Фильмді көруге Альберт Эйнштейннің өзі келген деседі. «Үлкен қаланың оттары» фильмі әлем киносы тарихындағы үздік туындыға айналарын бір кездері Чаплиннің өзі ойлады ма екен?
«Кішкентай адамның» басынан өткен тартысты тағдыры шынайы өмірдің өзі болған соң ба екен, ол сомдаған кейіпкерлер шетінен өміршең келеді. Қалпағы мен таяғын іліп алып, қолапайсыз тұмсықты бәтеңкесін тырпылдата басып келе жататын кезбе кейіпкер де ешкімді жатырқамайды. Бір қызығы «ашкөз элитаның» озбыр талабына икемделе алмаған осынау нәзік жүректің иесі үнемі бақытсыз, үнемі саяқ жүреді.
«Үлкен қаланың оттары» фильмінде Чаплин тек басты рөлді ойнаған жоқ, сценарий авторы, әрі режиссер, әрі сазгер, әрі продюсер бола отырып, ғаламат авторлық фильм тудырды. Фильм желісі бойынша үй-күйі жоқ көше кезбесі гүл сатушы зағип қызға ғашық болады. Сатушы қыз ұсынған бір тал гүлді өңіріне асқан ықыласпен қадауы ынтық жүректің демеуі ме, әлде аяушылықтан туған шексіз мейірімнің медеуі ме, ол жағы беймәлім. Бір анығы, драмалық сарынға толы ғажап көріністер бақыт пен үмітке үндеп тұрады.
1927 жылы басталған фильм түсірілімі жиі үзіліп қала берді. Чаплиннің шешесі дүниеден озғанда, түсірілім жұмыстары тұп-тура 62 күнге шегерілген. Өзінің айтуынша, фильм идеясына жазатайым көзін жарақаттап алған әлдебір цирк әртісінің оқиғасы түрткі болған көрінеді. Картина дыбыссыз фильмдер дәуірінің аяқталар тұсында дүниеге келді. Сөйте тұра Чаплин жеке жобасының бастан-аяқ авторы бола отырып, оны қалай түсіру керектігін жақсы білді. «Әттең, өкінішті. Әйелдің аузын ашқанын көру қандай ғанибет, бірақ дауысы естілмейді», дегенді дарынды режиссер осы тұста айтты ма деп ойлаймыз.
Көркемсуретті фильм түсіру барысында өзімен бірге ойнайтын актрисаны Чаплинге бірден таба қою қиынға түсті. Ал бас кейіпкер келіспесе, көркем шығарма мазмұнын сұйылтып жіберуі сөзсіз. Ақыры бір шешімге бекінген Чаплин актриса Вирджиния Черриллмен кездесіп, басты рөлді ұсынады. Десе де фильмде әнтек монтиып қана отыратын екеудің түсірілім алаңындағы қарым-қатынасы тым қиын, тым күрделі болып шықты. Черрилл Чаплинді ешқашан ұнатпайтынын, ұнауы мүмкін емес екенін айтып, сахналық көріністерді тездетіп аяқтауды сұрады. Бұған тосылып қалған режиссер жоқ, Черриллді түсірілім алаңынан қуып шығарып, басқа актрисаларды сынап та көреді. Бірақ көп кешікпей оқиға желісін өрбітуде Черриллден өзге актриса нақышын келтіре қоймайтынын түсініп, актрисаны амалдап кері қайтарады.
Психолог Стивен Вайсман «Үлкен қаланың оттары» фильмін өмірбаяндық сипатқа ие екендігін, зағип қыздың Чарли Чаплиннің анасы, ал маскүнем миллионерді оның әкесінің прототипі деп біледі. Кез келген суреткердің балалық шағы келешек шығармашылығына үлкен ықпал етеді десек, «кезбе Чарлидің» тағдыры жалпы композицияның негізгі өзегіне айналғандай. Бала кезінде қиындық пен жоқшылықты көп көрген Чарли Чаплиннің әкесі ішімдікке салынып қайтыс болса, денсаулығынан айырылған, дімкәс анасы қайта-қайта ауруханаға түсіп, балаларына қарауға шамасы болмаған. Кейде әдейі, кейде білместікпен келеңсіз жағдайларға тап болып жүретін Чаплин кейіпкерлері тағдырына мойынсұнған, момын, сөйте тұра ішкі жан дүниесі мырзалық сипатқа ие, ақ адал келеді. Чаплиннің «кішкентай адамының» психологиялық мінез күйі тереңдеп, барынша әлеуметтік мәселелерге ден қоюы осы «Үлкен қаланың оттары» фильмінен бастау алады. Яғни өндірістік қоғам сипаты белең алған тұста пайда табуды ғана көздейтін қоғамда адамдар теңсіздігінің айқындала түскенін анық көрсете білді және оны бәкене бойлы кейіпкердің елеусіз тіршілігі арқылы өте түсінікті жеткізді. Фильмдегі байдың сау кезінде кісі менсінбей, сылқиып тойып алған уақытта досым деп жік-жапар болуы, есін жиған кезде қайтадан паңдана қалуы сынды үйлесімді көріністермен алма-кезектестіріп, қоғамдық өзгерістерге халықтық сипат беруі суреткердің сұңғыла аңғарымпаздығы емес пе?!
Иә, Чаплинді комедияның королі, режиссураның данышпаны деп әспеттеуі тегін емес. Шығармашылық ғұмырында 70-тен астам қысқаметрлі, 15-ке жуық толықметрлі фильмді жарыққа шығарған талантты режиссердің кез келген туындысы астарлы ой мен тереңдікке ие.
«Үлкен қаланың оттары» фильмі Америка кино институтының нұсқасы бойынша ең үздік романтикалық комедия ондығында бірінші орында тұр. Чаплиннің биік құндылықты адамгершілік пен ізгілік сәулесінен көруі оның шығармашылығының өн бойына терең тыныс беріп келеді. Күлдіре отырып ойға тартатын талантты суреткердің көрермен алғысына алғаусыз бөленуінің бір сыры осында болса керек. Киноөндіріс бүгінгідей дамыған заманда да Чаплиннің мылқау фильмдерін іздеп жүріп көреміз. «Кішкентай адамның» аңғал да тазалық тұнған кейпі көрерменін әсте жалықтырған емес.