• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2020

Қызылорда облысының әкімі "Эксклюзив" бағдарламасына сұхбат берді

160 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Atameken Business телеарнасындағы "Эксклюзив" бағдарламасына сұхбат берді. Аймақ басшысы мен арна тілшісі Руслан Идрисовтің арасындағы әңгімеде облыста атқарылып жатқан жұмыстар мен алда шешімін күткен мәселелер жайлы айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Гүлшара Наушақызы арна көрермендеріне өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы, осыған дейін негізгі сала саналып келген мұнай өндірісінің тоқырауына байланысты жетекші саланы қалыптастыру бағытындағы жоба-жоспарлар, қарапайым заттар экономикасы бағытындағы бастамалар жайлы айтып берді.  

Биылғы пандемия өңірлер экономикасын тежеп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің де көзін ашты. Алыс-беріс, барыс-келіс азайған карантиндік шектеулер кезінде өңірге  сырттан келетін өнімдерге талдау жасалды. Сонымен қатар, облыстың өзге аймақтарға өткізе алатын тауарлары сараланды. Бұл жұмысқа жергілікті университет ғалымдары, экономистер жұмылдырылды. Осыдан кейін сырттан келетін өнімдерді өзімізде өндірудің жобасы жасалды. Бұл үшін арнайы жол картасы әзірленіп, түрлі бағдарламалар арқылы жергілікті өндірісті арттыру қолға алынды. Бизнестің жол картасы, қарапайым заттар экономикасы арқылы бизнеске қайтарымды негізде қолдау көрсете алатын аймақтық инвестициялық қордың жұмысы кеңейді. Тағы бір бағыт – инвестиция тарту арқылы шағын шеберханалар, фабрикалар, түрлі жобалар құру қажет. Осы мақсатта ірі кәсіпкерлерді тарта отырып,  265 жоба жасалды.

Облыс әкімі осының барлығына 271 млрд теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті.  

Арнаға берген сұхбатында өңір басшысы пандемия кезінде облыста өндірістік құрылымдар тоқтамағандығын жеткізді. Мұнай саласында қиын кезеңге қарамастан жұмысшылар жұмыстан босатылмады, жалақылары сақталды. Мұнай секторында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесте, басқа жердегідей белгілі бір қиындықтар бар. Мысалы, облыста 128 мейрамхана, кафе, пандемияға дейін жақсы табыс тауып келсе, қазір қиындықта тұр.  Сондықтан, қазір олармен жұмыс істеп, бизнес бағыттарын өзгертуге күш салынып жатыр. Қазірдің өзінде 10 мейрамхана өз бағыттарын өзгертті. Олардың барлығы жеке медициналық орталықтарға айналды. Осының арқасында жазда емдеу мекемелерінде төсек орындар жеткілікті деңгейде болды.  

 Сұхбатта аймақта салынып жатқан жаңа модульдік аурухана жайлы да айтылды. Озық технологиямен, қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген аурухана құрылысы қараша айында аяқталады. Өңірде ауруханаларды медициналық қондырғылармен қамтамасыз ету ұдайы назарда тұр. Мысалы, наурыз айында өкпеге оттегі беретін  небәрі 64 аппарат болды. Қазіргі саны - 244. Сонымен қатар, ол індет білінген тұста өңірде оттегі концентраторлары болған жоқ. Қазір резервте 655 концентратор бар.  

Аймақ басшысының арна тілшісіне берген сұхбатында ауылшаруашылығы, егісті әртараптандыру, Сырдария өзені арнасының тартылуы, білім, қашықтан оқу, вирустың екінші толқынына дайындық, қала құрылысы, туризм жайлы кеңінен айтылды.