• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2020

Көгілдір отынсыз көсегеміз көгермейді

215 рет
көрсетілді

Соңғы аптада облыс орталығында газ тапшылығы орын алып, тұрғындардың наразылығын туғызуда. Осы бір ке­лең­­сіз жайт әр қилы алып-қашты әңгімеге себеп болып отыр.

Қазір жанармай бекет­те­рін­дегі ұзын-сонар кезектен көз сүрінеді. Күні бұрын таллон алғандарға ғана көгілдір отын босатылуда. Қалғандары әйтеуір бір келіп қалар деген дәмемен тосуда.

– Кеше түнде баға бірден өсті. Әуелі литрі 57 теңге болған, қазір 80 теңгеден сатылуда, – дейді қала тұрғыны Бағлан Әміржанов, – соның өзінде таптырмайды. Әйтсе де, жанармайдан арзан ғой деп амалсыздан аласың. Дәл осындай қысылтаяң кезде пайда табуды көздейтін кәсіпкерлердің пиғылы алаңдатады.

Кейбір жанармай бекет­те­рінде газ мүлдем жоқ. Онда­ғы қызметкерлер газ іздеп кел­ген қала тұрғындарын кері қайтарып жатыр. Біз сөйлескен қала тұрғыны Қоныс Есеевтің айтуына қарағанда, уақтылы ас-су дайындаудың өзі мұң болып қалған. Автокөлігі газбен жүретіндердің өкпесі қара қазандай. Осындайда жорамал айтатын «көріпкелдердің» пікіріне қарағанда, газ баға­сын өсіру үшін жасалып жатқан амал-мыс. Газ құю беке­­тін­де­гілер де көгілдір отын­ның аяқастынан жоқ болып ке­туі­нің нақты себебін тү­сін­ді­ре ал­майды.

– Жеңіл автокөліктерге алдын ала талон алып қой­ған­дар­­ға газ құюға міндет­тіміз, – дейді газ құю бекетінің өкілі Талғат Әлібаев, – олар алдын ала ақша­сын төлеп қойды ғой, құймауға ха­қымыз жоқ. Қазір облысқа келетін көгілдір отынның дені элеваторлар мен қоймаларға астық кептіру үшін жөнелтіліп жатыр. Ол да өте маңызды шаруа ғой.

Егер мәселе уақтылы ше­ші­­мін таппаса, жағдайдың ушы­­ғып кетуі де мүмкін. Жа­уапты мекеме басшылары бір-бірімен уәделесіп қой­ған­дай бір ғана жауап айтуда.

– Жағдайдың осылай қа­лып­­тасуына зауыттардағы жөн­­деу жұмыстарының созылып кетуі себеп болып отыр. Қыр­күйек айында басталған жұ­мыс әлі де жалғасуда. Қашан аяқ­талатыны белгісіз, – дейді облыс­тық энергетика және тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруа­шы­лығы басқармасының бө­лім мең­геру­шісі Жасқайрат Са­дықов.

Көпшілікті әуре-сарсаңға сал­ған көгілдір отын тап­шы­­лығы қашан жойы­ла­тын­ды­ғын ешкім тап басып айта ал­майды. Онсыз көсегеміздің кө­гер­мейтіні белгілі болып отыр.

 

КӨКШЕТАУ