Бүгінгі таңда Жамбыл облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанымен, көпшілік күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы біршама өскен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бірінші сұрыпты ұн бағасы 1,3%-ға, жұмыртқа 1,4%-ға, күнбағыс майы 0,7%-ға қымбаттаған. Жалпы, жыл басынан бері ұн бағасы 9,6%-ға, қарақұмық 30,9%-ға, нан 1,5%-ға, картоп 16,1%-ға көтерілген. Бағасы өскен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының қатарында сиыр еті, жұмыртқа, сары май, қант, тұз, айран, сүт сияқты тағам түрлері де бар. Қазіргі кезде Тараз қаласындағы дүкендерде бір бөлке нан – 55, қанттың килосы 190, ал күріштің килосы – 240 теңгеден сатылуда.
Алайда әлеуметтік дүкен иелері қарақұмық сияқты кейбір тауарлардың бағасына сырттан жеткізілетін өнімнің өзіндік құны әсер етіп отырғанын айтады. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Тұңғыш Жанұзақовтың айтуынша, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының ішінде ұн, макарон, нан және ет бағалары тұрақсыз болуы мүмкін. Бүгінде өңірдегі тауар бағаларына мониторинг жүргізу мақсатында 4 мобильдік топ құрылған. Яғни бағаны тұрақтандыру үшін жұмыс атқаруда. Аталған топ Тараз қаласындағы негізгі 12 ірі сауда орнын қамтиды. Сонымен қатар тексеріс тобы облыс аудандарында да жасақталуда.
Қазіргі кезде өңірдегі тұрақтандыру қорында 1633,7 тонна тауар бар екен. Сондай-ақ келісім бойынша 2364,3 тонна тауар жинақталған. Ал алдын ала жасалған келісімшарт бойынша күнделікті сұранысқа сәйкес 1378 тонна қор босатылатын болады. Оның ішінде 335 тонна нан, 520 мың дана жұмыртқа, 3,2 тонна тұз, 22 тонна тауық еті және 24 тонна сүт бар. Сол сияқты биыл қыркүйек айынан бастап 470 тонна картоп, 332 тонна пияз және 191 тонна сәбіз босатылған.
«Тараз қаласындағы негізгі сауда орындарынан арнайы әлеуметтік сөрелер ашылды. Әлеуметтік 6 дүңгіршек тұрақты жұмыс істеуде. Мұнда жыл басынан бері 872,8 тонна тауар нарық бағасынан 8-20 пайыз аралығында төмен бағадан өткізілді», дейді Т.Жанұзақов.
Енді 60 тонна күнбағыс майы, 60 тонна қарақұмық, 3 мың тонна бірінші сұрыпты ұн, әрқайсысы 100 тоннадан картоп пен пияз қорын жинақтау шаралары жоспарланып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Сонымен қатар Жамбыл облысы аумағындағы 9 кәсіпкерлік нысанына 1 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. Аталған қанатқақты жоба өңірдегі кәсіпкерлерге қарыз беру тетігі аясында жүзеге асырылып отыр. Бүгінгі жағдай бойынша кәсіпкерлік серіктестері арқылы 694,4 млн теңгеге 2169 тонна әлеуметтік азық-түлік алынған. Енді бағаны тұрақтандыру және жергілікті тұрғындарды қажетті қормен қамтамасыз ету мақсатында қарыз беру тетігі одан әрі өз жалғасын табады. Тұрақтандыру қорындағы қаражат есебінен алдын ала конкурстық іріктеуден өткен 14 жергілікті тауар өндірушінің тізбесі облыстық комиссияның кезекті отырысында айқындалған. Қазіргі таңда олармен қарыз беру туралы келісімшарттың жобасы келісілген.
Қазіргідей күрделі кезеңде бағаның тұрақтылығы көпшілік үшін маңызды болып отыр. Сол үшін арнайы құрылған жылжымалы топтың түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тиісті топтарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын үстемеақыны 15 пайыздан асырмау керек екені айтылған. Сонымен қатар ірі сауда желілеріндегі әлеуметтік тауарларға қосылатын үстемеақының көлемі 6-10 пайыз аралығында болуы керек екен.
Жамбыл облысы