Зерттеуші кез келген туындыны ғылыми елекке саларда оның «даралық» және «жалпылық» сипаттарына назар аударуы тиіс. Себебі даралық сипаттан – қаламгердің стилі, жалпылықтан – әдебиеттің мызғымас заңдылықтары көрінеді. Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы жайлы сөз қозғағанда, оның «жабағылана ұйысқан» тың теңеулері мен тұрақты тіркестері, тұңғиық мұңы мен шексіз сағынышы тілге тиек болып жатады.
Архетип дегеніміз не?
«Жалпылық» деген сөздің мағынасын батыс зерттеушілері «ұжымдық» деп айтқанды жақсы көреді. Негізгі мағынасы «бүкіл адамзаттық», «барлығына ортақ» деген сөздерге саяды. Ал барлығына ортақ дүние бір қайнардан бастау алатыны белгілі. Яғни барлығының ілкі, түпкі бастауы бір деген сөз. Мақала мақсатына қол жеткізу үшін обьективті тұрғыда адамзатқа ортақ, субьективті тұрғыда әдеби образдар мен мотивтерге ортақ қабатқа, «тұңғиық тереңге» сүңгуіміз керек. Біздің алдымыздан, әлбетте, «ұжымдық бейсаналық» немесе «архетип» деп аталатын термин шығады. Ендеше, «архетип» деген не, алдымен соны анықтап алайық.
Жалпы, зерттеушілер қауымы архетип терминін Карл Гюстав Юнгке телиді. Бірақ аталмыш ұғым швед ғалымы ашқан жаңалыққа дейін болған. «Архетип» термині алғаш Филона Иудеяда «адамдағы Құдай бейнесі», Иринияда: «Әлем Жаратушысы нәрселерді өз ішінен жасаған жоқ, алайда ол оларды өзінен тыс архетиптерге ұқсатып жаратты, «Corpus Hermeticum» (Құдайды «архетиптік жарық» деп атаған) делінсе, Аврелий Августинде «платондық» идеялардың синонимі ретінде де таныс болған. «Архетип» термині Дионисия Ареопагитада бірнеше рет кездеседі. Леви-Брюл әлемтанудағы символикалық фигураларды белгілеу үшін «ұжымдық ұғым» терминін қолданған екен.
Карл Гюстав Юнг ұстазы Зигмунд Фрейдтің бейсаналық қабат аз да болса әр адамда әртүрлі, ол балалық шақта ұмытқан, «күштеп көміп тастаған» естеліктер көмбесі деген тұжырымын жоққа шығармайды. Бірақ ұстаз қағидасымен шектелмей, мидың саналық, бейсаналық қабаттарынан кейінгі, үшінші қабат – түпсана бар екендігін айтқан. Ғалым: «жеке бейсаналық одан да терең түпсанаға табан тірейді. Түпсана – жеке түсініктермен қалыптаспайтын, өмірлік тәжірибеге қатысы жоқ, туа бітеді» деп тұжырым жасаған. Бұл қабатты «ұжымдық бейсаналық» деп атай отыра, «ұжымдық» деген сөзді бір мазмұн мен бір әрекет түрінің кез келген заманда, кез келген адамда болатындықтан таңдағанын жеткізеді. Яғни ұжымдық бейсаналық – адамның ойлауы мен әрекетін анықтайтын туа біткен психикалық құрылым.
Өмір жолы сансыз таңдау жасаудан, шешім қабылдаудан тұрады. Сіз әлі күнге дейін әр таңдауды өзім жасадым деп ойлайсыз ба? Таңдауды саналық қабат емес, архетиптік қабатқа табан тіреген бейсаналық жасайды.
Архетип – адамның жер жаратылғаннан бері осы күнге дейінгі жинаған тәжірибелерінің, ақпараттарының қоры. Ол шексіз қазынаның кілті кімнің қолында болса, сол тұтас қоғамды қозғалысқа түсіре алады. Рас, батыс елдері мұны ерте түсінді. Сәтті жұмыстары тарих парағындағы ең елеулі оқиғалар ретінде алтын әріптермен жазулы тұр. Мысалдар өте көп. Кез келген ұжымдық қозғалыстың, әлеуметтік қарсылықтың, көтерілістің, т.с.с. ырықсыз қоғамдық бірігулердің архаикалық даму сатысында аффективті-иррационалды әрекеттер мен ұжымдық ойлау бар екені рас қой?! Архетиптің маркетингтегі ролі таңғажайып десе болады. Бірақ тақырыптан ауытқымайық. Бізге керегі архетиптің әдебиеттегі рөлі.
Әдебиеттегі архетип
Юнгтің концепциясын әдебиетте алғаш рет канадалық ғалым Н.Фрай қолданған. Әдебиеттанудағы мифологиялық мектептің көшін бастаған ғалым 1957 жылы «Сын анатомиясы» (Анатомия критики) атты жұмысында өмірдегі күнделікті процестер (әрекеттер) әдеби шығармалардың архетиптік негізін құрайды деген ой айтқан. Б.М.Парамонов 1982 жылы К.Г.Юнгтің теориясын негізге ала отырып, алғашқылардың бірі болып мифтік танымдағы архетиптердің әдеби мәтінде көрініс табатынына интерпретация жасаған. Ол «Мифология – көркем мәтіннің алғашқы қабаты» екенін айта келе, авторды – жұмбақ жасырушы, оқырманды – жұмбақ жауабын шешуші ретінде көрсетеді. Жауап әр оқырманның түпсанасында бар.
Көркем мәтіннің мифологиялық құрылымына ХХ ғасырдың соңында орыс ғалымдарының үлкен шоғыры назар аударды. Көптеген теориялық жұмыстар жазылды. Солардың ішінде С.М.Телегиннің «мифсіз – әдеби шығармашылық болмайды...» деген тұжырымдаманы негізге алатын «мифтік роман» концепциясын ерекше атап өтуге болады.
Мифологиялық образдар көркем мәтінде автордың саналы және санасыз пайдалануы арқылы өмір сүреді. Оқырман бұндай мәтінді ұлы жұмбақ, түрлі мәдени кезеңдерді жалғап тұрған құпия ретінде тану керек. Көркем мәтіннің мифологиялық негізіне үңілу туындының терең қатпарларын ашуға қызмет етеді. Рахымжан Отарбаевтың «күштеп көміп тастаған» естеліктер көмбесі арқылы жалпыға ортақ «ұжымдық бейсаналыққа» үңілу – мақаланың негізгі мақсатынан туындап отырған міндеті.
Архетиптік сюжет
Зерттеулер нәтижесінде мифтегі барлық сюжеттер бірнеше әмбебап құрылымдық бөлшектерден тұратыны анықталды. Алғашқылардың бірі болып К.Юнг «мифологиялық мотивтердің әмбебап параллелизмін» тапты. Олардың түп төркінінде санаулы ғана желілер бар екендігін Э.Блейлер де айтып кеткен. Әлемдегі мифтердің табиғатын зерттеген атақты антрополог, салыстырмалы психология саласының өкілі Джозеф Кемпбелл «Мыңсипатты қаһарман» кітабында қаһарманның сапары жайлы нақты тұжырымдар ұсынғанда осыған баса назар аударады. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романының ішкі құрылымын Джозеф Кемпбеллдің призмасынан өткізуді жөн көрдік.
Кез келген сюжеттік желі кездейсоқ шешімдермен өрбімейді. Кез келген образ тосыннан ойлап табылмайды. Ол міндетті түрде біздің бейсаналық қабаттан немесе «ұжымдық бейсаналық қабаттан» тамыр алған. «Бас» романының сюжеттік желісі бір қараған адамға қарапайым көрінгенмен, Дж.Кэмпбеллдің призмасына салғанда мүлдем басқа, көзге көріне бермейтін құпия-сырлары, қабат-қатпарлары ашылады.
Дж.Кэмпбелл – әлемдегі барлық мифтердің, аңыздардың, ертегілердің құрылымына қарап, олардың ортақ ұқсастығын жүйелеген бірегей ғалым. Сырт сипаты, киген киімдері ұлтына, жергілікті (географиялық) ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болғанмен, түпнегізі ұқсас екен. Ғалым оқиғаның архетиптік сюжеті бар екендігін, ол сюжет тек мәтінді дүниеге әкелуші шығармашыл тұлғаға ғана емес, оны қабылдап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан барлық адамзатқа ортақ сюжет деген тың ой айтады.
Адамзатқа ортақ архетиптік сюжеттегі оқиғаны «хабаршы» бастайды. Хабаршы бас қаһарманды жаңа кеңістікке, белгісіз жерге сапарға шақырады. Ол жаңа кеңістікке өту арқылы өз «Менін» жеңеді. «Өліп – қайта тірілу» инициациясын өткереді. Белгісіз жерге сапарға шыққан қаһарман көптеген қиыншылықтардан өтіп, үлкен тәжірибемен, сиқырлы құралмен, нағыз қаһарман болып еліне оралады. Джозеф Кемпбеллдің еңбегін саралаған Кристофер Волгер сюжеттегі оқиғаның әмбебап құрылымдық бөлшектерін келесідегідей тарқатқан: 1. Қалыпты кеңістік; 2.Саяхатқа (жолға) шақырту келуі; 3.Шақыруды қабылдамау; 4.«Тәлімгерді» кездестіру; 5.Бірінші табалдырық; 6.Сынақтан өту, одақтастар мен дұшпандар; 7.Құпия үңгірге жақындау; 8.Басты сынақ; 9.Сыйлық; 10. Кейін қайту; 11.Қайта туу; 12.Сыйқырлы құралмен кері оралу.
Аталған әмбебап құрылымдық бөлшектер барлық мифтердің, ертегілердің, аңыздардың, жырлардың бойында бар. Олар мыңдаған дәлелдермен бекітілген. Бұл классикалық құрылым «Бас» романында да бұзылмай, бәз қалпында көрініс тапқан. Құрылымның жалпылама сипаты емес, Дж.Кэмпбелл жазып кеткен ұсақ-түйек ерекшеліктер де Рахымжан Отарбаевтың аталмыш романында көзіңізге оттай басылады. Бұл дегеніңіз, қаламгер «Бас» романын жазғанда – адамзаттың осы күнге дейінгі тәжірибесі жинақталған «архетип сиясауытына» қаламұшын малып отырып жазды деген сөз!
«Бас» романының бас қаһарманы – Ноэль және жанама түрде Махамбеттің басы. Біз осы екі образдың сапарын құрылымдық бөлшектерге бөлеміз.
Қалыпты кеңістік (күнделікті өмір). Бұл – қаһарманның жолға шыққанға дейінгі ортасы. Әдетте, қалыптасқан заңдылықтары бар, бейбіт, қайшылықсыз орта. Бұл кеңістікті психологтар – «саналық қабаттың көрінісі» деп атайды. Ноэльдің Мәскеуде оқыған кезі, Алматыда жүрген уақыты осы «қалыпты кеңістік» талаптарына келеді.
Саяхатқа (сапарға) аттануға шақырту келуі. Беймәлім кеңістікке сапарға аттану кездейсоқ жоғалып-табылған заттан, тосын кездесуден, елеусіз айтылған серттен басталып кетуі мүмкін. Ол «хабаршы» қызметін атқарады. Мысалы, «Алтын сақа» ертегісіндегі «хабаршы» – суда жүзіп жүрген өкпе, Ертөстікте бір қанатын сабалап қаша берген тарғақ, Керқұла атты Кендебайда қозы баққан бала. «Хабаршы» прозада да міндетті түрде кездеседі. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романындағы жарықтың сөнуі, Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» туындысындағы Синьор Палетелли, т.с.с. «Бас» романындағы жаңа оқиғаның жаршысы – Есік қорғанынан табылған тостаған. Тостағанда «Мен де сендей болғанмын» деген сына жазуы бар. Тостаған қаһарманды үлкен сапарға шақырып тұр. Ол бұл жұмбақты шешуі тиіс. Сондықтан үлкен сапарға аттануы керек. Оған енді күнделікті тіршілік, шектеулі қалып тарлық етеді. Кейіпкер кейде ерікті түрде, кейде еріксіз рухани табалдырықты аттайды. Психологтар бұны – «Меннің оянуы» деп атайды.
Жоғарыда айтқан табалдырық – бейсаналық қабатының табалдырығы. Кейіпкер Ноэльдің Есік қорғанын қазуы – оның өз санасына үңілуінің көрінісі іспетті. Бұл ертегілерде, жырларда кейіпкердің жердің астына түсуімен үндеседі. Жердің астынан шыққан кейіпкер сиқырлы құралмен шығады. Сиқырлы құрал тікелей мағынада ғана емес, білім, ақыл, тәжірибе болуы да мүмкін.
Шақыртуды қабылдамау. Кейбір сюжеттерде кейіпкер «хабаршының белгісін» қабылдамайды немесе оған кейбір оқиғалар бөгет жасайды. Романдағы тостаған табылғаннан кейінгі қардай бораған өсектер, Ноэльге «ықылас пен ынтаның суып сала беруі», «мамандардың жай жиналысқа да шақырмауы», «ғылыми ортада сәлем алатын адам қалмауға айналуы» – қаламгердің саналы түрде қазақ қоғамындағы көреалмаушылық мінезін түйрегені болғанмен, бейсаналық тұрғыда «шақыртуды қабыл алмау» құрылымдық әмбебап бөлшегін пайдаланғаны деп түсіндім.
Дж.Кэмпбеллдің тұжырымы бойынша хабаршы үш рет келеді. Бұл әлем мифтеріндегі мызғымас заңдылық. Бас романындағы екінші хабаршы – Ықастың кабинетінде кездескен Дәурен, үшінші һәм басты хабаршы – Әлімжан Сақтаев атты кейіпкер.
«Тәлімгерді» кездестіру. Кристофер Воглер «тәлімгер» жайлы: «Ақылшы тұлғасы түсте, мифте, сондай-ақ кітаптар мен фильмдерде үнемі көрінетін, әдетте, бұл бас қаһарманға немесе оны үйретушіге көмектесетін ұнамды кейіпкер» – деп анықтама береді. «Олардың қабыл алмауға болмайтын шақыруға байланысты аттанатын ерлік сапарында алғашқы болып жолығатын және сапарлаушыға жолында қалайда кез болатын айдаһардың мызғымас күшіне қарсы қолданатын құрал ұсынатын қорғаушы-кейіпкер» екенін Джозеф Кэмпбелл де өз «Мыңсипатты қаһарман» еңбегінде атап өткен. Жебеуші, қорғаушы, көмектесуші кейіпкерді В.Пропп «Морфология сказки» атты әйгілі еңбегінде «сыйлық беруші» (даритель) деп атайды. Бұл кейіпкердің басты міндеттерінің бірі – жұмбақ шешуге көмектесу. Ол кейде тылсым күштің иесі ретінде де сипатталады. «Бас» романында Махамбеттің басы жанама тұрғыда «тәлімгер» образын өз бойына сыйдырған. Ноэль архивтен тапқан жазбаның үзіндісін ғана қолға түсіріп, оқып шығады. Арғы жағындағы оқиға жұмбақ. Кейіпкер тығырыққа тірелді. Сол сәттегі қаламгердің шешіміне назар аударыңыз: Оқиғаның жалғасын өзгеден емес, өзімнен тыңда, – деді жақ сүйек сақ-сақ қозғалысқа еніп.
Бұл – тылсымнан көмекке келген «тәлімгердің» анық сипаты.
«Тәлімгер» тұлғасының сипатына Ноэльдің Мәскеудегі жетекшісі Герасимов та келеді. Ол роман бойында түрлі қиындықтарға тап болған бас кейіпкерге ақылын беріп, келесі есіктердің ашылуына өз септігін тигізіп отырады. Сонымен қатар Апачи Джеронимо кейде ғайыптан пайда болып, кейде түсіне еніп, бас кейіпкердің жолына жарық түсіреді.
Бірінші табалдырық. Мифтерде табалдырықты аттаған қаһарман құрбандыққа барады. Көп жағдайда ата-анасын, туған жерін, отбасын тастап, алыс сапарға шығады. «Бас» романында да Мәскеудегі отбасын құрбандыққа беріп, Ноэль жұмбақ шешуге аттанады.
Сынақтан өту, одақтастар мен дұшпандар құрылымдық бөлшегіне қабірді қолмен қазу, тобылғы сапты қамшыны табу және Махамбеттің басын қазып алуды жатқызар едім. Бас кейіпкердің одақтастары: Дәурен, Айым, Құрақ, Иса, Мұхас Аббасович, Имаш. Ноэльге тікелей қастандық ойламаса да, оқиға барысында түрлі кедергі, қарама-қайшылық тудырып отырған дұшпандар санатына: Ықас, Қашқария, Қайып, Дүрия, Қарауыл, Баймахан сынды кейіпкерлерді айтуға болады.
Құпия үңгірге жақындау. Бір қараған адамға Есік қорғаны, Махамбеттің қабірі, Мексикадағы қорған – бұлар құпия үңгірге жақындау сипатын толық атқарып тұрғандай болуы мүмкін. Мен өз тарапымнан қаламгердің Махамбет пен Жәңгірдің, Махамбет пен Баймағанбеттің диалогтарын құпия үңгірге жақындау құрылымдық бөлшегі ретінде ұсынғысы келген деген болжам айтқым келеді. Себебі құпия үңгірге жақындау дегеніміз – жұмбақтың ашылуына бір табан жақындау, жауап жасырынған үңгірге жақындап келгенмен, оның нақты не екенін білмеу, білуге ынтық қылу емес пе?
Басты сынақ. Махамбеттің кескін-келбетін жасап шыққан Ноэль көптеген рухани ордалардың табалдырығын тоздырады. Мәскеуге аттанарда басты Баймаханға, Ықасқа Қайып апаратыны, ешқайсысының қабыл алмауы – бас тағдырының басты сынағы.
Сыйлық – бастың Дәуреннің қолына тиюі. Ақынның ақ адал жанашыры Дәурен – біздің заманымыздағы Махамбеттің өзі. Ол сыйлықты жертөлеге жасырады. Жертөле – ертегі, жырлардағы жер астына түсу сипатындағы кеңістік. Қаһарман жердің астынан сиқырлы құралмен шығады. Жер астына түсуі желісі «бейсаналық қабатқа», яғни өз-өзіңе үңілудің бір түрі ретінде айтылады. Биліктегілердің басты тапқан адамға қомақты сыйақы тағайындауы да «сыйлық» құрылымдық бөлігіне тамшыдай тиіп тұр.
Кейін қайту – бұл бөлімге Мексикадан табылған тостағанның екінші сыңары, «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боласың» деген сөз және төрт бастың қайсы Махамбеттің басы екендігі анықталуы тиесілі.
Қайта туу. «Өліп – қайта тірілу» – маңызды инициация. Аты ұмтыла бастаған баһадүр батыр елімен қайта табысты. Бірақ кейіпкер өзгерген. Ол сапарға шыққандағы сипатынан мүлде бөлек. Қараусыз жатқан бейітке оралған соң оның аты асқақтап сала берді. Елдің шексіз құрметіне бөленіп, күн сөнгенше өшпестей даңққа ие болды. Ол үшін бұл сапар – ұлы сапар.
Сиқырлы құралмен кері оралу. Сиқырлы құрал – елдің батырдың қадірін түсінуі. Махамбеттің ұлт алдындағы екінші өмірі, қазақпен қайта қауышуы ретінде көрініс тапқан. Психологиялық тұрғыдан келгенде, бұл «Менің өзін-өзі жеңуі» деп аталады.
Байқағанымыздай, «Бас» романындағы қаһарманның сапары архаикалық сюжеттермен тығыз қабысып жатыр. Әлем әдебиетінің классикалық шығармаларын бойына сіңірген жазушы бұл құбылысты бейсаналық тұрғыда қаламына тиек еткен. Архетиптік түпсанаға қатысы бар шығарма – тек қаһарманның жаңа кеңістік табалдырығын аттап, сиқырлы құралмен оралуы ғана емес, ол – жазушының саналық қабаттан – бейсаналық әлеміне үңіліп, өз «Менін» жеңуі. Ендеше, «Бас» романы – байлық пен мансаптан басқаны ойламайтын қоғамның ұлттың рухани қаһармандарын қадірлемеуі жайлы ғана емес. Қаламгер өз ішінде болып жатқан қарсылықтарды, яғни өз «Менін» жеңіп, ұлт мүддесіне риясыз берілген тұлғаға айналуын бейсаналық тұрғыда жазып шыққан.
Алмаз Мырзахмет,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты