• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

Қостанай облысында өрістегі малды атып алған аңшылар ұсталды

206 рет
көрсетілді

Қостанай облысында өрісте жүрген жекеменшіктің сиырын атып, тең бөліп алған аңшылар ұсталды. 2020 жылғы 8 қазанда Науырзым ауданының полиция бөліміне Дәмді ауылынан 15 шақырым жердегі жайылымда жергілікті тұрғынға тиесілі ірі қараның терісі табылғаны туралы хабар келіп түскен. Шығын көлемі – 300 мың теңге.

Шағым бойынша мән-жайды анықтау барысында бақташы полицейлерге оқиға болған күні  сұр түсті джип көлігін байқап қалғанын айтады. Іздестіру шараларының нәтижесінде  ірі қараны атып алған Қарасу ауданының екі тұрғыны табылды. Із суытып үлгермеген күдіктілерді полицейлер Октябрь кентінде өз үйлерінде отырған жерінен ұстады.

Күдіктілердің айтуынша, олар сол күні таңғы сағат 10:00-де "Land Cruiser Prado" автокөлігін мініп аңға шыққан, бірақ қанжыға майланбайды. Содан қайтар жолда сағат 17:00 шамасында аңшылар Науырзым ауданына қарасты Дәмді ауылының маңында қараусыз жайылып жүрген 7-8 бас сиырды көреді. Олжасыз қайтқысы келмеген аңшылар жақын маңда ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, табынның ішінен бір сиырды атып, сол жерде сойып алған.

"Мал иесі полицияға дереу хабарлаған соң, қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік туды. Ұрланған ет иесіне қайтарылды. Қазір Қылмыстық кодекстің "Мал ұрлығы" бабыбойынша тергеу шаралары жүріп жатыр", - деді Науырзым аудандық полиция бөлімінің бастығы Орал Баймұрзин.

 

Қостанай облысы

Науырзым ауданы