Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметін ұйымдастыратын қаулы қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелеріне қатысты отырыс өткізді. Жиынға саяси партиялардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан, онлайн режімде облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі міндеттемелерін орындайтынын хабарлады. «Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатыса алады», деді А.Щегорцова.
Сондай-ақ отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданды. Онда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес бірқатар ереже бекітілген.
«Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша аккредиттеледі. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, егер оның Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болса, сайлауда байқауды жүзеге асыра алады. Сайлау туралы конституциялық заң шетелдік байқаушыларға аудармашының ілесіп жүру мүмкіндігін қарастырады. Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2021 жылғы 4 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталатынын белгілейді», деді А.Щегорцова.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететініне сенімді.
«Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауында халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім біздің сайлау процесіміздің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету тұрғысында халықаралық міндеттемелерді қабылдауымыздың расталуы болып табылады», деді Б.Имашев.