«Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасының алғы шарты – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жұмыстары жыл санап жетілдіріліп келеді. Қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның жарқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезін айтуға болады.
Төрт жылда бір рет өтетін съезд жұмысы ең алдымен еліміздің сот жүйесін дамытуға бағытталып келеді. Осылайша 1996 жылдан бері Қазақстанда барлығы жеті съезд ұйымдастырылып, маңызды міндеттер бойынша шешімдер қабылданған еді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, соттарды дамытудың қорытындысы шығарылды. Сонымен қатар сот жүйесін дамытуға қатысты судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, кейбір қылмыс түрлеріне жазаны күшейту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезі делегаттарының алдында құттықтау сөз сөйледі. Бейнеконференция режімінде өткен жиынға еліміздің бүкіл өңірлерінің судьялары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.
Президент сөйлеген сөзінде сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі пандемия кезінде еліміздің сот жүйесі күрделі сынақтан өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, карантинге қарамастан азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ақпараттық технологияның арқасында сот процесі қашықтан жүргізу форматына жедел көшірілді. Бұл ұтымды әрі оңтайлы шара болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге назар аударды. Әсіресе бұл олқылықтар пандемия кезінде анық байқалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға баса мән берілгенін еске салды. Оның пікірінше, сот жүйесіндегі үдерістерге, ең алдымен, азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарау керек.
Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау саласында айтарлықтай ілгерілеу болу үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады.
Адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті.
– Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды, – деді Президент.
Сот жүйесінің тәуелсіздігі – екінші маңызды басымдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек.
– Отандық және халықаралық сарапшылар судьяларды әлі де болса, соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Бұл – тиімсіз тәжірибе. Бұдан құтылу қажет. Судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігі – түйткілді мәселе. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкімде күмән болмауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімді болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың да кездесетініне назар аударды.
– Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіби судьялар корпусы барша сот реформаларының шешуші факторы екенін атап өтті. Соңғы жылдары судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптардың күшейгенін, іріктеудің заманауи құралдары енгізілгенін айтты. Бұл мықты заңгерлерге, белгілі ғалымдар мен кәсіби құқықтанушыларға сот жұмысындағы тәжірибесі болмаса да, судья болуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы міндетті жүзеге асыруда Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың зор еңбек сіңіргеніне тоқталды.
– Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сот үдерістерін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктерін енгізу мәселесіне де назар аударды. Осы мәселенің маңызы сот үдерісінде бюрократияның алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, сот ісіндегі ресімдерді шектен тыс регламенттеу процестердің ұзаққа созылуына алып келеді және қоғам тарапынан әділ сынға ұшырайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сот ісін оңтайландырып, керексіз рәсімдер мен регламенттерді алып тастау қажет.
– Сот процесі түсінікті және ыңғайлы болуы тиіс. Азаматтар рәсімдердегі түрлі айла-шарғыларды шешуге міндетті емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, аталған барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.
Съез жұмысының барысында Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов заң жобаларының әзірленгені, өзекті мәселелер бойынша іске асырылған жедел шараларды, жаңа судьяларды іріктеу және қызметтегі судьяларды бағалау, соттардың қорытынды шешімдерінің жаңа форматы және оларды түсіндіру, пандемия кезіндегі фронт-кеңселер мен соттардың жұмысы жөнінде айтты.
– Биылғы басқосудың екі ерекшелігі бар. Біріншісі, пандемияға байланысты соттар да жаңа жұмыс тәсіліне көшті. Басты міндет – халық денсаулығын сақтай отырып, олардың құқықтарын қорғау. Процестеріміздің 95%-ы қашықтан өтуде. Күніне 4,5 мыңға жуық онлайн-процесс өтеді. Екінші ерекшелік, жиынымызға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан соттарының басшылары, Германия, Эстония, АХҚО, Еуразиялық Экономикалық Одақтың судьялары, елшілер, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр. Демек, біздің Съезіміз халықаралық мәртебеге ие деген сөз. «50 жылда ел жаңа» демекші, қоғам тез өзгеруде. Сот та заманға қарай өзгеру керек екенін түсінеміз, – деді Ж.Асанов.
Ж.Асановтың айтуынша, әр елдің сотында үш түйткілді мәселе бар. Бірінші маңызды мәселе – жаңа судья ретінде кімді іріктеп алған дұрыс? Жұмыс істеп жүрген судьяларды қалай ынталандырып, қызметін қалай бағалаған жөн? Екінші мәселе – олардың шешімдері мен үкімдерінің сапасы. Үшінші мәселе – инфрақұрылым. Соттардағы ыңғайлы сервис.
Спикердің айтуынша ондаған жобалар жүзеге асырылыпты: «Түнгі соттар», «Отбасылық соттар», «Татуластырушы судьялар», «Татуластыру орталықтары», «Соттардағы фронт-кеңселер» және тағы басқалар. Соған қарамастан тереңірек үңілуді қажет ететін проблемалар әлі де бар. Оларды шешу үшін құқықтық саланы өзгерту керек. Нәтижесінде, 30 заң жобасы қолға алынып, 17-сі қолданысқа енгізіліп үлгерген екен.
Осы заңдар нені өзгертті? Жаңа судья етіп кімді және қалай таңдау мәселесі алдыңғы орынға шықты. Жоғарғы Сот Кеңесімен бірлесіп таңдау түбегейлі өзгертіліпті. Әлемдік компаниялардың HR құралдары енгізілді. Оның өз нәтижесі де бар. Егер бұрын төрт кандидаттың біреуі судья болса, қазір жиырма кандидаттың біреуі ғана судья болады. Әлсіздерге тосқауыл қойылды. Соған байланысты елімізде 14% бос жұмыс орындары бар көрінеді. Бірақ Ж.Асановтың айтуынша, кездейсоқ кадрларға қарағанда осы дұрыс.
Енді сот шешімдері мен үкімдерінің сапасына тоқталайық. Біріншіден, елімізде сот шешімдерінің жаңа форматы енгізілді. Алғаш рет барлық қылмыстық, әкімшілік істер санаты бойынша екі тілде үлгілер жинағы жарық көрді. Екіншіден, судьялар шешімдерді, үкімдерді жариялағаннан кейін бірден неге дәл осындай шешім қабылдағанын процесс қатысушыларына түсіндіреді. Нәтижесінде, жоғары тұрған соттардың шешімдері мен үкімдеріне келіп түсетін шағымдар 30%-ға қысқарыпты.
Инфрақұрылым мәселесіне келейік. Бүгінде еліміздегі 230 сотта фронт-кеңселер ашылыпты. Бірыңғай жұмыс реті белгіленген. Сот ғимаратына кіре берісте кеңесші отырады. Адвокаттар, медиаторлар, нотариустар үшін арнайы кабинеттер бар. Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап сот қызметі қашықтан басқару режіміне көшірілді. Көптеген елдердегідей сот жұмысы тоқтап қалған жоқ. Егер, төтенше жағдайға дейін елімізде күніне 150 онлайн-процесс болған болса, қазір күн сайын 4,5 мыңға жуық процесс өтеді. Яғни, 30 есе көп. Ж.Асановтың айтуынша, мұндай қызметті көптеген адамдар әлдеқайда ыңғайлы әрі шығыны аз деп бағалап отыр.
Жоғарғы Сот Төрағасы ерекше назар аударған төртінші мәселе – айыптаушылық көзқарасқа қатысты болды. Соңғы 3 жылда елімізде ақтайтын үкімдер көбейіп отыр. Ал енді аса ауыр қылмыстар бойынша нәтиже 12 есе артыпты. Бұрын ауыр қылмыстар бойынша жылына 15 адам ақталған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 180-нен асқан екен. Құқық қорғау органдарына қатысты шағымдар 2 есе көп қанағаттандырылуда. Олар да өз кезегінде жұмысты жете жүргізбесе, айыпталушыны соттың ақтап алатынын түсіне бастады.
– Әрине, айыптаудан толығымен арылдық деп айтуға болмайды. Жүйелі түрде қарау керек. Яғни, сотқа дейінгі шараларды да қарастыру қажет. Жеделдетуге болатын бір нәрсе бар. Қазір сотқа барлық қылмыстық істер беріледі. Сонымен қатар сараптамалар да, актілер де сотқа ұсынылады. Оларды прокурорлар, тергеушілер жасайды. Осыны оқыған кезде судья саналы түрде айыпталушыны қылмыскер деп ойлайды. Осындай пікір түйеді. Қорғаушының айтқанына өзінің санасында қалыптасып қалған парадигма арқылы қарайды. Сарапшылардың пікірінше, сотқа айыптау актісі мен қорғау актісі ғана ұсынылуы керек. Сол арқылы біз судьяның санасында алдын-ала пікір қалыптасуына қарсы жұмыс істейміз. Прокурор да, адвокат та өз дәлелдерін шамалап, аз-аздан ұсынсын, – деді Ж.Асанов.
Жоғарғы Сот Төрағасының айтуынша, бұл – бәсекелестік үрдісі. Сотталушының кінәсі тек осылай дәлелденуі керек. Көптеген дамыған жүйелер талай уақыттан бері осы модельді қолданып келеді. Мәселен, Италия бұл үрдіске 1989 жылы көшіпті. Кейін осы қадамға Балтық теңізінің маңында орналасқан елдер де барған көрінеді. Мұндай шешім еліміздің сот жүйесін дамытуға да оң әсерін тигізері сөзсіз.
Ж.Асановтың баяндамасынан кейін, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын атындағы аудандық сот төрағасы Татьяна Курынова сөз алды.
– Соттар біреуге тым қатал, ал біреуге тым жұмсақ жаза қолданады деген пікір бар. Ең алдымен, заңда әрбір қылмыс үшін белгілі бір жаза қарастырылған. Қылмыстық кодексте қатаң негіз бар, сондықтан біз оның шеңберінен шығуға құқымыз жоқ. Мәселен, жол апаты орын алып, онда 5 адам қайтыс болды делік. Ең жоғарғы санкция – 10 жыл. Бірақ жеңілдететін мән-жайлар болған кезде Қылмыстық кодекс заң бұзушыны ең көп дегенде 5 жылға бас бостандығынан айыруға рұқсат береді. Тағы да бір мысал келтірейін. Ерікті жыныстық қатынас болды деп қарайық. Ер адам 33 жаста, қыз бала 14-те болды дейік. Сот бірден көп жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруға құқығы жоқ. Неліктен? Себебі Қылмыстық кодексте бұл үшін жеңілірек жаза – бас бостандығын шектеу қарастырылған, – деді Т.Курынова.
Оның айтуынша, осы жайттарды және мәселенің мән-жайын білмей әлеуметтік желілерде дүрбелең туындап жатады екен. Желі қолданушылары судьяны пара алды және жеңіл жаза тағайындады деп ашық түрде айыптайды.
– Біз тек Қылмыстық кодексте көзделген жазаны қолданамыз. Артық жаза қолдануға немесе оны жеңілдетуге құқымыз жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, адам саудасы және браконьерлік үшін санкциялар күшейтілді. Қалыптасқан түсінік-танымымыз жұмсақ жаза қолдануға жол бермейтін бірқатар басқа да қылмыстар бар. Мәселен, балаларды азаптағаны, оларды қауіпке қалдырғаны, кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түскені үшін санкцияны күшейту керек. Заң өзгерсе осындай істер бойынша сот тәжірибесі де өзгереді, – деді Т.Курынова.
Баяндамашы көтерген келесі мәселе сот органдарының заңға, құқыққа сүйеніп жүргізген істерін масқаралау мәселесіне қатысты болды. Өткен жылы еліміздегі форумға дүние жүзінің 110 мемлекетінен судьялар келіпті. Олар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі келеңсіздіктер сотқа тікелей қысым екенін мойындапты. Бұл мәселе бүгінде барлық елдердің сотына ортақ болып отыр.
– Бізде де осындай тенденция бар. Тіпті кей жағдайда тікелей қорлауға дейін жетеді. Педофилия, зорлау, сыбайлас жемқорлық сынды ауыр тақырыптар бойынша полицейлер, прокурорлар, судьялар туралы «жалған» ақпарат тарайды. Әрине, мен сындарлы сын туралы айтып тұрған жоқпын. Судьяға да дүрбелеңнің жетегінде кетуіне болмайды. Ол бейтарап шешім қабылдауға міндетті. Солай бола тұра бәрібір бір адам наразы болады. Біздің жұмысымыз осындай. Алайда судьялардың да мінезі болады. Оған қоғамдағы жасанды және қасақана жасалатын пікірлерге қарсы шығу психологиялық тұрғыда өте қиын. Қоғамдық пікірге сәйкес келмейтін заңды шешім қабылдау қашан да оңайға соқпайды, – деді Т.Курынова.
Оның айтуынша, осы жылы соттардың баспасөз қызметі жандандырылыпты. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Судьялар резонансты процестерінен кейін баспасөз мәслихаттарын өткізеді. Сонымен қатар судьялар жүйелі проблемалар бойынша әлеуметтік желілерде пікірталастар жүргізеді. Тұрғындармен жанды, күнделікті жұмыс жүріп жатыр. Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде судьяларға жала жабу, қорлау оқиғалары жазасыз қалып келеді. Сондықтан, съезд шешімі кезінде осыған мән беру қажеттілігі пайда болды.
Бұдан соң мінберге Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов көтерілді.
– Осы 9 айда кассацияда 15 мың іс қаралды. Бәрі күрделі. Ал апелляцияда – 37 мың іс. Апелляцияның әр судьясы екі күнде бір істің тағдырын шешті. Күн сайын жарты іс. Бұл көп пе, аз ба? Жоғарғы Сот судьяларының жүктемесі апелляцияға қарағанда үш есе көп. Мойындауымыз керек, апелляцияға қоғамның сенімі әлі де аз. Заңды шешім қабылдасақ та, тараптарды көндіріп, сендіре алмаймыз. Соның салдарынан жұртшылық әділдікті Жоғарғы Соттан іздейді, – деді Б.Кәрібжанов.
Оның айтуынша, бүгінде аудандық судьялардың жауапкершілігі айтарлықтай күшейді. Енді осындай талапты апелляцияға қоятын кез келді. Себебі жұмыс жақсармай, сот жүйесінің өзгеруі қиын. Бір жағынан, жүктемеге байланысты кассация өз міндетін толық атқара алмауда. Мәселен, бірыңғай практиканы қалыптастыру, нормативтік қаулы қабылдау, әдістемелік көмек көрсету.
– Келесі мәселе сот ғимараттарының жартысынан көбі ескі әрі тар. Өткен ғасырдың 20-шы – 80-ші жылдары салынған. Ол кезде сотқа бүгінгідей сұраныс болған жоқ. Бәрі мемлекет меншігінде болған соң, даулар да жоқтың қасы еді. Қазір бұл ғимараттар заман талабына сай емес. Меніңше, Нұр-Сұлтанның 4 ауданында 4 қылмыстық және 4 азаматтық сот бар. Алматы мен басқа қалаларда да солай. Соларды бір жерге біріктірсек, ұтарымыз көп. Бұрын географиялық алшақтық проблема болатын. Қазір – цифрландыру заманы. Процеске үйде отырып-ақ, онлайн режімде қатысуға болады. Бұлай еткен жағдайда, біріншіден, шағын ғимараттарды босатып, мемлекет қажетіне береміз. Екіншіден, әр ғимаратты күтіп-ұстауға кететін шығын мен қызметкерлерге төленетін қаржы да үнемделеді. Осылайша, көп қаржы жұмсамай-ақ, сотқа келушілерге қолайлы жағдай жасауға әбден болады, – деді Б.Кәрібжанов.
Съезд жұмысының маңызын ерекшелеген ендігі мәселе – оған халықаралық сарапшылардың қатысуы деуге болады. Ондай сарапшылардың қатарында Қазақстанда және Өзбекстандағы GIZ өкілдіктерінің басшысы, Германияның Берлин қаласындағы әкімшілік соттың судьясы Йорг Пуделька болды.
– Германия мен Қазақстан талай жылдардан бері көптеген салаларда серіктес болып келеді. Содан білетінімдей, Қазақстанның сот-құқықтық жүйесі жоспарлы түрде даму үстінде. Мәселен, осы жылдың маусым айында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болып саналады. Бұл Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы жаңа кезеңді білдіреді. Осы заңнамалық акт құқықтық айқындылық пен тұрақтылық үшін түбегейлі маңызды. Өйткені ол сәйкестік пен сенім құқығын қорғау сияқты негізгі қағидаттарды алғаш рет заңнамалық деңгейде бекітті. ҚПК-нің қабылдануы сот ісін жүргізудің негізгі түрлерін оқшаулаудың аяқталғанын, атап айтқанда, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізудің ара-жігін нақты ажыратуды айғақтайды, – деді Й.Пуделька.
Оның айтуынша, сол арқылы біз қазақстандық әкімшілік әділет жүйесінің дүниеге келгеніне куә болып отырмыз. Жаңа заңда соттың белсенді рөлінің қағидаты, әкімшілік талаптардың әр алуан түрлері, дәлелдеу бойынша міндеттерді бөлу ережелері айқындалды.
– Азаматқа мемлекетпен қарым-қатынаста өзінің субъективтік құқықтарын тиімді қорғауға, ал сотқа мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерінің заңдылығына толық сот бақылауын жүргізуге мүмкіндік беретін басқа да іс жүргізу тетіктері көрініс тапқаны қуантады. Жаңа әкімшілік соттар сот практикасының пысықталуының нәтижесінде құқық пен заңның «қарауылына» айналады және Қазақстанның одан әрі құқықтық дамуына қомақты үлес қосады деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Й.Пуделька.
«Бейкер Макензи» компаниясының Қазақстандағы филиалының басшысы Куртис Мастерс те аталған съезд жұмысына қатысып, өз ойын ортаға салды.
– Нұр-Сұлтандағы Жоғарғы Сот ғимаратына кіреберіс алдында ежелгі Рим мифологиясынан шыққан әділет құдайының әдемі мүсіні – халықаралық сот төрелігінің нышаны орналасқан. Әділет құдайының көздері дәкемен таңылған. Бұл бейтараптылықты – сот төрелігі бәсекелес тараптардың билігіне, байлығына және басқа мәртебесіне қарамастан әділеттілікті ұстануы керек деген идеалды білдіреді. Әділет құдайы дәлелдемелерді безбендеуді білдіретін әділеттілік таразысын ұстап тұр. Таразы тұғырының болмауы дәлелдемелердің өз жөнімен қаралуға тиіс екендігін айғақтайды. Екінші қолымен Құдай қылышты қыса ұстап тұр. Бұл әділеттілік шешімі тез табылуға тиіс әрі түпкілікті болуы керек дегенді білдіреді, – деді К.Мастерс.
Оның айтуынша, Халықаралық әділеттілік нышанының осы мүсіні Қазақстан Жоғарғы Сотының ғимаратына кіретін барлық адамдар үшін елде сот төрелігінің халықаралық стандарттары қолданылуға тиіс екенін еске салу болып саналады. Қазақстандық сот төрелігінде бөлек ұғым жоқ. Сот төрелігіне құқық – кез келген елдің азаматтарына тең дәрежеде қолданылатын әрбір адамның құқығы.
– Сот төрелігінің халықаралық стандарттарының осы тұжырымдамасына сәйкес, Елбасы Н.Назарбаевтың 2015 жылғы мамырда жариялаған «Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында консультациялық қолдау көрсету үшін Жоғарғы Соттың мүшелеріне халықаралық сарапшылар кеңесін құру ұсынылған болатын. Жоғарғы Соттың жанындағы Халықаралық кеңес деп аталатын осы кеңеске Германия, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігі, АҚШ, Балтық елдерінің, Ресейдің, Дубайдың, Оңтүстік Кореяның және тіпті «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының сарапшылары кіреді. Оның құрамына белгілі қазақстандық құқықтанушы ғалымдар мен судьялар да еніп отыр, – деді К.Мастерс.
Оның айтуынша,Халықаралық кеңес сот болып саналмайды және нақты сот істерін қарамайды. Керісінше, Халықаралық кеңес Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асановтың басшылығымен Қазақстанда сот төрелігін жүзеге асыру кезінде туындайтын даулы мәселелерге қатысты халықаралық тәжірибемен және көзқарастармен бөлісу үшін тұрақты түрде отырыстар өткізіп тұрады.
– Кейде осы мәселелердің ауқымы өте кең болады. Мысалы, мамандандырылған соттарды құрудың қажеттілігі бар ма, әкімшілік соттардың рөлі қандай, сот шешімдерінің сапасын қалай бағалау керек деген мәселелер талқыға түседі. Кейде қарастырылған мәселелер, мысалы, отбасылық зорлық-зомбылық туралы үкім шығаруға немесе мемлекеттік баж мөлшерін анықтау туралы шешімдерге әсер етеді. Осындай мәселелер бойынша кеңестің шетелдік мүшелерінің ұсыныстарын алып әрі талқылай отырып, Төраға Ж.Асанов және кеңестің қазақстандық мүшелері осындай мәселелерді барынша ұтымды шешу туралы шешім қабылдай алады, – деді К.Мастерс.
Осылайша, 400-ге жуық делегат пен мейман қатысып, онлайн режімде өткен форум барысында Мемлекет басшысы сот-құқық жүйесін одан әрі дамыту идеологемасын айқындап, судьялар корпусының таяу кезеңдегі басым міндеттерін белгіледі. Сонымен қатар, съездің екінші бөлімінде судьялар одағы төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Абдолла бірлестік жұмысы туралы баяндады. Форум делегаттары Тексеру комиссиясының есебін тыңдап, Судьялар одағы Орталық кеңесінің жаңа құрамын сайлады. Жұмыс қорытындысы бойынша съезд қаулысы қабылданды.