Ширек ғасырға жуық меженің шекарасын аттап, еңсесін тіктеген елордада әлеуметтік сала төңірегінде атқарылып жатқан ілкімді істер жетерлік. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі аралықтағы маңызды мәселелер мен күрмеуі қиын күрделі шаруалар да шешімін тауып келеді. Жетімін жетелеп, жесірін жерге қаратпай, үйсізге үміт, күйсізге күліп қарайтын мейірімді мегаполисіміз бауыр басқанға да, сасқанға да сая болуда. Ендеше, елорда төріндегі дертке шалдыққандарға демеу болатын орталықтар мен мейірімді мекемелердің атқарып жатқан қызметтеріне атбасын тіреп көрсек.
Қуаныш сыйлаудан қуат алатындар
Өмірде жүректі елжірететін де, көңілді қынжылтатын да жағдайлар кездеседі. Біріне қуанып, біріне қуарып екі түрлі сезімнің етегіне еріп өмір өрнегін саламыз. Сүрінгенге сүйеніш, тайғанға таяныш болу – қазақы қанымызда қашаннан бар қасиет. Біреудің жоғына жомарттық танытып, қолыңнан келсе қолдау білдіру, қолтығынан демеу, жақыныңа жанашыр болып, жат адамға да жәрдемдесу – пендеге деген іштарлығыңды жойып, өмірге деген құштарлығыңды оятатын ғажап сезім емес пе? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда адалдық пен адамдықты, мейірім мен махаббатты, қамқорлық пен қайырымдылықты насихаттап қана қоймай, іс жүзінде игілікті шаралар атқарып келе жатқан «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын айтуға болады.
Мекеменің атқаратын негізгі міндеті – ерекше оқытуды қажет ететін балаларды түзету, оңалту және тәрбие үдерісін ұйымдастыру арқылы әлеуметтендіру, қоғамдық өмірге ықпал ету.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үш ғимараттан тұрады. Манас көшесі, 19 мекенжайында орналасқан бірінші ғимаратта 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқушылығы бар тәрбиеленушілерге әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Стационар бөлімінде 121 бала тәрбиеленуде. Екінші ғимарат І.Жансүгірұлы көшесі, 12/5 мекенжайында орналасқан. Онда күндізгі жартылай стационар бөлімінде бүгінде 122 бала тәрбиеленуде. І.Жансүгірұлы, 12/2 мекенжайындағы үшінші ғимаратта 18 жастан 29 жас аралығындағы психоневрологиялық ауытқушылығы бар тұлғаларды кәсіби еңбекке баулиды. Бұл бөлімде 38 бала тәрбиеленуде.
«Біздің ұжымда 307 қызметкер жұмыс істейді. Тәрбиеленушілерге әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін медициналық білімі бар мамандар, педагогтер және кіші медициналық қызметкерлер еңбек етеді. Балалар орталыққа халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартында көрсетілген талаптарға сәйкес қабылданады. Негізінен психоневрологиялық ауытқулары бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар және он сегіз жастан асқандар жатады», дейді «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Серік Елемесұлы.
Оңалту іс-шараларын ұйымдастыру үшін емдеу, еңбекке баулу, оқыту, мәдени және тұрмыстық қызмет алу үшін барлық жағдай жасалған. Ол балалардың гигиеналық нормалар мен талаптарға сәйкес дамуын қамтамасыз етеді. Нақтырақ айтсақ, орталықта жататын бөлмелер, ойын бөлмелері, жиһаз, жабдықтар, жұмсақ мүліктер, бес реттік тамақтану, автокөлік құралдары, сенсорлық бөлме, арнайы орта Монтессори кабинеті, физиокабинет, логопед, психолог, дефектолог кабинеттері, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу бөлмесі, лекотека, кітапхана, арт-терапия кабинеті, музыка залы, тігін, ағаш ұстасы шеберханалары, қысқы жылыжай, ойын, дене тәрбиесі залы, спорт алаңдары орналасқан.
«Мекеменің балалары психологиялық жарақаттанудан сақтайтын жағдайда тұрады. Психолог жүзеге асырған жұмыс психологиялық процестерді түзетуге, мінез-құлықтағы ауытқуларды ескеруге және оны жақсартуға бағытталған. Монтессори мен сенсорлық бөлмедегі сабақтар өзін бағалау және өз күшіне сену мүмкіндігін нығайтуға көмектеседі. Оқыту-тәрбиелеу үрдісі Алматы қаласының баспасынан 2004 жылы шыққан «Ойлау қабілеті ауыр формадағы балаларға арналған түзету және оқыту бағдарламасы» бойынша және оңалтудың кешенді орталығының модельдері негізінде жүргізіледі. Педагогикалық ұжым вариативті, жалпы дамыту және түзету бағдарламаларын таңдауда тәуелсіз. Балалардың алдыңғы қатарлы бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндігі бар. Мысалы, арт-терапия, еңбек терапиясы, агротерапия, кинезиотерапия, гарденотерапия, акватерапия, бейнелеу өнері терапиясы, эгротерапия бар», дейді мекеме басшысы.
Мүгедектігі бар балаларға өмір сүру жағдайларын жақсартуға, жәрдемақыларға, өтемақылар мен басқа төлемдерге ақы төлеуге жәрдемдесуді мекеменің білікті экономистері қамтамасыз етеді. Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында туындаған сұрақтар бойынша заңды кеңес беретін және заңды құндылығы бар әртүрлі құжаттарды дайындау мәселелері бойынша мекеменің заңгері жұмыс істейді. Мекемеде анимациялық қызмет көрсетудің жоспары бойынша мейрамдар мен бос уақыттарын өткізу шаралары ұйымдастырылады. Балалардың шығармашылық дамуы үшін «Сазбен жұмыс пластикасы», «Бисермен тоқу», «Қағазбен жұмыс пластикасы», «Жас актер» және басқа да үйірмелер жұмыс істейді. Балалар мәдени іс-шараларға, театр, көрме, парк, концерт, цирк, кинотеатрларға жиі барып тұрады.
Шеберлікті шыңдауға оңтайлы орталық
Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы елордада екі жыл бұрын Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті, меценат Қайрат Боранбаевтың бастамасымен салынды. Орталықтың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Қазір мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің шеберлігін шыңдап, мақсатына жету үшін дайындалады. Бұл – жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлеріндегі ұлттық құрамалар мен спорттық резервтің сапалы және кәсіби дайындығына арналған бірегей нысан. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған осындай спорт орталықтары АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Кореяда бар, бірақ елімізде әзірше біреу ғана.
Ғимаратқа кірер жолда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген қамқорлықты сезінесің. Пандустар, үш тілде дыбыстық үндеулер, тактилді тақтайшалар, кіру есіктерін автоматты түрде ашуға және жабуға арналған батырмалар бар. Сайып келгенде мұның бәрі орталыққа оңай кіру үшін жасалған жағдайлар. Негізгі кіреберісте Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылған мүгедектердің арбасын жуатын орын орналасқан. Оның авторы – арбада отырып билеу бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі Ардақ Отарбаев. Ол бос уақытында жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. Еңселі елордамызда қар мен жаңбырдың көп жауатынын ескерсек, мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасы таза болып жүруі үшін Ардақ мырзаның ойлап тапқаны – қуантарлық дүние.
Орталықтың кіреберісінде орналасқан киім ілу орны екі қабатты болғанымен, арбадағы азаматтар заттарын оңай орналастыру үшін арнайы төмен етіп жасалған. Жаттықтыру орталығына келушілерге арнап қойылған жәшіктер бар. Онда олардың бағалы заттары сақталады. Сондай-ақ мұнда демалыс, асхана және 12 адамға арналған қонақүй бар.
«Ресепшннің жанында көзі нашар көретіндер үшін тактильді мнемосхемада орталық туралы барлық ақпарат Брайл шрифімен ілініп қойылған. Бірінші қабаттан екінші қабатқа арнайы сатымен көтерілуге болады, ал екіншіден үшінші қабатқа арнайы лифт жеткізеді. Оның ішіне 6 мүгедек арбасы сыйып кетеді. Ғимараттың ішінде де пандустар, тұтқалар бар. Орталықта медициналық блок, киім ауыстыратын (ерлер мен әйелдер) жер де бар. Мекеменің ресми ашылуы Мемлекет басшысының және халықаралық паралимпиада комитеті өкілдерінің қатысуымен 2018 жылдың 4 шілдесінде болды. Тұңғыш Президенттің қолдауымен ашылған орталық қызметін тек параспортшыларға ғана емес, қаладағы барлық санаттағы мүгедектерге қызметін тегін көрсетеді», дейді Паралимпиадалық жаттықтыру орталығының маркетолог маманы Нұрғали Жеткергенұлы.
Орталықта үш зал бар: жаттығу, ойын және жекпе-жек залы. Жаттығу залының алаңы 500 шаршы метр, салмақ түсіретін жаттығуларды орындау үшін 40 түрлі құрылғы қойылған. Спортзал – 811 шаршы метр. Тренажерлер ерекше күтімді қажет ететін адамдарға лайықталған. Сол залда паралимпиадалық спортшылардың жаттығулары мен функционалдық зерттеулеріне арналған жүгіру белбеуі бар. Бұл – үлкен өлшемді жүгіру жолы. Жүйе спортшының денесін қалай иілуін, онда көлбеуді көбірек жасайтындығын толық көрсетеді, яғни оның жаттығуларына толық бейне талдау жасалады.
«Бұл жүгіру жолағы кеңейтілген мөлшерде салынған. Қазақстанда мұндай жолақтың баламасы жоқ. Оның ерекшелігі, мұнда тек паралимпиалықтар ғана жаттықпайды, ұлттық құраманың да мүшелері келеді. Ол спортшыға талдау жасайды. Яғни осы жерден әлем чемпионы (коньки ролигі немесе шаңғымен) жүгіріп өтсе, компьютер оның мәліметтерін есептейді, оның соңынан басқа спортшыны жаттықтырамыз. Жүйе спортшының денесін қалай бүгіп, майыстырғанын, көбіне қайда қарай еңкейгенін, яғни оның жаттыққаны туралы толық талдауды береді. Жүгіру жолы 45 градус жоғары көтерілген, бұл велосипедшінің, арбадағы спортшының жаттығуына көмектеседі, кедір-бұдыр көтерілу мен таудан түсуді елестетеді. Оның жүйесіне біз спорт нысанының белгілі бір мәліметтерін проекциялау үшін жүктедік, оның ішінде Медеу де бар, шаңғы ролер, биатлон, арбадағы би, шорт-трек, конькимен жарыс спорты, веложарыстан тесттік жүгірулер өткіздік. Жол жұмыс істеп тұр, бәрінің көңілінен шықты», дейді Н.Жеткергенұлы.
Ойын залының алаңы – 400 шаршы метр. Едені қымбат тұратын сырғанақ кілеммен жабылған. Одан басқа мұнда отырып ойнайтын волейбол үшін кәсіби жамылғы төселген. Отырып ойнайтын волейбол, бочча, голбол, арбадағы үлкен теннис – паралимпиадалық 4 спорт түрінің белгілері орнатылған. Мұнда арбадағы бимен де айналысады. Барлық спорттық құрал сертификатталған. Осы инвентарда тек жаттығулар ғана емес, әлем чемпионаты деңгейінде де жарыстар өткізуге болады. Жекпе-жек залының алаңы – 400 шаршы метрге жуық. Қазіргі таңда мұнда үстел теннисі де орнатылған. Жуынатын, шайынатын және де моншадағы қызметтер батырманы басу арқылы басқарылады.
«Біздің жуынатын бөлменің артықшылығы – мұнда ештеңені бұраудың қажеті жоқ, кранды басса болды, барлығы сенсорлы түрде іске қосылады. Сабыннан фенге дейінгі аралықта артық күш салудың қажеті жоқ. Барлық жерде тұтқалар орнатылған. Шайынатын жерде мүгедектер үшін арнайы орындықтар бар. Ол 200 килоға дейін көтере алады. Балдаққа арналған арнайы ілгіш, «дабыл» түймешесі бар. Еден тайғанақ болмас үшін арнайы резинамен жабылған. Соның өзінде біз сақтанып, кілемшелер сатып алдық», деп түсіндірді орталықтың мамандары.
Дәрігерден рұқсат алған барлық мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы жаттықтырушының немесе инструктордың нұсқаулығымен жаттығу залдарында спортпен шұғылдана алады.
«Жаттығу залында арнайы оқудан өткен инструкторлар бар. Оларды залға бірден жібермейміз, арнайы алгоритмдерді ұстануы керек. Алдымен біздің спорт дәрігері адамның денсаулығын анықтайды. Әрі қарай өзінің емдеуші дәрігерінен рұқсат алады. Осыдан кейін ғана біз оған рұқсат береміз, ол таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін жаттығу залында тегін шұғылдана алады. Бәрі тегін. Орталықта ақылы қызмет жоқ», деді орталықтың маркетологы.
Мекемеде бір күнде 780 адам спортпен шұғылдана алады, әрбір залда 300-ден 350 адамға дейін сыяды.
Шарапаты мол шаңырақ
Тынымсыз тіршіліктің керуені алға басып барады. Жүйрік аттай жүйткіген уақытты уысыңда ұстап қалу мүмкін емес. Бірақ сол уақыттың әрбір сәтін әдемі естеліктермен толтыруға болады. Ол үшін шіріген бай, шіренген бастық болу – басты мақсат емес. Тек жүрегіңнің түбінде мейірім деген ұғымның сәулесі қылаң беріп жатса болғаны. Қазіргі қоғамда қарттар мен балалар үйінің қаптап салынуы осы сезімнің жоғалып бара жатқанын көрсететіндей. Қараусыз қалған қарттарға қамқор болып, тумаса да туысындай, жат болса да жақынындай жәрдемдесіп, кішілік пен кісіліктің, махаббат пен мейірімнің мекеніне айналған «Шарапат» орталығы да еңселі елордамыздың ертеңіне сөнбес сәуле сыйлап тұрғандай.
«Шарапат» деп аталған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім бойынша сапалы және кешенді қызмет көрсететін тәжірибесі мол мемлекеттік мекеме. Бұл жерде зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер мен ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғызбасты жандар тұрады. Аталған мекеме 1989 жылдан бастап жұмыс істейді, ал 2007 жылы Көктал-1 тұрғын алабында жаңа ғимараты бой көтерген.
«Шарапат» орталығы шағын болса да шамасы жеткенше елеулі еңбек атқарып жатқанын айта кеткен абзал. Мекеме қызметінің басым бағыты – осында тұратын адамдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтің сапасын үнемі жақсарту және қызмет алушылардың әлеуметтік бейімделуін арттыру. Мұнда толық немесе жартылай қозғалу және өзіне қызмет көрсету қабілетінен айырылғандардың тұрақты және уақытша тұруы үшін 400 орын бар, сондай-ақ мұнда қиын жағдайларға тап болған адамдар да тұрады.
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Рысты Жағыпарқызы қарттарды қадірлеу қазақтың қанына сіңген қасиет екенін алға тартты.
«Әдетте біз қарттық туралы ойланбаймыз. Бізге бүгінде тұрмыс-тіршіліктің маңызды және күрделі мәселелерін шешу барысында ойлануға да уақыт жетпейді. Бала тәрбиелеп, олардың қамын ойлап, болашағымызға қор жинаған боламыз. Өкінішке қарай, ертең өзіміздің жағдайымыз қалай болары бір Аллаға ғана аян. Бұл балалар жаман тәрбие алып өсті деген сөз емес. Бүгінгі жастар ата-анасының ұясынан ұшып кетіп, басқа қалаларда тұрып жатады, тіпті басқа елге барып, сол жақта өмір сүргілері келеді. Айта берсең, себептер жеткілікті. Біреулер баспанасы жоқ болғандықтан, қасына әжесін әкеліп тұрғыза алмайды, ал екіншісі өзі мүгедек бола тұра, әке-шешесіне қандай қамқоршы болмақ? Кейбіреулер соғыстан кейін жақындарын жоғалтып, уақыт өте келе жеке басының мәселесін шеше алмағандар. Бұл өмірлік мәселенің шешу жолы бар ма? Жалғыз қарттардың өмірін қалайша қуаныш пен игілікке толы қыламыз? Олардың қамшының сабындай қалған өмірін есте қалатындай жасай аламыз ба? Біздің мекеменің қызметкерлері қолынан келгенше осы адамдардың өмірін жақсартамыз деп атсалысуда, мүгедектер мен қарттар жалғыздығын сезінбей, біздің мекемеде туған үйінде тұрғандай болсын деп аянбай еңбек етуде. Әрине, өз үйіндей болмайды ғой, баласы мен жақындарының орнын кім толтыра алар? Мемлекет осындай адамдарға қамқорлық жасау мақсатында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қажет ететіндердің өмір сапасын жақсарту үшін заңнамалық-құқықтық базаға өзгерістер енгізіп отырады», дейді ол.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы бүгінде Орталық стационар жағдайында 295 адамға, қаладағы 1040 жалғызбасты қария мен балаға қызмет көрсететінін атап өтті.
«Біз оларға 7 негізгі бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетеміз. Оның ішінде тұрмыстық қызмет, медициналық, мәдени қызмет, экономикалық, психологиялық, еңбек қызметі және құқықтық қызмет түрлері бар. Біздің мекеме 1989 жылы «Қарттар үйі» деп ашылған. Бірақ 2016 жылы Астана қаласы әкімдігі қаулысының негізінде «қарттар үйі» деген сөз болмас үшін атауын «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп өзгерттік. Себебі қазақта «қарттар үйі» деген сөз құлаққа жағымсыз естіледі. Қазіргі таңда елімізде балалар орталығы, жастар орталығы сияқты мекемелер көп, сондай мақсатта біз де орталықтың атын ауыстырған едік. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қаулысы негізінде «Шарапат» әлеуметтік көмек көрсету орталығы мен «Әлеуметтік көмек көрсету орталығы» бірігіп бір мекеме болды. Қазіргі атауы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік көмек көрсету орталығы» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны деп аталады. Екі мекеме біріккен соң жұмыс та көбейді, қызмет алушылардың саны артты. Сонымен қатар 1040 қызмет алушының 480-і – жалғызбасты қариялар, 560-ы – мүмкіндігі шектеулі балалар. Орталық сонымен қатар ақылы қызметті де көрсетеді, яғни 295 адамның 58-і ақылы түрде, ай сайын 66 950 теңге төлеп тұрады. Бұл сома еліміздегі экономикалық көрсеткіштерге байланысты жыл сайын өзгеруде», дейді ол.