Өскемен өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасының өскені байқалған. Атап айтсақ, ұн, қант, жұмыртқа, күнбағыс майы қымбаттаған. Сондай-ақ тауық етінің бағасы да жоғары.
– Үйдің жанындағы дүкенге бір кіріп-шыққанның өзінде кемінде 5 мың теңге жұмсайсың. Сондағы алатының күнделікті тұтынатын азық-түлік – нан, жұмыртқа, күнбағыс майы. Іріктелген кесек жұмыртқаны 430 теңгеге алдым. Баға қайда кетіп барады, – дейді өскемендік зейнеткер Бикамал Құралова.
Баға бағынбай барады. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық, ветеринария бөліміне хабарласқанбыз. Олардың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына үнемі мониторинг жасалып отырады. Аталған бөлім мамандары ұсақ-түйек дүңгіршектерден бастап ірі сауда орындарындағы бағаның бәрін назарында ұстайды. Егер де тұрғындар тарапынан қандай да наразылық туындайтын болса, құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істейді. Ал бағаны назарда ұстау үшін жасалатын мониторинг жұмыстарына қала жұртшылығы ерікті түрде қатыса алады. Бағаны бақылау жұмыстары кезінде арнайы мамандар әлеуметтік маңызды деген азық-түліктердің бағасын түртіп алып отырады. Егер бағада өсім байқалса, көтеру себебі анықталады.
– Қазіргі уақытта жұмыртқа бағасы қымбаттаған. Бірінші сұрыпты жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатады. Бағасының өсу себебін айтар болсам, құс фабрикаларында эпизоотиялық кері жағдайларға байланысты айтарлықтай шығындар болды. Тауықтардың саны азайып, дезинфекциялық заттар сатып алынды. Вакциналар да арзан емес. Одан басқа құстардың азығы да біршама қымбаттаған, – деп түсіндірді Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық, ветеринария бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.
Бөлім басшысының айтуынша, өсімдік майына деген бағаның өсуі де негізгі шикізаттың қымбаттауымен байланысты. Майлы дәнді дақылдар егумен айналысатын шаруа қожалықтары шекілдеуік тұқымының қымбаттауын алға тартқан.
Ұн бағасының өсу себебі де осыған ұқсас. Жыл басында ұн тарту кәсіпорындарында бірінші сұрыпты ұнның килосы 110 теңгенің маңайында болатын. Алайда сәуірден бастап жеке шаруа қожалықтары бидайды қымбатқа сата бастаған. Яғни тоннасы 68 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өскен. Сөйтіп, ұн тартушылар да килосын 125 теңгеге көтерген. Қазіргі уақытта ұн бағасы осымен тұрақталған. Ал қант бағасының қымбаттауының себебі – шикізаттың көбі шетелден әкелінетіні. Сайып келгенде шикізат бағасының қымбаттауы дүкен сөрелерінде тұрған өнімдердің бағасына әсер етеді. Мамандардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта баға тұрақтады.
Тұрғындар үшін өңірлік тұрақтандыру қорының қоймаларында да қор жеткілікті. Соңғы мәліметке сүйенсек, қорда 2 400 тонна картоп, 1 300 тонна қырыққабат, 800 тонна сәбіз және 1 200 тонна пияз сақталған. Тұрақтандыру қорының өнімдері қарашаның бірінен бастап келесі жылдың мамырына дейін саудада болады.
Жеміс, көкөніс өнімдері қазанның соңына қарай толық көлемде жеткізіледі. Жыл басында Түркістан облысынан 95 тонна қырыққабат пен 2 200 тонна бірінші сұрыпты ұн сатып алынды. Соңғысы әлеуметтік нан өндірушілерге үстемесіз саудалануда. Бүгінде бұл ұнның 34,7 пайызы сатылды. Қорда әлі 1 436 тоннасы бар.
Әлеуметтік сөрелерде сондай-ақ 3 пайыз үстемемен 185 теңгеден 100 тонна макарон өнімдері сатылып жатыр. Қазіргі уақытта 67 пайыздан астамы сатылып қойды. Өскемен қаласы бойынша – 52,28 тонна, Семей қаласы бойынша – 14,68 тонна.
Сонымен қатар тұрақтандыру қорындағы 408 тонна күріштің 157 тоннасы 255 теңгеден сатылып жатыр. Ішкі нарықты тұрақтандыру үшін «Восток сахар» және «Ақ сұңқар» ЖШС қоймаларына өткен жылдың басында 680 тоннадан астам қант жеткізілген. Оның 639 тоннасы сатылып, 40 тоннадан астам қант қалды.
Биыл өңірлік комиссия қарақұмық жармасын сатып алу туралы да шешім қабылдады. Себебі өткен жылғы сатып алынған өнімнің барлығы сатылып кетті.
Шығыс Қазақстан облысы