23 қазан мен 23 қараша аралығында Нұр-Сұлтанда туберкулезді ерте анықтау үшін "ТОҚТА, туберкулез!" ұранымен қалалық ауқымды акция өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, акция кезінде алты мыңға жуық елорда тұрғынын туберкулезге қарсы профилактикалық тексеру жоспарланған. Қала тұрғындары үшін тегін флюорографиялық тексеру келесі аумақтарда жүргізіледі:
- тұрғын аудандар (Промышленный, Телман, Күйгенжар, Мичурино, Заречный, Пригородный, Железнодорожный, Өндіріс, Көктал және т.б.);
- қаланың сауда орталықтары мен базарлары ("Дәулет", "Артем", "Әлем", "Жаннұр", "Джафар", "Бахус", "Әсем", "Астықжан" сауда үйлері; "Ұлжан", Бигшанхай, Орталық, "Қамқор"; "Евразия" СОО, "Аружан", "Хан Шатыр" және т.б.).
Флюорографиялық тексерумен қатар туберкулездің алдын алу бойынша кеңестер алуға болады. Қала тұрғындарының қол жетімділігін арттыру үшін демалыс күндері сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін тексеруден өтуге болады.
Сондай-ақ, полиция департаментінің қолдауымен тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға флюорографиялық тексеру жүргізу жоспарлануда. Мамандар тәуекел тобындағы адамдарға кеңес беріп, қашықтан көмек көрсетеді.
Бүгін, іс-шараның бірінші күні жылжымалы флюорографтар Көктал-1 (Кировская СВА ауданы, Ардагерлер к-сі, 20), Көктал-2 (Ким көшесі, 4, №5 отбасылық денсаулық орталығы) елді-мекенінің тұрғындарына қызмет көрсетті.
Флюорографтар көлігінің келесі бағыты қосымша жарияланатын болады.