Қызылорда қаласындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаментінің 9 айдағы жұмысына арналған брифинг өтті.
Брифингте департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшиддин Әмитов БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға төмендегенін айтып өтті.
Қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыстар да азайған. Топ болып қылмыс жасайтындар көрсеткішінің де төмендегені байқалады. Қазір облыста «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Қыркүйектен желтоқсанға дейін созылатын шараның мақсаты – қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халықтың оларға деген сенімін арттыру болып отыр.
Осы шара барысында, барлығы 75 мыңнан астам пәтер мен жеке- меншік үйлер тексерілді. Нәтижесінде, облыс орталығында 54 пәтердің жалға заңсыз беріліп жатқандығы анықталып, құжаттар тиісті органға жолданды. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 4 мыңнан аса тұрғын мекенжайлары бойынша тексеріліп профилактикалық жұмыстар жүргізіліпті.
Шамшиддин Егембердіұлының айтуынша «Учаске» жедел профилактикалық шарасында заңсыз айналымнан 37 қару тәркіленіп, 7 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық деректері анықталған.
Браконьерлік пен биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау мақсатында 12 қазанда «Браконьер» шарасы басталды.
Алғашқы аптаның өзінде табиғат қорғау заңнамаларын бұзған 59 дерек белгілі болды. Оның біреуі қылмыстық, қалғаны әкімшілік құқықбұзушылықтар.
Қалалық полиция басқармасы қолға алған «Қауіпсіз қала» шарасының да маңызы зор. Полицейлер, қалалық әкімдік, прокуратура, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері, волонтерлер бірлесе өткізген рейдтің 2 күнінде 53 құқық- бұзушылық анықталды. Қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын рейд кезінде карантиндік шектеудің шегінен шығып кеткендер көп кездесіпті.
– Той жасап, ас беріп, туған күнін атап өтетіндер әлі де тыйылар емес. Бұл карантин талаптарына қайшы екендігін біле тұра жұртты жинап кеш өткізетін заң алдында барлық адам бірдей екендігін түсінгені жөн. Жалпы, біздің департамент қызметкерлері талапты бұзған 225 деректі анықтады. Мобильді топтармен бірге аралауда тағы 334 дерек белгілі болды. Осыларға байланысты жинақталған құжаттар тиісті орындарға жолданды, – дейді департамент бастығының бірінші орынбасары.
Өткен аптаның соңғы 2 күнінде 97 заңбұзушылық анықталса, соның 81-і тығылып той өткізгендер. Карантин талаптарын елемегендер қатарында компьютерлік клубтар мен дүкендер де бар.
Облыс орталығында карантин талабы 143 мәрте бұзылыпты. Аудандарда да ескертуді елемегендер көбейіп отыр.
Қызылорда