Былтыр Жаңаарқа ауданында ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында бір мезетте мың күбіде 10 мың литр қымыз пісу жобасы сәтті іске асырылған еді.
Айта кету керек, жаңаарқалық қыз-келіншектер қол жеткізген бұл нәтиже халықаралық сарапшылар тарапынан ресми түрде мақұлданып, рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелген болатын.
Таяуда, қалың қазақты таңдай қақтырған осы игі істің құрметіне арнап аудан орталығына кіре беріс жерде «Мың күбі» мүсіні орнатылды. Ескерткіштің қойылуына кент әкімдігі мұрындық болып, жақсы бастама жаңаарқалық белсенді азаматтар тарапынан қолдау тапқан.
«Күбі піскен қазақ қызының ғажайып мүсіні өткенді еске салып, өлкеміздің көркіне көрік қосады», дейді ескерткіштің орнатылуына ат салысқан ел азаматтары.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы