Түркістан облысының полицейлері тұрғынның ауласынан 250 грамм марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және Бәйдібек АПБ-нің полицейлері "Қарасора" жеделдетілген-профилактикалық іс-шарасы аясында қарқынды қызмет атқаруда.
Осы орайда тәртіп сақшылары жүргізген іс-шара барысында жергілікті тұрғыннан сырттай танысы өзінің үйінде есірткі затын заңсыз сақтайтыны және пайдаланатыны туралы хабарлаған.
Оқиға орнына тәртіп сақшыларының жедел тергеу тобы шығып, күдікті азаматтың тұрғылықты мекенжайына барады. Тінту барысында үйінің ауласында орналасқан қорасының ішінен ақшыл-сары түсті есірткіге ұқсас заттары табылды. Онымен қоса үй ауласын тексеру барысында үш шыны бөтелке ішіндегі есірткіге ұқсас көк түсті хош иісті заттар тәркіленді.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Оқиға орнынан есірткіге ұқсас көк түсті хош иісті заттарына сот-сараптамалық зерттеу тағайындалған.
Сараптама қорытындысына сәйкес 250 гр "марихуана" екені анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатынын ескертеді. Кей сәттері қылмыс жасап, заң бұзған адамның жазаланатынын біле тұра заңсыздыққа жол беріліп жатады.
Есірткінің қоғам дерті екендігін естен шығармай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресуді күшейтуіміз қажет. Сондықтан сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпаратты білсеңіз бірден полицияның "102" нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.