Бүгінде COVID-19 құрсауы әлемді шектеген үстіне шектеу үстінде. Өйткені вирус жұқтырушылар саны сәт сайын өсе түсіп, тіптен алғашқы толқынның екпінін басып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бразилияда бір күнде 24,8 мың адамнан, Аргентинада 18,3 мың адамнан ауру тіркеліп, Францияда КВИ жұқтырғандар 1 млннан асты. Бұған дейін Батыс Еуропада миллионға жеткен Испания ғана болатын.
Польша Премьер-министрі Матеуш Моравецкий елдің үшінші тіпті төртінші толқынға даяр болуы керектігі жайында айтты, дейді Polskie Radio 24. Поляк радиосының хабарлауына қарағанда Моравецкий үкіметтік отырыста 24 қазаннан бастап бүкіл Польша аумағын "қызыл аймақ" деп жариялау қажеттігіне тоқталған көрінеді.
Үкімет егер вакцина жасалып шықса оны алуға құны төленіп қойған ЕО құрамындағы елдің бірі екенін, вакцина даяр бола салысымен азаматтардың онымен толық қамтылатынын жеткізген Моравецкийдің айтуынша елдегі COVID-19 таралуы алаңдатарлықтай күйде, анықталған аурулар саны сәт сайын өсу үстінде.
Осыған дейін ел ішінде "қызыл аймақ" деп жарияланған аудандарда дүкендерде 5 адамнан артық кезекке тұруға болмайтын. Оның өзінде қашықтық қатты қадағалануы тиіс. Халық жиналатын барлық салтанатты шаралар өткізуге рұқсат жоқ, ал шіркеудегі құлшылықта адамдар арасы 7 метрден кем болмауы қажет.
22 қазан күні поляк Сеймі де пандемияға қатысты заң жобасын қарайды, онда елдегі бірнеше саяси партиялардың ұсыныстары қарастырылған. "Құқық және әділеттілік" партиясы COVID-19-ға қарсы күресіп жатқан дәрігерлерге еңбекақыны 2 есеге арттыру, сонымен қатар инфекциямен күрес уақытында жіберілген дәрігер тарапынан қасақана жіберілмеген қателіктер үшін қылмыстық құдаланудан босату жайында бап ұсынылған.
Ирландия халқы Үкіметтің 19 қазанда қабылдаған шешімімен қатаң карантин шаралары аясында тіршілік етіп жатыр
Шектеуге байланысты енді ираландықтардың тек ет жақынымен ғана кездесуіне рұқсат етілген. Барлық сауда орындары жабылып, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Бүкіл қоғамдық тамақтандыру орындарының клиенттер қабылдауына болмайды, олардың тапсырыс бойынша үйлерге апарып беріп қана қызмет көрсетуі талап етілген.
Оған қоса ирландықтың өз тұрғылықты жерінен 5 шақырымнан алысқа шықпауы, барлық қызметкерлердің үйлерінде отырып жұмысты қашықтан ғана орындауы карантин заңдылықтарына кіргізілген көрінеді. Тәртіп бұзғандар 500 еуродан 2500 еуроаға дейін айып төлейді.
Dagens Nyheter газетінің хабарлауына қарағанда Швеция Денсаулық сақтау агенттігі 22 қазан күні COVID-19-ға қатысты жаңа тәртіптерді жария етеді
Әзірге барлық тәртіп аса құпия түрде. Ал пандемия басталғалы Швецияның карантин жарияламай, ұжымдық иммунитет пайда болуы тиіс деген ұстанымда болып, тек жасы ұлғайып, 70 тен асқан адамдардың өздерін сақтап сыртқа шықпауын ұсынғаны аян. Бірақ екінші толқындағы екпін Швеция үкіметін ойландырып тастады.
Мемлекеттік бас эпидемиолог Андерс Тегнелл шектеу тәртібінің қандай деңгейде болатынын журналистерге айтудан бас тартқан. Ол тек жаңа тәртіптің ескі мен жаңаның қосындысы болатынына ғана тоқталды.