• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қазан, 2020

Махаббат сағызы

841 рет
көрсетілді

Сіз, махаббат сағызын шайнап па едіңіз?.. Қалайша?.. Өткен ғасырдың эластикті ретро дәмі есіңізде жоқ па?.. Сыртында «Love is...» деген жазуы бар сүп-сүйкімді созылмалы тәтті ше? Тік төртбұрышты келген, қызғылт өңді борықтай жұмсақ зат. Сол уақытта серінің әтіріндей хош иіс төгіп, ерке-сылқымды естен тандырған өрнекті өнім. Бозбала біткен сүйгеніне сыйға беріп, сол арқылы сезімін де жеткізген. Иә-иә, ұяң жігіттің риясыз пейілінің дәнекері десеңіз де болады. Мұндағы қызық сағызда емес, оның қорабындағы сиқырлы суреттерде болып отыр ғой. Біздің де әңгімеміздің сорабы сол еді, негізі.

 

Сағыз жайлы сөз қаузай қалсақ, ерте­дегі «Ералаштан» естіген әйгілі әңгі­ме ойымызға оралады. Бала тілі бал ғой, шіркін! «Nike не Adidas-тың киімі болмаса, құр сағызға Отанымды сата алмаймын» демеуші ме еді? Бал­дырғанды тәттімен алдап, шекарадан өтуге оқталған қарақшы осылайша өз қу­лығына өзі түсетін. Шынында, жеу­ге жарамсыз тәтті ойын баласының ал­­данышы ғана. Бірақ онда қаншама ес­телік бар. Сол заманда сағызға деген сұраныс сұрапыл еді. Таңдайы кеп­кенше таңнан кешке дейін шайнап, үлпіл­детіп үрлеп, шар жасап ойнайтын кіш­кентай бұзықтардың әрекеті әлі де жадымызда. Алақанына жасырып, қай қолында екенін тапқанша сұлуға сыр алдырмайтын бозбаланың жүрек лүпілін айтсаңызшы!?

Жүрек лүпілі дегеннен шығады, «Love is...» сүйкімді комикстерінде үл­кен махаббат оқиғасы бұғынып жатыр. Қа­ғаздағы әсерлі бейнелер суретшінің сүйген жарына арналғанын біреу білсе, біреу білмес. Сүйіспеншілік, адалдық және жоғалту тақырыбындағы қысқа мәтінді суреттер сериясы. Ғашықтық хаттарға ұласқан мөп-мөлдір махаббат миниатюралары.

«Love is...» бұл Жаңа Зеландия елі­нің тумасы, анимация суретшісі Ким Касалидің туындысы. Ол бала күнінен саяхаттағанды ерекше жақсы көрген екен. 19-ға толған шағында арманшыл бойжеткен ақыры үйінен ұзап, жиһан­герлік жолға түседі. Жер шарын толық аралауды мақсат еткен қиялшыл қыз ара­ға алты жыл салып, Калифорнияға тұрақ­тайды. Тағдырға жазғаны шығар, сол әсем шаһардан италиялық азамат Роберто Касалимен кездеседі. Амери­каға жаңа қоныс аударған суретші дү­ние­ні шыр айналып таппаған бақытын сол қаладан жолықтырыпты. Қызығы, жігітті бір көргеннен ұнатып қалады. Деген­мен табиғатынан биязы бойжет­кен ғашықтық ниетін сол сәтте білдірудің ретін таппайды-мыс. Міне, бұл рай алапат сезімнің арбауына түскен аруға асқақ шабыт сыйлап, өмірге керемет комикстерді әкелуіне септігін тигі­зеді. Ақынның жұбанышы өлең болса, суретшінің көңілге сүйеніші картина емес пе? Ендеше, сұлудың сағыныш хаттары жүрек толқытпасына кім кепіл!?

Сонымен Ким шағын салфеткаларға топ-томпақ қыз бен жігіттің қарым-қатынасын бейнелей бастайды. Ешқан­дай бояусыз кескіндемелер тек екі кейіп­­­кердің өмірінен сыр шертіп, әр түр­­лі эмоциялармен әдіптеледі. «Мен өзімнің балаң сезімімді білдіру үшін ықшамдалған эскиздер жасадым. Бұл менің сезімімнің күшін сипаттайтын эмоциялардың күнделігін жүргізу сияқ­ты болды. Алдымен қызға айналған тамшыны салдым. Ол, әрине мен! Ондағы қыз менің ғажайып сезімімді бастан өткерген адам. Артынан тағы бір тамшы салдым. Ол – осы сезімге себеп болған бала», дейді автор естелігінде.

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегендей Роберто суретші сұлуға сөз салуға бата ал­­май, көңілін құпия ұстауға тырысады. Алайда Ким жолдаған комикстерді көр­генде кездесуге асығыпты. Махаббат өртіне күйген екі жас осылайша отау құрады. Екеуі ырымдап Кимнің ата-анасы үйленген шіркеуде некелеседі. Жас қалыңдық той көйлегімен қоса, басына түймедақтан тәж жасап киіпті. Кейін бұл сәт оның комикстерінде де көрініс тапқан.

Роберто әйелінің өне­ріне таң-тама­ша болып, шығар­машылығын насихат­тауға кіріседі. Сөйтіп 1970 жы­лы 5 қаң­­­­­тар­да тұңғыш рет «Los Angeles Ti­mes»­­­ га­зетінде суреттер жарияланады.­ Ко­­миксте бала қызды «Ким» деп ата­са, қыз құмға «Р» әріпін бейнелеген. Оны­­сы Роберто есімінің бірінші қаріпін мең­­зегені.

Иә, махаббат комикс­терінің бірден танымал бол­ғаны соншалық, ер­лі-зайыптылар Minikim кор­по­рациясын құрады. Онда Ро­берто менеджер болып қыз­мет атқарады. Суреттер тек жур­налдарда ғана емес, күнтізбелерде, плакат­тарда, кружкаларда, футболкаларда басыла бастайды. Тіпті Ким Касалидің жылдық табысы 5 миллион­ фунт стерлингті құраған. Ал «Love is...»­ өнімі әлемнің 50 еліне сапар шегіп, бренд­ке айналады. Махаббаттың құдірет кү­ші әлдилесе, дәл осылай әлдилесін адам­затты.

Ким өзін ешқашан нағыз суретшімін деп санамаған. 1981 жылы берген сұхбатында: «Егер менің таңдауым болса, романтикалық әндердің авторы болар едім. Махаббат әндері маған қатты әсер етеді. Әттеген-айы, әдемі жаза алмаймын, сондықтан өз сезімімді білдірудің басқа әдісін таңдауым керек болды», дейді ағынан жарылып.

Махаббат дастанының кейіпкерлері қарым-қатынастың әр түрлі кезеңдерінен өтеді. Танысудан бастап ерлі-зайып­ты болғанға дейінгі мерейлі мезет­тер­дің барлығы ұштасқан. Ол – ол ма, кейіп­кер­лер­дің бірінің қайтыс болуына дейін көр­сетілген. Оған себеп – 1975 жылы Робертоға дәрігерлер тексерісінен кейін, «қатерлі ісік» диагнозы қойылуы. Ойда жоқта келген індет Кимге үлкен соққы болып тиеді. «Әкем менің жас кезімде қайтыс болды, сондықтан Роберто тұрмысқа шығуымды өтінгенде: « Не істесең де, мен үшін ұзақ өмір сүр­ші» дедім. Ол күліп, тырысып көре­мін деп уәде берді», дейді суретші қолжаз­ба­сында.

Өкінішке қарай Роберто уәдесінде тұра алмайды. Кимнің бақыты ұзаққа созыл­мады. Ол сүйіктісіне көбірек уа­қыт бөлу үшін комикстермен жұмыс іс­теуді тоқтата тұруға мәжбүр болады. Бірақ суретші жарымен табыстырған комикс­терден бас тартуды мүлдем ойлаған жоқ. Берекелі ісін ағылшын мультипликаторы Билл Асприге әрі қарай жалғастыруды өтінеді. Биллдің қылқаламынан туған түрлі-түсті комикстерді кейін Ресей, Түр­кия және Украина суретшілері іліп әкетті.

Англияға қоныс аударған соң Робер­то Касали 31 жасында дүниеден озады. Ал комикстерде тек қыз бен екеуі бірге отыр­ған тұғыр ғана қалады. Оқырмандар мұны жақсы түсінген. Орны толмас қайғының артынан қуаныш үйіліп, Ким көп ұзамай сәбилі болады. Британдық газеттер нәрестеге «Керемет нәресте» деп айдар тағып, мадақтама мақалалар жа­зады.

Күйеуінің қазасынан кейін Ким өнерден қол үзіп кеткен жоқ. Бар уа­қы­тын балаларының тәрбиесі мен шығар­машылығына арнады. Алайда ол да жаман ауруға душар болып, 55 жасында бақиға аттанады. Отбасылық бизнеске үлкен ұлы Стефано ие болады. Билл Аспри келісімшарт бойынша Кимнің қол­таңбасымен, «Love is...» хикаясын әрі қарай жалғастырады. Жылдар алмасып, бірте-бірте Ким мен Робертоның махаббат тарихы ұмытыла бастайды. Енді сегіз тілде сөйлеген комикстер жас ғашықтардың ізгі лебізіне ұласып, махаббат символына айналып шыға келеді.

1990 жылы «Love is...» сағызы Түр­кия мен Ресейде өндіріле бастады. Ондағы компаниялар Кимнің идеясын негізге алып, тәтті өнімді махаббат афо­ризмдеріне толы қорапқа қаптап, экспортқа шығарды. Қораптағы әртүр­лі комикстер қыз бен жігіттің жүрек сөзіндей әсерлі мөлтек мәтінге толы. Тауардың өтімділігін арттырып тұрған Ким негізін қалап кеткен сүйкімді ко­микс­тер екені кейіннен әлемге мәшһүр болды.

Міне, талай мәрте ро­ман­тикалық кеш­тердің сәніне айналған сағыз­дың шығу та­рихы осындай. Сіз де махаб­бат сағы­зын шайнаған бо­лар­сыз? Есіңізге түсіріп кө­­ріңізші?