Еңбек нарығы – коронавирустан ауыр соққы алған саланың бірі. Қазақстан ғана емес, тұтас әлем соның зардабын әлі тартып отыр. Мұны Халықаралық еңбек ұйымы да мойындады.
Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы әлем бойынша жұмыс уақытының қысқаруы әу бастағы болжамнан едәуір асып түскен. Мәселен, пандемияға дейін 2020 жылдың екінші тоқсанындағы жұмыс уақытының қысқаруы 2019 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 14 пайызды құрайды деп болжанған еді. Алайда нақты көрсеткіш 17,3 пайызға тең болды. Бұл көрсеткіш 495 млн жұмыс орнына пара-пар. Сондай-ақ үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыс уақытының қысқару көрсеткіші 12,1 пайызды құрайды деп күтілуде.
Мұның негізгі себебінің бірі – дамушы елдер мен нарықтық экономиканы қалыптастырушы мемлекеттердегі адамдардың бейресми жұмыстарымен қамтылуында. Негізінен зардап шеккен де солар. Мамандар бұл санаттағы адамдар бұған дейінгі дағдарыстарда мұншалықты қиналмағанын алға тартуда.
Сол секілді Қазақстанның еңбек нарығынан да дағдарыстың салқынын сезуге болады. 2020 жылдың екінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Жалпы, бір жыл ішінде республикадағы жұмыссыздық 2,8 пайызға ұлғайып, жұмыссыздардың жалпы саны 454 мың адамды құраған. Бұл – соңғы жылдардағы ең нашар көрсеткіш.
Ол аздай экономикалық құлдыраудың салдарынан кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы берешегі де күн санап өсіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мемлекеттік инспекторлар 891 кәсіпорынның өз қызметкерлеріне қарыз екені анықталған. Берешек көлемі – 2,7 млрд теңге. Ал еңбекақы бойынша жинақталған қарызын ала алмай жүргендердің саны – 25,9 мың адам.
Қарыз арқалаған кәсіпорындардың басшыларына талапты орындау міндеті туралы 511 ұйғарым беріліп, 71,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. Қабылданған шаралардың, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің кестелері мен мерзімдерін қатаң белгілеудің нәтижесінде 24,7 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды. Оларға 2,76 млрд теңге төленген.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықовтың сөзінше, пандемия кезінде елімізде еңбек нарығында жаппай жұмыссыздық орын алған жоқ. Бірақ жұмыс уақыты айтарлықтай қысқарған.
– 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда екінші тоқсанда елдегі жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызға өсіп, 5 пайызға тең болды. Алдағы уақытта жұмыссыздар саны айтарлықтай көбеюі ықтимал. Екінші тоқсанда жұмыс күшінің саны 0,9 пайызға қысқарды. Бұл ретте жұмыс күшіне жатпайтын халық саны бірінші тоқсанға қарағанда 79,2 мың адамға немесе 2 пайызға артты. Жұмыссыздық деңгейіндегі өсім адамдардың жұмыс күші санатынан шығып экономикалық белсенді емес топқа қосылуымен байланысты. Карантинге байланысты шектеулер қойылған сәтте екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер жұмыс іздеуді тоқтатқаны белгілі. Алайда олар жұмыссыздықтың талабына сәйкес келмейді. Шектеулер алынған соң, жұмысқа орналасуы мүмкін. Егер орналаса алмаса, онда статистикалық деректе міндетті түрде ескерілетін болады, – дейді Д.Арғындықов.
Сарапшының пікірінше, жұмыссыздықтың шамалы ғана өсім көрсетуіне кәсіпорындардың қабылдаған шешімдері де оң әсер еткен. Яғни, көп жағдайда компаниялар штат санын емес, жұмыс уақытын ғана қысқартқан.
– Қажетті маманды іздеу ұзақ уақыт алған жағдайда қызметкерді жұмыстан шығарғаннан гөрі жалақыны немесе жұмыс уақытын қысқартқан пайдалы. Бұл кәсіпорын үшін де, міндетті арқалап жүре алмаған қызметкер үшін де тиімді. Яғни, компания іскерлік белсенділікті қалпына келтірген кезде жаңа кадрларды іріктеуге ресурс жұмсамаса, қызметкер жартылай болса да, табысын сақтай алады», дейді ол.
Экономистер дағдарыс жағдайында еңбек нарығының аз ғана уақыт ішінде еңсе тіктей қоюы екіталай екенін үнемі айтады. Десе де, қазіргі деңгейді құлдыратпай ұстауға қашанда мүмкіндік бар.