Шыңғысхан әскерінің Сартауыл еліндегі жеңісті жорығы күтпеген жерден Хорезмге маңдай тіреп кідірді. 50 мың әскермен келген Жошы, Шағатай, Үгедей 7 ай бойы қаланы ала алмады. Олай болу себебі Жошы мен Шағатай бірінің айтқанына бірі көнбей, уақыттың көбін керілдескен ұрыспен өткізді. Шыңғысхан Жошыны әскер басшылығынан шеттетіп, тізгінді Үгедейге бергенде, Үгедей хорезмшах астанасын жеті күнде алды.
Бұл кезде Шыңғыс хан тәжік жерінінің Құндыз өзені бойындағы Талекен қамалында еді. Жеңімпаз Үгедей мен Шағатай жеңістерін өз ауыздарынан баяндау үшін Талекенге аттанғанда Жошыға бірге жүр демеді. Қысқасы, хорезмшахтардың астанасын алудың тым ұзаққа созылғанына кінәлі Жошы болып шықты. Жошы өкпелеп, ат басын кері бұрып өз ұлысына бет түзеді. Рашид-ад-дин осы тұсты былайша нақтылайды: «Жошы Хорезмнен кетісімен тұп-тура Ертіске беттеп келіп, өз ордасына қосылды», дейді. (История Казахстана в персидских источниках. Т.4. Алматы, 2006.114-115 бб.).
Сілтеме түсінік беруді қажетсінеді. Жошы Ертіске беттеп келіп өз ордасына қосылды дегенде, Жошының ордасы не Ертіске келіп маңдай тіреп тұрған, не Ертістен өтіп жаңадан жаулап алынған Дешті Қыпшақ жеріне қоныстанған болады.
Осы орайда бір қызық жайт еске оралады: Құнанбай Янушкевичке қият Домбауыл мен Шаба соқыр туралы хикаяны аңыздай келіп, Шыңғыстаудағы ескі үй, құрылыс үйінділерін Шыңғыс хан есімімен байланыстыра сөйлейді. Мұндағы Шаба соқыр – Дуба соқыр – Шыңғыс ханның жетінші атасы еді. Әңгіме желісінде жаңсақтық жоқ. Шәкәрім «Айсұлу мен Нартайлақ» дастанында Шыңғыс ханның батырлары Жебе мен Сүбедейден қалған бұл обаларды еске алып, жырына қосады. Ертеде Шыңғыстау – Найман-күре атанған екен. Бұл жер бұрыннан-ақ Ертістен өтетін өткел, ол өткел арқылы, Найман күре таулары арқылы бастапқыда меркіттер, кейін наймандар Дешті Қыпшаққа қашып, моңғолдарға жеткізбей кеткен белгілі қара шиыр болса керек. Ауыр әскер тартып барып Еуропа шайқастарына үш рет қатысқан Сүбедей осы жолмен барып-келіп жүреді. Демек, өткелдің екі бетінде бірдей әскер аялдайтын бекеттер болуы заңды. Ертіске беттеп келді делінетін Жошы Ертістен ұрығын өткізіп алып, Шыңғыстауға жайланған сыңайлы.
Жошы әкесі Шыңғыс ханнан еншісін 1207 жылы алған еді. Моңғолдың терістігіндегі қырғыз, хакас, орманқұт елдерін бағындырып келгенде, Жошыға орманқұт елін еншіге берген. Орманқұт елі дегеніміз – Екінші Түрік қағандығы ыдыраған соң, тайганың қалың ормандарына кетіп бас сауғалаған көк түрік тайпаларының ірілі-ұсақты сілемдері. Моңғолдар оларды Орманқұт дегенде, олар өздерін «ағаш ері» атады. Олар негізінен мына тайпалар еді: барқұт, тарғұт, арғыт, дүрмен, бадай, қышлық, таңғұт, ойрат, масит, тубай, тубай-тұман, ағаш ері (ашамайлы), чат (жалайыр). Жошының өз мыңдығы осы тайпа адамдарынан құралды да, жорық кездерінде қажетіне қарай жаңа мыңдықтармен толықтырылды. Қадырғали Жалайырдың мәлімдеуінше Шыңғыс ханның көзінің тірісінде әскери күші 95 мыңдықты құраған. Жошы жергілікті жұрт арғындардың наразылығын тудырмау үшін, енші жұрты – Орманқұт елін Дешті Қыпшаққа кіргізбей, Батыс Сібір өлкесі Жағатқа қоныстандырды.
Шыңғыс хан 1223 жылдың күзінде Шу аяғы Құланбасыға келіп тоқтап, төрт ұлын шақырып алып, ұзақ қысты бірге өткізді. Дешті Қыпшақтың далалық өлкелеріне төселіп қалған Жошының жасақтары үйір-үйір құланды жосылып қуып әкеліп тұрды да, әкелі-балалы бесеуі аңшылықтың қызығына берілді. Өз-өздері болып оңаша қалған ұзақ түндерде бір шетінен бір шетіне бір жыл жүретін ұлы империяны шашау шығармай бір уыста қалай ұстап тұру керектігі туралы өсиеттерін айтып, ұлдарына еншілерін атады. Жошыға Дешті Қыпшақты сыйлап, оның батысындағы Келар, Булар, Башгирд, Бұлғар, Орыс, Черкеш, Ас елдерін бағындырып, ат аяғы жеткен жерге дейін иелік етуді тапсырды. Шыңғыс хан бұл сапар астанасы Қарақорымға асықпай, 1224 жылдың күзін Ертістің жағалауында өткізді, жасы 69-да еді деп жазады Шыңғыс хан өмірбаянын зерттеуші тарихшылар.
Көп ұзамай арғындар Жошыны Дешті Қыпшақ ұлысының кіндігі Кеңгір өзені бойындағы Ордабазарға көшіріп әкеледі. Сонда жаңа қонысы – кең жазира Сарыарқаның сайын даласына сүйсінген Жошы былай деген екен: «Төрткүл әлемді шарласаң да – мұндай жанға жайлы жер, таза ауа, дәмді су, кең шалқар соныны іздесең таппассың». (Джузджани. Табакат-и Насри // История Казахстана в персидских источниках. Т.4. 40 б.)
Сонымен Шыңғыс хан ұрпақтарының басшылығымен Дешті Қыпшақта жаңа мемлекеттік құрылым 1223 жылдың күзінде пайда болды. Жаңа хандық «Жошы ұлысы» деп аталды. Бұдан былайғы жерде Дешті Қыпшақ жасақтарының алыс-жақын елдерге жеңісті жорықтары «Жошы ұлысы» туының астында өтті.
Жошы әкесі Шыңғыс ханның Келар, Булар, Башгирд, Бұлғар, Орыс, Черкес, Ас елдерін бағындыру туралы талабына құлақ аспай, әртүрлі сылтаулар айтып, жорықты кейінге шегере берді. Сол себепті де әкелі-балалы екеуінің арасында келіспеушілік орын алып, Шыңғыс хан Жошыны жазалау үшін әскер шығарғанда, аңшылықта жүрген баласын құлан теуіп өлтірді. 1227 жылы орын алған бұл оқиғадан 7 ай кейін Шыңғыс ханның өзі де келместің сапарына аттанды.
Әке аманаты бойынша бүкіл монғол ханы болған Үгедей Жошы ұлысының тізгінін қолына алған Батудан Келар, Булар, Башгирд, Бұлғар, Орыс, Черкес, Ас елдерін бағындыру туралы Шыңғыс хан тілегін аяқсыз етпей, тез жүзеге асыруды талап етті.
1227 жылы Жошы ұлысының тізгінін қолына алған Бату екі жыл дайындықтан кейін 1229 жылы алғаш рет Еділ-Жайыққа аттанып шығып, Жайыққа ат басын тіреді. Бұл кезде Жайықтың жоғарғы ағысы Бұлғар хандығының, төменгі ағысы Сақсын елінің шекаралық межелері еді. Батудың жаугершілікпен Жайық өзеніне келгені орыс жылнамашыларының назарынан тыс қалмады: «и сторожеве Болгарьскыи прибегоша бьении от татар близ реки, еи же имя Яик» (ПСРЛ.Т.1. вып.2, стлб..460). Жайықтағы Болгар хандығының шекаралық күзет әскерімен болған қысқа ғана мәліметтен басқа хабар болмауына қарағанда, Бату Жайықтан өте алмай кері қайтқан.
Моңғол тарихында жылы аталмай, Болгар мен Сақсынды бағындыру үшін Батуға көмекке 30 мың әскермен Көкдай мен Сүбедейдің жіберілгені айтылады. Ол Батудың өз бетінше, өз күшімен Жайықтан өте алмағаннан кейінгі оқиға болса керек. Орыс жылнамалары 1232 жылы Бұлғар хандығы шекараларына татар әскерлерінің келгенінен хабар береді: «Придоша татарове и змоваша не дошедше Великаго града Больгарьского» (Сонда, сол б.459). 1232 жылғы Жошы ұлысы мен Көкдай, Сүбедей әскерлері тізе қосысқан жорық та түбегейлі нәтижеге қол жеткізбеді. Төменгі Еділ Астрахань облысы территориясында жайылып жатқан Сақсын тайпаларының хандығы ауызға алынбайды, тайпалық бірлестік дәрежесінде ғана аталады. Сөйтсе де, моңғолдарға айтарлықай қарсылық көрсетті. Францикандық монах Плано Карпинидің айтуынша: «Сақсиндердің бір қаласын ала алмай моңғолдар әбігер болды. Қала тұрғындары моңғолдардың тас ататын машиналарына ұқсас машина жасап алып, қаланы қоршаған моңғол сақпандарының тасталқанын шығарды. Моңғолдар жер үңгіп, жер астынан жол салып қалаға еніп, өрт қойғанда, қала тұрғындары екіге бөлініп біреулері өрт сөндірсе, екіншілері жаумен арпалысып, қаладан қуып шыққан» (Татаро-монголы в Азии и Европе. М.,1977. 191-192 бб.). Плано Карпинидің айтып отырғаны моңғолдар 8 жыл бойы ала алмаған Ясса қаласы еді.
1232 жылғы Еділ бойына шапқыншылықта моңғолдар Сақсынды тізе бүктіргенмен, Бұлғар хандығын ала алмай, Сақсынға кеп қостанып жатып, қыстарын өткізді. Міне, моңғолдардың Еділге алғаш табан тіреуі осы кезеңге жатады. Сақсынның бас қаласы – Сақсын еді. Бұл баяғы Киев князі өртеп, бұзып кететін хазар хандығының астанасы Еділ күлдігінде қайтадан ірге көтерген қала еді. Оны қалпына келтірген қыпшақтар мен қимақтар. Сақсында одан басқа кенттер, қалашықтар, елді мекендер жеткілікті еді. Орман-тоғайлы, қамысты-қоғалы, ықтасыны мол қалың жынысты өлкеде моңғолдар қиналмай-ақ қыстап шықты.
Сонымен моңғол әскерінің төменгі Еділдегі Сақсынды меңгеруіне табандаған жеті жыл кетті. Одан әрі ілгері жылжу болмады. Ортаңғы Еділдегі Бұлғар хандығының мықты қорғанды бекіністері – Булгар, Биляр, Жукотин, Самар қалалары іргесін бермеді. Ал төменгі Еділдің арғы бетіндегі қыпшақтар мен астар Еділден өткізбей, моңғолдарды беттен соғып қайтарып тастаумен болды.
Батыс елдерді жаулауға жасақталған 50 мың әскердің жартысынан көбі шығын боп, әскердің Еділге жетіп маңдайы тасқа тіреліп тұрғаны моңғол тағындағы ұлы хан Үгедейді ойландырмай қоймады. Ол 1235 жылдың 22 қаңтар – 20 ақпан арасында өткен құрылтайда негізгі әскер күштерін Дешті Қыпшақты және соның төңірегіндегі Бұлғар, Орыс, Мокше, Алания, Мажар, Булар (Польша) және Башгирдті жаулап алуға жұмылдыруға шешім қабылдады және жорықтың жауапкершілігі Бату, Мөңке, Гүйік ханзадаларға жүктелді. Ақырында соңдарына қосынын ертіп жолға шыққан мыналар болды: Төленің тұңғышы Мөңке, Үгедейхан ұрығынан Күйік ұлы Бучек пен Қадан, Шағатай балалары Бөрі мен Байдар, ханның інісі Құлқан, әмірлерден Сүбедей баһадүр. 1236 жылдың 10 наурызында жолға қозғалған олар жаз бойы жүріп отырып, күз басында Бұлғар хандығының шекаралық аймағында Жошы ұлдары Бату, Орда, Шибан, Таңғұт, Тоқай-Темір және Боралдай әмір қолдарымен кездесіп, күш біріктіретін болысты.
Ортаңғы Еділдегі Бұлғар хандығының ауа райы қатал еді, сақырлаған сары аяз көз ашқызбас боранмен алмасып, тізеден асқан күртік қардан жол жүру мүмкін болмай қалатын. Моңғолдар да суыққа шыныққан ел еді, Бұлғардың аязды қарлы қысына мыңқ етпей, күзді өткізіп барып, қар түскен қыс басында жорықты бастады. Аталмыш жорықты Хорасанда туып, жастайынан моңғол билеушілерінің арасында жүріп, ер жеткен Джувейниден асып суреттеген қаламгер жоқ. Ол өзінің «Тарих-и Джахангушай» еңбегінде моңғолдардың Бұлғарға жойқын шабуылын былайша толғаған: «Бұлғар жерінде жорыққа шыққан ханзадалар түгел жиналып, бас қосты, әскердің көптігінен жер сауыры қайысып, тау-тастар күңіренді, құлақ тұндырған айғай-шудан жабайы аңдар қайда қашарын білмей састы. Атойлы шабуылмен мызғымастай берік, халқы мол Бұлғар қалаларын талқандап, халқының бір жартысын қырып, бір жартысын тұтқынға алды» (История Казахстана в персидских источниках. Т.IV. А-ты, 2006. 58б.). Джувейнидің баянын: моңғол жасақтарының елді қырып, ұрып-соғып, тонағанын Рашид ад-дин де қолдайды, сонымен бірге моңғолдарға қарсы тұрған жергілікті жердің әскербасылары Боян мен Жекелердің аттарын атайды. Моңғолдардың Бұлғар хандығын күйреткені орыс жылнамаларынан да орын алды: «Дінсіз татарлар аты әйгілі ұлы қала Болгарьскыиды алып», өртеп жіберді, қала тұрғындарын қырып, «еңкейген шал, еңбектеген балаға дейін өлтіріп», «мол дүние» мен жерлерін иемденді (ПСРЛ, Т.1., 460 б.). Қысқасы, Еділ бой мен Еділ сағаларындағы Бұлғардың гүлденген қалалары Биляр, Кернек, Жукотин, Сувар жермен-жексен болып, қала орнында үйінділері ғана қалды.
Моңғол ханзадаларының біріккен күштері Бұлғардан кейін Еділ мен Кама бойындағы башкир, мордва (мокша мен аржан), буртастарды бағындырды. Бұл орайда венгр монахы Юлиан: «Пұтқа табынатын бес ұлы мемлекет – Сақсын, Бұлғар, Ведин, Меровия, Пойдовия және Мордан патшалығын алды» деп жазған (Татаро-монголы в Азии и Европе. М., 1977. 191 б.). Юлиан башкирлердің моңғолдарға 14 жыл қарсыласқанын атаған.
Іргелі Бұлғар хандығы мен Еділ аңғарындағы шағын бектіктерді жайландырғаннан кейін, моңғол қарулы күштері жұмған жұдырықтай түйіліп, 1237 жылы орыс жеріне аттанып шыққанда, Сақсында қыпшақ көтерілісі бұрқ етті.
Ойламаған жерден әбігерге тап болған моңғолдар әскерді екіге бөліп, 20 мың әскерімен Меңгуді Бошман бүлігін басуға жіберді.
Бошман қыпшақтың елбөрі тайпасының түлегі еді. Тіпті Сақсын қаласы осы әулеттің меншігі болуы да ғажап емес. Джувейни оны қашқан-пысқан, тұрақты орны жоқ, Еділ бойының қарақшысы етіп суреттеуі шындыққа жанаспайды. Басқа деректемелер өзгеше аужай танытады. Қытайдың «Юаньши» жинағы оның шығу тегін Арал сырындағы Елбөре елінің Құнан хан әулетімен байланыстырады. Демек, ол қараша емес, хандар әулетінен – Сақсынның билеушісі, олай болмаған күннің өзінде Сақсын иелігінің билеуші әулетінің түлегі. Аңыс аңдып, моңғолдар тайлы-тұяғын қалмай, тік көтеріліп Руське аттанғанда, Бошман Елбөрі қыпшақтарын көтеріп, Сақсындағы моңғол билік жүйелерінің тас талқанын шығарған. Саркельдегі ас тайпасының көсемі Качир-укула көмекке келіп, төменгі Еділді моңғолдан аққұла тазартқан.
Көтерілісті басуға 20 мың қолмен орта жолдан қайтып оралған Меңгу мен Бучек көтерілісшілердің ізіне түсе алмай, оларды қайдан іздеуді білмей дал болды. Партизандық соғыс бастаған Бошман бір күн ойдан, бірде қырдан шаң беріп, жындай жүйткіп, құйындай ұйтқып соқты. Қалай дегенмен де, көтерілісшілердің жатағы 62 сағалы Еділдің теңізге құяр жықпылында екеніне көздері жетіп, Меңгу 200 кеме жасатып, әр кемеге жүз-жүзден сарбаз отырғызып, теңіздің тамағын сүзуге шықты. Кешікпей моңғолдар теңіз жиегіндегі аралдардың бірінен Бошман жатақтарының ізін көрді. Сол аралдан өлмеші бір кемпірден Бошманның қайда жасырынғанын сұрап білді. Олар теңізге сұғына енген бір үлкен аралда екен. Ал екі араның алай-дүлей толқыны соншалық, кеме өте алардай емес-ті. Аралға ілігудің амалын таппай дал болып тұрғандарында, арқадан қатты жел тұрып, теңіз арнасы қашып, арал екі орта түбі көрініп, саязсып қалды. Батпақты шалшықты кешіп өтіп, Бошманды азын-шоғын серіктерімен қолға түсірді. Бошман Меңгуден өз қолымен шауып өлтіруді өтінді. Меңгу бұл істі інісі Бучекке жүктеді. Бучек Бошманды шауып өлтірді. Бошманның әмірлерінің бірі Качир-укулэ да мерт болды» ( Тизенгаузен В.Г. Т.II. 24,35-36 бб.). Осы әңгіме Джувейниде, Рашид ад-динде және қытай хроникасында да кездеседі, мағыналық айырмашылық шамалы. Бұл моңғол шапқыншыларына қыр көрсеткен алғашқы баскөтеру болғандықтан да, мәні ерекше: моңғол-татарларды – жер астынан шыққан бетқаратпас жауыз татар деп ұғып, қамыстай қалтыраған Еуропа елдеріне – бетті басып, бұға бермей, олармен жағаласуға болатынына Бошман әрекеті көз жеткізді.
Бошманның соңына ерген Сақсын жұрты – Бошман қыпшақтары атанды. Жетекшілері өлген соң, Бошман қыпшақтар башқұрт арасына ауып кетті, әлі де сол елдің құрамында.
Руське жорық
Руське жорық 1237 жылдың соңында қар түсіп, жер қатып, өзен беттері ұстасқан кезде басталды. «Алтын Орда тарихы туралы материалдар жинағына» енген еңбегінде Рашид-ад-дин былайша баян етеді: «Дешті Қыпшақта құрылтай ашып, кеңескен ханзадалар бір тоқтамға келіп, орыс жерін шабуға бекінді» (СМИЗО, Т.II. 36 б.). Көптеген материал негізінде моңғол әскерінің сан мөлшеріне тиянақты есеп жүргізген В.В.Каргаловтың пікірінше Руське жорыққа аттанып шыққан Бату әскерінің мөлшері 120-140 мың шамасы болған (Каргалов В.В. Внешнеполитические факторы развития феодальной Руси. М.,1968, 75 б.). Моңғол әскерінің мөлшерін 300 мың (Соловьев), «жарты миллион» ( (Карамзин – Т. IV, Гл.I, 13 б.) деп тым далитып, 50 мың деп тым азайтып көрсетушілік те болды. Қазір ортақ пікір жоғарыдағы 120-140 мың шамасына тоқтаған сыңайлы.
Моңғолдардың Руське шабуылы басталар кезде орыс жерін аралап жүрген венгр монахы Юлианның пікірі өзге болжам, толғамдарға қарағанда әрі салмақты, әрі маңыздырақ көрінеді. «Біз қазіргі күндері, – деп жазды ол, – Русь шептерінде жүріп, шындыққа көз жеткіздік: батыс елдерге беттеген моңғол әскері төрт топқа бөлінген. Оның бірі – Еділден шығып, Суздальға тура тартпақ. Екіншісі – оңтүстік әскері Рязаньді қоршайды. Үшіншісі – Доннан шығып, Воронеж бекінісіне қарсы кеп шоғырланады. Жаудан қашқан орыс, венгр, Бұлғарлардан сұрап білгеніміз – моңғол-татарлар суық түсіп, жердің қатып, өзен мұзының ұстасуын күтіп отыр, жол ашылысымен Руське лап қояды» (Аннинский С.А. Известия венгерских миссионеров XII- XIII вв. О татарах и Восточной Европе. «Исторический архив», Т.III. М.-Л., 1940. 86 б.). Венгр монахының айтқандары айна қатесіз келді.
Бату бастаған татар-моңғол жорығын танып-білудің басты дереккөзі орыс жылнамалары. Жылнамалар жиынтығында моңғол шапқыншылығы туралы арнайы бөлімдер кездеседі: мәселен, «Сказание о битве на Калке», «Повесть о нашествии Батыя», «Повесть о разорении Рязани Батыем» топтамалары.
Әп дегеннен жер жағынан Еділге жақын Рязань княздігіне беттеген моңғолдар Воронеж өзенінің Сура сағасының Уза тармағына кеп тоқтап: «Князьдеріңнің, адамдарыңның, жылқы, дүние мүліктерінің 1/10 бөлігін берсеңдер, елдеріңе тиіспейміз» деген талаппен князьдіктің кіндігі Рязань қаласына елшілерін жіберді. Ел қазына байлығының оннан бірін талап ету моңғолдардың барлық елдерге бірдей қоятын талабы еді. Ол, шындығына келгенде, ауыр салғыт емес-ті, бәлкім, жаугершілік тарихындағы ең жеңіл албана болуы да мүмкін. Ертеде абарларға, сосын хазарларға салық төлегендері болмаса, одан бергі 500 жылда біреулерден салық жимаса, біреуге салық беріп көрмеген басасау орыс князьдері: «Исі орыстан бірде-бір жан тірі қалмағанда, бұл жер сіздердікі болады», деп жауап қайырды. Осы жауаппен моңғол қосына барған Рязань ұлы князі Юрий Игоревичтің ұлын табанда өлтіріп жіберді.
Юрий Игоревич ат шаптырып, адам жіберіп, Чернигов, Владимир князьдерінен көмек сұрады. Владимирден шыққан шағын отряд Коломнаға жетіп тоқтап, одан әрі барудан қаймығып, кері қайтып кетті. Юрий Игоревич қарамағындағы удельдік княздықтар – Рязань, Муром, Пронск, Белгород, Ижеславец әскери күштерін топтастырып, соғысқа қолайлы деп, Воронеж өзенінің аңғарын таңдады. Бірақ одан басқа пайда болғаны шамалы, орыс жылнамалары осы шайқасты суреттей келіп: «жергілікті жердің князьдері, азулы воеводалары, Рязань жерінің көзсіз батырлары мен өршіл өрендері жер құшты» деп анығын айтқан. Қорғаусыз қалған елді моңғол әскерлері ұрып-соғып, талан-таражға салып, қалдырмай тонап, 1237 жылдың 16 желтоқсанында Рязаньды қоршап, 21 желтоқсанда қаланы атойлы шабуылмен алды. Сүйтіп, Рязань князьдігі ат тұяғына тапталды.
Әнес САРАЙ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
(Жалғасы бар)