Қазақстанда тұратын этностардың тарихына көз жүгіртсеңіз, әртүрлі тағдырлар мен өмір иірімдерін көресің. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың басында КСРО-ның әр түкпірінен жастарды еліміздегі тың игеру жұмысына тартқан болатын. Қасиетті қазақ жеріне келген түрлі этнос өкілдері тамырын тереңге жайды. Олардың ұрпақтары бүгінде бірлігі мен татулығы жарасқан елімізге тастай батып, судай сіңді. Ұлттық ұлан қатарында да мұндай азаматтар баршылық. Еліне адал қызмет атқаруда. Аға лейтенант Ярослав Аникаев – солардың бірі.
Ярослав 6636 әскери бөлімі басқару пункті әкімшілік тобының офицері, байланыс саласының белді маманы. Ол еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның тумасы. Елордада мектепті аяқтағаннан кейін, әскери болуды шешіп, көрші елдегі Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Қорғаныс министрлігі Әскери байланыс академиясына оқуға түседі. 2015 жылы аталған жоғары әскери оқу орнын аяқтап, 5573 әскери бөлімінде байланыс ротасының взвод командирі болып еңбек жолын бастайды. Кейін 6636 әскери бөлімінде взвод командирі болып қызметін жалғастырады. Еңбексүйгіштігімен көзге түскен жас өренді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында қабырғасы қаланған басқару пунктіне қызметке тағайындайды.
– Өз басым байланыс саласын жақсы көремін. Байланыс саласын әскердің болашағы деп білемін. Өйткені, жауынгерлік дайындықты қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі – сол. Байланыссыз әскерді елестету мүмкін емес. Сондықтан көп оқып, көп ізденемін. Мүмкіндік болса, семинар, оқу-жаттығу жиындарына қатысамын. Офицер, Қазақстан азаматы ретінде елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – деп Ярослав ағынан жарылды.
Әскери қызметте жүріп, Екатерина есімді арумен танысып, отбасын құрады. Бүгінде екеуі Николай есімді ұлды тәрбиелеп отыр. Өзі тың игерушілердің ұрпағы екенін айтады.
– Атам Николай – Ресей Федерациясы Ижевск қаласының тумасы. Әкем 3 жаста болғанда бүгінгі Нұр-Сұлтан, кешегі Ақмола қаласына көшіп келген. Нағашыларым да сол кездері Қазақстанға қоныс аударған. Анам Галина Николаевна Башқұртстанда туғанмен, қалған ғұмырын осы қалада өткізіп келеді. Аталарымыз тың игеру жұмыстарына өз еңбектерін сіңірді. Әке-шешем осында танысты. Қазақ жерінде бақыт тауып, отбасын құрды. Мен де осы жерде туып-өстім. Қазақстан біздің ортақ Отанымыз, киелі шаңырағымыз. Шетелде де оқыдым, басқа мемлекеттерде де достарым көп. Алайда бір ұққаным – бірлігі жарасқан, берекесі тасыған өз еліміздей ел жоқ. Осы елде тұрып, елге қызмет етуден асқан абырой жоқ, – дейді ұландық офицер.
Иә, кейіпкеріміз Ұлттық ұлан қатарында ел бірлігі жолында қызмет атқарып, еліне еңбегін сіңіруде. Қазақстандық қоғамға «кірпіш болып» қаланған офицердің алар асуы әлі алда.
Дарын СЕЙІТОВ,
капитан