• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Қазан, 2020

Алматыдағы Кардиология институтында гамма-камера іске қосылды

306 рет
көрсетілді

Еліміздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында күрделі зерттеулер жасауға мүмкіндік беретін ерекше аппарат – гамма-камера іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Функционалдық ультрадыбыстық және сәулелік диагностика жасау бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Мурзалиннің айтуынша, бөлімше заманауи жабдықтармен және білікті мамандармен жасақталған.

Қайрат Ерболатұлы: "Бізде ультрадыбыстық зерттеулер мен компьютерлік томографияның барлық түрлері жасалады, енді гамма-камераны іске қостық. Жүректің диагностикалық зерттелуінің маңыздылығын түсіне отырып, біз миокардтың перфузиялық сцинтиграфиясы секілді зерттеуге ерекше көңіл бөлетін боламыз", деді.

Осы аптада біз миокардтың сцинтиграфиясын жасадық. Миокард – бұл жүректің бұлшықеті. Жүрек – адам ағзасындағы маңызды мүше. Оның функционалдық қызметі бұзылған жағдайда адамның әдеттегі өмір сүру сапасы төмендейді.

Жүрек бұлшықетінің патологиясы бар адам әдеттегі белсенділігін сақтап, ауырғанға дейінгі өмір сүру салтын сақтай алмайды. Миокардтың сцинтиграфиясын жасау үшін миокардтың тіндерінде жиналуға қабілетті изотоптар пайдаланылады. Олар зерттелетін аймаққа жүрек бұлшықетінің қан ағымы арқылы түседі де, қанмен қамтамасыз етілуі толығырақ болатын жерде тұнып қалады. Процесс түрлі-түсті суреттерде жақсы көрінеді. Гамма-камера сәулені анықтайды.

Зерттеу жасап отырған дәрігер оны компьютерге жібергеннен кейін жүректің қай аумағы жақсы, қайсысы нашар қанмен қамтамасыз етілетіндігін көріп отырады. Егер миокардтың суреті түс айырмашылығы болмай, тегіс және айқын болса, онда жүрек толығымен сау екенін көрсетеді.

Радиоизотопты әдіс зерттеуге дайындалу кезінде әдеттегі өмір сүру салтын бұзбай, препаратты ағзадан табиғи түрде еш зиянсыз шығаруға мүмкіндік береді. Процедурадан кейінгі жарты тәулік ішінде ағзада радиофармацевтикалық препарат қалмайды. Қажет болған жағдайда аз уақыт өткен соң процедураны қайталауға болады. Зерттеу қауіпсіз, ешқандай кері әсерлері жоқ.

"Келесі аптада біз қалқанша безінің сцинтиграфиясын жасауды жоспарлап отырмыз", дейді бөлімше меңгерушісі.

Бұл аппарат жүрек-қан тамыр жүйесі, асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және басқа да патологиялары бар пациенттерді зерттеудің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы зерттеудің (миокардтың перфузиялық сцинтиграфиясы) көмегімен операцияға дейін және операциядан кейінгі кезеңдегі жүректің ишемиялық ауруы мен миокардтың жағдайын да диагностикалау, жүректі емдеу мен оған жасалатын операциялардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ