік тас­тау жасырын жүріп жатыр. Оған «қой» деп жатқан ешкім жоқ.

Осының ішінде қоғамға ең ауыр тиген жағдай – Қажы­гелдиннің қойды құртқан қастандығы дер едім. Мұның бәрі 1500 елді мекеннің құ­рып, халықтың қалаға босып келуіне түрткі болды. Демо­графиялық өсім тежелді. Қазір республикамыздың әрбір үлкен қалаларында пәтер кезегінде тұрушылардың саны 500 мыңнан асады. Солар­дың көбі ауылдан босып кел­гендер. Кеңес заманында ауыл­дағы шопандардың әйел­дері Батыр ана атанған. Олар­дың ұл-қыздары қалаға кел­гелі «бір бала, бір мысық, бір ит» тәртібіне еліктей бас­тады. Қазақта «екеудің бірі өлсе бірі қалар, бірі өлсе несі қалар?» деген сөз қартай­ғанда қу бас атанбаудан сақ­тандыратын.

Бүгінде еліміздің мектеп­терінде 3 млн 300 мың оқушы бар. Есептей беріңіз, 19 миллион халыққа шаққанда демо­графиялық өсімнің қанша­лықты тежелгенін байқайсыз. Әлемдегі қартайған мем­ле­кет­тердің қатарына қосыл­масақ жарар еді деп қауіп­тенемін. Сондай-ақ неке бұзу көрсеткіші бойынша да әлемде оныншы орында екенбіз. Алла сақтасын.

Енді менің ұсынысым бар. Үкіметіміз Орал, Ақтөбе, Қостанай облыстарының қой шаруашылығы дамыған мекендеріне Моңғолиядан 10 млн қой әкеліп, өсірсе жөн болар еді деп ойлаймын. Ауыл шаруашылық министрлігі, Қаржы министрлігі бірі­гіп, елге бөлінген қаржыны нәти­желі пайдаланып, малды өсіріп, елдің ертеңіне алаңдағаны жөн-ау. Сонда ғана Президентіміздің халық­қа Жолдауының нәтижесін көрер едік. Демографиялық өсім­­нің тежелуін бүкіл ха­лық болып ойлануға тиіс­піз, қорыта айтқанда, демо­гра­фия­лық ахуал жақсарғанда ғана еліміздің өсіп-өркендеуі нәтижелі болмақ.

 

Табыл ҚҰЛИЯС