• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қазан, 2020

Қажетті отынның 70%-ы жеткізілді

107 рет
көрсетілді

Биыл облыста жылу беру маусымына дайындық жазда басталды. «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 4 млрд теңгеге жылу қазандықтары жөнделді, ұзындығы 15 шақырым болатын магистралды және орамішілік жылу желілері қайта жаңғыртылды. Облыс орталығымен қатар аудандарда осы бағытта көп шаруа атқарылды.

Осы жылғы тағы бір жаңалық – жылу маусымының жылдағыдан 5 күн ерте бас­талуы. Қазан туа күн салқындап, облыс басшылығының тапсырмасымен жылу осы айдың алғашқы онкүндігінде-ақ беріле бастады.

Қазір облыстағы 1 185 әлеуметтік нысанға және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 713 көпқабат­ты тұрғын үйге жылу тұрақты берілуде.

Өңірдегі әлеуметтік сала нысандарына алдағы қыстан шығу үшін 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын қажет. Тұрғындарға қажетті көмір мөл­шері – 163,6 мың тонна. Қазір осы көмір­дің 113,0 мың тоннадан астамы жет­кізілді.

Жылу беру маусымы кезеңінде Қы­зылорда қаласының өзіне ғана тасымалдаушы жеке кәсіпкерлер тарапынан барлығы 889 вагон немесе 61 385 тонна көмір жеткізіледі. Қазір қаладағы «БЕК», «Қарымсақов» жеке кәсіпкерлігі мен «Олжас-2005», «ТЭК Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде көмір қоры жеткілікті. Қала билігі тарапынан оның бағасы да бақылауда тұр.

Әр қыста көмірдің қат болып, бағасы­ның да күрт өсіп кететіні жиі байқалып жүр. Осындай келеңсіздік биыл қайта­лан­бас үшін облыс басшылығы көмір өнді­ре­тін кәсіпорындармен тікелей келі­сім­шарт жасап, тұрғындарға тиімді бағамен сатуға баса назар аударып отыр. Осы күні облыс аумағында 30 көмір жинақтау қой­масы жұмыс істеп тұр. Олардың бесеуі – Қы­зыл­орда қаласында, қалғандары – аудандарда. Жалпы, жылу маусымының тұрақты өтуі – облыстық штабтың бақылауында.

Өңірге газ келгелі көмірге сұраныстың бұрынғыдан төмендегені белгілі. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұловтың хабарлауынша, биыл газ таратқыш желілеріндегі жоспарланған техникалық қызмет және басқа да жұмыстар толықтай жүргізілді. Жалпы ұзындығы 2 305 шақырымдық газ құбыры, 54 блоктік және 193 шкафтық газ реттегіш бекеттері бар мекеме мау­сымға толық дайын.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалы қазір облыс бойынша 111 256 тұтынушыға, осыған қосымша газға қосылған 2 403 коммуналдық-тұр­мыстық кәсіпорынға газ беріп отыр.

– Тұтынушылардың барлығы бір­дей жы­лу маусымына әзір деп айту қи­ын. Көптеген дүкен, дәмхана, мей­рамхана бүгінге дейін газды сатып алуға келісімшарт жаса­маған, сондай-ақ көпшілігінің техни­калық қызмет көрсетуге шарттары жоқ. Осыған бай­ланысты тұтынушыларға ескерту жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл нәти­же бермесе, кәсіпорындарға газ беру тоқ­та­тылады, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалы дирек­торының бірінші орынбасары Е.Қалдығұлов.

Сонымен қатар жеке тұлғалардың газға қарызы 1 млрд теңгеге жуықтап отыр. Осы себептен де «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы берешегі бар тұтынушыларды газдан ажыратуға мәжбүр. Олар тұты­нушы түбіртек парағына сәйкес әр ай­дың 25-іне дейін пайдаланылған газға төлем жасау қажеттігін айтып отыр. Ажы­ратылған абонент қарызын толық өте­геннің өзінде газды ажыратып, қайта қосу қызметінің ақысын төлеуі тиіс. Мұн­дай шығынға ұшырамаудың басты жо­лы – коммуналдық төлемді уақтылы төлеу.

 

Қызылорда