Бүгін Алексей Цойдың төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігінің алқасы өтті, онда Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері талқыланды. Оның ішінде, республикада коронавирус инфекциясының қайта таралу қаупіне дайындық, медициналық ұйымдарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру және Қазақстан Республикасындағы ана өлімі бойынша мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алқа отырысына Денсаулық сақтау министрлігінің басшылық құрамы, өңірлердің, республикалық маңызы бар қалалардың және Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, бейінді комитеттер мен медициналық ұйымдардың аймақтық бөлімшелері қатысты.
"Денсаулық сақтауды дамыту стратегиясы Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапты, онда Президент коронавирусіндетіне қарсы күресте авангард ретінде салаға ерекше назар аударды. Пандемия жағдайында дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жұмыснәтижелері тікелей әлеуметтік маңызға ие екені аталды, тіпті нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы тұтастай қоғамның тұрақтылығы да байланысты. Сондықтан медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары мемлекеттің ерекше бақылауында", - деді А.Цой.
2020 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін медицина қызметкерлеріне 84,4 млрд теңге сомасында ынталандыру төлемдері берілген. Үстемеақылар жыл соңына дейін төленеді, бұған 136,8 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру және 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндетін қойды.
"2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге 222,3 млрд теңге, 2022 жылы – 361,7 млрд теңге, 2023 жылы – 557,5 млрд теңге көлемінде шығыстар көзделген. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені құрайды", - деді А.Цой.
Ауылдық жерлердегі жас дәрігерлерді қолдау үшін 2019 жылы 849 маманға көтерме жәрдемақы төленді, 659 маманға тұрғын үй ұсынылды, 142 маманға өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. 2020 жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттілігіне сәйкес 2 327 жас маман жұмысқа орналастырылды. Еліміз бойынша дәрігерлермен жалпы қамтамасыз ету 74 мыңнан астам маманды құрайды. СOVID-19-ға қарсы күрес бойынша қажетті мамандармен қамтамасыз ету 28 мыңды құрады.
Жолдауда атап көрсетілген тағы бір маңызды аспект Қазақстанда барлық базалық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өндіру болып табылады. Осы тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірледі.
Денсаулық сақтаудың заманауи, бәсекеге қабілетті, қолжетімді және тиімді жүйесін құру үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету қажет. Осы тапсырмаларды орындау аясында өңірлерде 13 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынуда, сондай-ақ Өскемен және Тараз қалаларында үш нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Елдің ғылыми және медициналық әлеуетін шоғырландыру үшін 2023 жылдың соңына қарай қазіргі және ықтимал эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге ден қою үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында әрқайсысы 500 төсектік инфекциялық аурулар бойынша екі көпсалалы ғылыми орталық салынады. 2025 жылға дейін төсек қорын жаңартудың 50% қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер есебінен еліміздің аймақтарында 20 ірі заманауи медициналық орталықтар құрылады. Бұл халықаралық сапа талаптарына сәйкес халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің барлық спектрін көрсететін көпсалалы ауруханалар.
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Қазіргі кезде Министрлік 2021-2023 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсарту бойынша, оның ішінде бірінші кезекте ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жетімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеп жатыр.
Медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру үшін ауылдық елді мекендер үшін автобус негізіндегі 100 жылжымалы медициналық кешендер сатып алынуда, оның ішінде 25 қондырғы аймақтарға жеткізілді. Сонымен қатар алдағы үш жылда ауылдық елді мекендерді дәрігерлік амбулаториялармен және фельдшерлік-акушерлік пункттермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Алқа қорытындысы бойынша А.Цой Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволары мен құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына жалпыұлттық жоспар шеңберінде аталған іс-шараларды орындау жөнінде тапсырма берді.