• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

Заңсыз аң аулау тиылмай тұр

1681 рет
көрсетілді

Әлде көзсіз құштарлық, әлде тегін олжаға қарық болуды көксегендіктен бе екен, өңірде заңсыз аң және балық аулау оқиғалары тиылмай тұр.

Зеренді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түн жамылып аңға шығып, заң бұзғандарды ұстады. Олардың көлігінен екі елік табылған. Сондай-ақ, тіркелмеген аңшы мылтығы мен 26 оқ тәркіленді. Ен даланың ерке аңына суық қару  кезенгендер заң бойынша жауап беретін болады. Бір өкініштісі, осы тарапта қаншама түсінік жұмыстары жүргізіліп, заң бұзғандар жазаға тартылып жатса да, ел ішінде мылтық асынып, табиғатқа тағылық жасайтындар айылдарын жиятын емес. Осы аудандағы Айдабол көлінде заңсыз балық аулаған Зеренді ауылының тұрғынының әрекеті әшкере болды. Браконьер балықшыдан ақ балықтың 164 келісі тәркіленді.

–Заңсыз балық аулаудан табиғатқа келген залал 627 мың теңге деп бағаланып отыр. Бұл іс бойынша материалдар Зеренді аудандық полиция бөліміне жіберілді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Сансызбай Ыдырысов, – әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 393-бабы бойынша шара қолданылады.

Жоғарыда айтылған екі оқиғадан келген шығын бір жарым миллион теңгеден асады екен. Енді мына бір дерекке назар аударалық, облыс аумағында өткізіліп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында балық аулау ережелерін бұзған 190, заңсыз аң аулаудың 251 оқиғасы орын алған.

–Небары 9 күн ішінде 129 заң бұзушылық анықталды, 20 қару тәркіленді, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Мусаев, – олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бір аптадағы заң бұзушылық дерегі осындай болса, табиғаттың ен байлығына сұқтанған «қызыл көздердің» қырғынын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын.       

 

Ақмола облысы