• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Қазан, 2020

Коронавирус: Антирекордтар жаңарып жатыр

231 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры адамзат баласын әбігерге салған COVID-19 пандемиясының күрделі кезеңі басталғанын мәлімдеді. Әлем елдері де жағдайдың ушыққанын күн санап хабарлауда. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус бұл кезең планетамыздың солтүстік жартышарындағы тұрғындарға қиын соғатынын жеткізді.

 

Вакцина жасауда әзірге оқ бойы озық тұрған Astra Zeneca британиялық компаниясы сынама жасаған ерікті қайтыс болды. Бұл жаңалық көптің көкейінде жүрген «Вирусқа тұсау табылар ма?» деген күмәнді күшейте түсті. Сағат сайын жаңарып тұр­ған ста­тистика қандай? Карантин режі­міне оралған мемлекеттер көп пе?

Шолуымызды вирус алғаш та­былған Қытай­дан бастайық. John Hopkins атын­дағы университет дерегіне сүйенсек, бүгінге дейін 91 621 адам вирус жұқтырған. Вирус ошағы Хубей провинция­сында әлі көш бастап тұр. Онда 68 139 науқас тіркелген. Еуропа вирус таралуы қайта өршігенін хабарлағанда, Қытай жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. Сандарға қарасақ, жағдай расымен қалыпты. Үкімет «Үш Т» (traffic, testing, tracing) стратегиясын енгізген. Яғни тестіден өтіп, оны әрі қарай да бақылауда ұстау маңызды процеске айналған. Одан бөлек вирус өршіп тұрған қаңтар айында Хубей провинция­сын толықтай жауып, халықтың ел ішіндегі қозғалысын тежеді. Вирустың қайта өршімеуін ха­лық­тың тұрмыс салтымен байланыстыратын сарапшылар да жоқ емес. Олардың пайымын­ша, еуропалықтар Қытай халқына қарағанда ереже бұзуға келгенде еркін-мыс. Ал ДДҰ мәлім­демесіне қайта оралсақ, Тедрос Гебрейесустің сөзіне қарағанда, алдағы бірнеше ай бірқатар ел үшін үлкен сынақ болмақ. Қазірдің өзінде көптеген мемлекетте індет­ке шалдығудың экспоненциалды өсімі байқалуда.

Оның салдарынан ауруханалар күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. ДДҰ бас директоры әлем көшбас­шыларын ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің әлсіреуіне, мектептердің жабылуына жол бермеу үшін жедел шаралар қабылдауға шақырды. Тедрос Гебрейесус қазірден бастап елдердің үкіметтері қабылдауы тиіс 5 негізгі қадам ұсынды.

«Ең алдымен, әр мемлекет өз еліндегі індет ошақтары бойынша жағдайға нақты баға беруі керек. Коронавирусты бақылауға алуға қауқарлы елдер індеттің таралуының төмен деңгейін сақтау үшін қазіргі уақытта осы бағыттағы күш-жігерді еселей түсуі керек. Вирус бойынша елдің ішінде жағдай­дың ушығуына жол бермеңіздер. Екіншіден, науқастар саны артып жатқан елдер ахуалды тыңғылықты зерделеп, дұрыс талдау жасауы тиіс. Сәйкесінше вируспен күрес стратегиясына түзетулер енгізгені жөн.

Үшіншіден, нақты бір өңірде пандемия туралы қоғамға түсінікті әрі шынайы ақпарат жеткізу маңызды. Бұл тұрғыда пандемияны жеңу үшін әр азаматтан талап етілетін қадамдар түсінікті болуы тиіс. Төртіншіден, ұсынылған қауіпсіздік шаралары бойынша азаматтардың сол ережелерді бұзбауын қамтамасыз ететін жүйелерді енгізу қажет. Егер адамдарға оқшаулану, карантинге шығу немесе қызметін уақытша тоқтату талабы қойылса, онда үкімет мұндай шарадан зардап шеккен отбасыларға, ұжымдар мен кәсіпорындарға көмек көрсетуі керек» дей келе, «Үкіметтік мекемелер індет жұқтырған адамдармен тұрақ­ты байланыс орнатып, үнемі қажет­ті нұсқауларды бергені абзал», деп түйіндеді бас директор.

Дабыл қағып жатқан еуропалық мемле­кет­тердің бірі – Франция. Бір тәулікте елде 42 032 науқас тіркелді. Осылайша пандемия басталғаннан бері вирус жұқтырған адам саны бір миллионнан асты.

Франция – Батыс Еуропада  COVID-19 жұқтырған науқастар саны бойын­ша Испаниядан кейінгі екінші ел. «Франция үкіметі өткен аптада елдің сегіз қаласында коменданттық сағат енгізді. Одан кейін коменданттық сағат тағы 38 аймақ пен франциялық Поли­незияда да жарияланды. Елде кешкі сағат 9-дан таңғы сағат 6-ға дейін жалғасатын комен­данттық сағат және денсаулық сақ­тау мақсатындағы өзге де шаралар «ал­ты аптадан кем емес уақытқа» созылады», деген мәлімдеме жасады президент Эм­мануель Макрон.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Испания миллионнан астам науқас тіркеген алғаш­қы еуропалық мемлекет болып отыр. Осы­лайша ол АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей мен Арген­тинадан кейінгі науқас саны көп алтыншы мемлекет ретінде тір­кел­ді. Мәселен, ауруханадағы әр 100 төсек­тік орынға 178 науқастан келіп отыр. Үкімет карантин шараларын күшейтіп, шамамен 7,6 млн тұрғынды қоғамдық өмірден шектеу шешімін шығарды.

Италия да антирекорд жаңартқан елдердің бірі. Бұл қатарда Ұлыбритания мен Германия да бар. Шығыс Еуропада да жағдай ушыққан. Чехия мен Польша үкіметі науқастар саны артып, ауруханалар жұмысы күшейе түскенін хабарлады.

Гренландияда екі күн бұрын бір ғана науқас тіркелді. Осылайша елдегі барлық вирус жұқтырған адамның саны 17-ге жетті. Ал Үндістанда сенбі күні 53 370 науқас тіркеліп, жалпы статистика 7,86 млн-ға толықты. Дегенмен үкімет елге кіріп-шығуға рұқсат берді. Алайда турис­терге шекара жабық. «Визалық шект­еулерді жеңілдетуге кірістік. Турис­тік емес сапарлардың барлығына рұқсат беріл­ді. Жағдай жақсарса, турис­­­терді де қабыл­даймыз», делінген үкі­мет хабарла­масында. Дегенмен Үнді­с­тандағы жағдай басқаларын алаң­­дат­­пай қоймады. Елде жағдайдың ушық­­қаны соншалық, қонақүйлер де ауру­­ха­наларға айналған. Елдегі кедей аудан­дарда жағдай тіпті ауыр. Өкпенің жасан­ды желдеткіші, дәрі-дәрмектің жетіс­пеуі туралы хабарлар көп.

Ресейде сенбі күні 16 521 науқас тіркел­ді. Ресми статистика вирус жұқ­тырғандар санының күн санап артып жатқанын көрсетті. Елде барлы­ғы 1,5  миллион вирус жұқтыру оқи­ғасы анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі келесі жылдың ақпан-нау­рызына қарай эпидемиялық жағ­дай түзеледі деген болжам айтып отыр. Дегенмен елде қатаң карантин жария­ланған жоқ. Ресейлік вакцинадан да әзірге жақсы хабар жоқ.

АҚШ халқы вирусқа қарағанда елдегі маңызды саяси шара – президент сайлауына алаңдаулы. Елде 8,58 млн адамның індет шырмауына түскені сайлауды кейінге шегеруге себеп бола алмады. Сенбі күні 85 085 адамның вирус жұқтырғаны мәлім болды. АҚШ-тың бас хирургі Джером Адамс ауруханаға түсіп жатқандар саны артқанын, дегенмен өлім саны біраз азайғанын айтады. Оның айтуынша, соңғы аптада жарты миллион адам коронавирус жұқтырған. Бүгінгі күні 40 мыңнан астам адам ауруханада ем алып жатыр. Мемлекеттің батысы ең көп зардап шеккен аймақ ретінде танылып отыр. Солтүстік Дакота, Монтана, Висконсонда науқастар көп тіркелген. Ал президент сайлауы науқанының орталығы – Огайода үш күн қатарынан рекордтық көрсеткіш тіркелген. Иллинойс, Индиана штаттарында да эпидемиялық ахуал нашар. Бір ескеретін жайт, пандемия тақырыбы президентке үміткерлердің сайлауалды бағдарламасынан да орын алған. Мәселен, Джо Байден сайлауда жеңіске жетсе, вирусты тексеруді жалпыұлттық жоспарға енгізетінін хабарлады. Сонымен қатар сақтық шаралары да міндетті нәрсеге айналатынын жеткізді.

Вирус өршіп тұрған тағы бір ел Брази­лияда шамамен 5,36 млн адам вирус жұқ­тырған. Карантин шаралары күшейтілсе де, індетті тоқтату мүмкін болмай тұр. Аstra Zeneca ағылшын-швед фар­мацевтикалық концерні дайын­даған вакцина сынамасына қатысқан брази­лиялық ерікті қайтыс бол­ғаны хабарланды. Әйтсе де вакцина дайындау жалғаса бермек. Бразилия үкіметі  бұл шешімді тәуелсіз сарапшылармен кеңесіп қабылдаған. Оксфорд университеті мән-жайды анықтайтынын мәлімдеді.

Өткен сенбі күні әлем бойынша тағы 445 419 адамнан коронавирус анық­талды. Сонымен шамамен 42,5 млн адам вирус жұқтырған. 1 147 192 адам вирус­тан қайт­ыс болды. Сарапшылардың пікіріне сенсек, індет келер жылдың нау­­ры­зына қарай тоқтамақ. Кейбірі вакцина дайын болмай, вирусқа тоқтау табу мүм­кін емес дейді. Фармацевтика әлемі де әзірге үнсіз. ДДҰ да, мемлекеттердің денсаулық сақтау ұйымдары да нақты болжам жасай алмай отыр. Сондықтан сақтанудан басқа амал жоқ.