Нұр-Сұлтан қаласында үздік инспекторларға, орманшыларға және табиғатты қорғауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы «Елім-ай» сыйлығы берілді.
Шараға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭГТР) мен «Республика. Аймақ. Даму» қоғамдық қоры ұйытқы болды.
Марапатталушыларға сыйлықты ЭГТР министрі Мағзұм Мырзағалиев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Ольга Шишигина, Микаелян Наринэ, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов, Олимпиада чемпионы Василий Левит, Nur Media холдингінің басшысы Болат Кальянбеков және басқа да қоғам қайраткерлері табыстады.
«Елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» сыйлығын тапсыру арқылы біз саладағы үздік мамандарды, жануарларға, жабайы табиғатқа, экологияға жаны ашып, өз еріктерімен қоғамдық істердің басында жүрген азаматтардың еңбегін атап өткіміз келді», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Экология министрлігі «Елім-ай» сыйлығы шарасын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізбек ниетте.
«Біздің министрлік алдына экология саласындағы қызметкерлердің, экобелсенділердің мәртебесін көтеру міндетін қойып отыр. Сала мамандарының материалдық жағдайын жақсартуға қатысты қадамдар жасалды. Браконьерлік үшін жаза қатаңдатылды. Өткен жылы ақбөкендерді қорғау жолында қорықшыларымыз – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың браконьерлер қолынан қаза тапқанын ешкім ұмытқан жоқ. Бұл – инспекторлардың мәртебесін жоғарылату жолындағы белсенді жұмысты жалғастыруымыз қажеттігінің үлкен белгісі», деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 18 қазанда аталып өткен орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтады.
«Төл мереке өз жалғасын бүгінгі күні де табуда. Бұл өздерінің табандылықтары арқылы еліміздің орман байлығын қорғап, көбейтіп жүрген азаматтардың мерекесі. Еліміздің баға жетпес байлығы – табиғаты. Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа, ұрпағымызға парыз», деді ол өз сөзінде.
«Елім-ай» сыйлығы 16 номинация бойынша берілді. «Браконьерлермен күрестегі ерен ерлігі үшін» «Охотзоопром» Ақмола облыстық тірек пунктінің инспекторы Достай Балғабекұлы марапатталды. Ол 2016 жылы браконьерлермен бетпе-бет келіп, мойнынан пышақ жарақатын алып, ажалдан аман қалған еді. «Охотзоопром» ӨБ орталық аймақтық филиалының инспекторы Мұрат Қабиденұлы «Жануарлар дүниесін қорғауда «үздік инспектор» деп танылды. Орман шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан «Самар орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Еркен Қабдырғалиев «Үздік орманшы» атанды. Орман шаруашылығын дамытуға барын салып атсалысқаны үшін «Семей орманы» мекемесінің Семей қалалық филиалы Батпаев орманшылығының жетекшісі Александр Трушин марапатталды. «Орман шаруашылығына еңбегі сіңген ардагер» номинациясына «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Хамит Ағабекұлы ие болды. Биология ғылымдарының кандидаты, 30-ға жуық ғылыми мақала жазған, «TMT GROUP» ЖШС басшысы Марлен Тұрсынәліұлы «Үздік балық өсіруші» деп танылды. Ал «Карагандинский рыбопитомник» ЖШС «Үздік балық тәлімбағы» атанды. Басшысы – Денис Муштаков. «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – «Үздік ұлттық парк», «Барсакелмес» мемлекеттік қорығы «Үздік қорық» аталымын алды. Сыйлық мекемелердің басшылары Дамир Малгелдиев пен Зәуреш Әлімбетоваға берілді. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Ержан Еркінбаевқа «Экотуризмді насихаттау бойынша үздік жоба» номинациясы берілді. «Тамыр» жабайы табиғатта серуендеу мектебі экологиялық мәдениетті көтеру және адамдардың жабайы табиғаттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
Итбалықтардың қорғаушысы ретінде танылған Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова «Экологиялық насихат бағытындағы маман» аталымына ие болды. «Аманат пен ерік-жігер» аталымымен екі қолының жоқтығына қарамастан Ақмола облысында 18 мың ағаш отырғызып, үлгілі іспен өмірден өткен Александр Карповичтің еңбегі аталып өтілді. Сыйлық ұлына табысталды. «Өлкетануға қосқан үлесі үшін» номинациясын «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Алтынбек Жұматұлы алды. «Жабайы аңдарға жасаған қамқорлығы үшін» «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің биолог-аңшысы Нұржан Сайранбайұлы марапатталды. Жануарларды қорғау қауымдастығының президенті Лилия Сәрсенова «Үй жануарларын қорғағаны үшін» номинациясын алды. Ол жануарлар паналайтын орталық ашқан.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін айтқан. Көгалдандыру ауқымын кеңейтіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасы қабылданатынын жеткізген. Ал 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерде экотуризмді белсенді дамыту қажеттігіне тағы да тоқталды.