Нигерияда бірнеше күннен бері халықтың наразылығы басылмай тұр. Елдегі арнайы құқық қорғау органдарының аяусыз әрекеттеріне қарсы халық алғашында әлеуметтік желіде наразылық таныта бастады. Бұл наразылықтың соңы Нигерия көшелеріндегі шеруге ұласты. Ұрлыққа қарсы арнайы бөлім (SARS) деп аталатын даулы полиция бөлімшесінің ұрлау, қудалау және бопсалау секілді әрекеттері қарапайым тұрғындардың зығырын шығарған. Наразылық сейсенбіде елдің ең үлкен қаласы Лагоста қанды оқиғаларға алып келген. Себебі штат бойынша коменданттық сағат орнағанына қарамастан шеру тоқтамаған. Куәгерлер бірнеше адамды әскерилер атып өлтіргенін, ал денелерін алып кеткенін айтқан.
Оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған ел президенті Мухаммаду Бухари қалада хаос орнағанын айтып, көпшілікті түсіністік пен тыныштыққа шақырған. Алайда келесі күні ашынған белсенділер ғимараттарды өртеп, полиция бекеттеріне шабуыл жасаған. Нигерия президенті бірнеше күнге жалғасқан бассыздық салдарынан 69 адамның қаза тапқанын айтты. Қаза болғандардың көбі бейбіт тұрғындар, арасында құқық қорғау органдарының өкілдері де бар. Енді билік елдегі тәртіпті қалпына келтірудің жолын іздеп әлек. Полицияға қарсы шерулердің соңы жылдар бойы ел билігіне жиналған наразылықтың да бір көрінісіне ұласты дейді сарапшылар.
Нигерия – Африка құрлығында ең көп, 200 миллион халқы бар мемлекет, олардың 60%-дан астамы 24 жасқа толмаған. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың көпшілігінде жұмыс жоқ және жақсы білім алуға мүмкіндіктері аз. Осы жылдың басында үкіметтің статистикасы нигериялықтардың 40%-ы кедейлікте өмір сүретінін көрсеткен.