Адам тағдыры ұстара жүзінде тұрғандай тұрлаусыз уақытта ізгілікті, махаббат пен достықты, адалдық пен шыншылдықты, ақпейілділік пен дархандықты нығайта түсетін шаралар әрбір адамның жанын жылытады. Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы күнделікті жұмыс дағдысына айналдырған. Тоқтаусыз тіршіліктің көшінде қоңырқай күй кешкен жандарға бір сәт болса да жылулық сыйлап, жанын жадыратар бақытты сәттермен қуантуға тырысуда.
Ұжымдағы «Жылулық сыйлаймыз» тұжырымдамасы аясында өткізіліп жатқан игі шаралардың қатарында, филиал психологі ұйымдастырған «Жүрегіңді ізгілікке үйрет» марафонын айтуға болады.
«Адам кей уақытта өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Солай дегенмен де, өмірге деген сенімін, құштарлығын жоғалтпай, тоқтамастан тек қана алға ұмтылу керек екенін ұмытпауы тиіс. Қандай жағдай болсын, бар күш-жігерін жинап, алға ұмтылса ғана барлығын жеңіп, жүрегінде де, жан дүниесінде де тыныштық орнайтынына, барлығы тек жақсы болатынына сенуі керек. Осы сенімді адам бойына ұялату үшін біздің психолог маманымыз бір ай бойы марафон жүргізіп отыр. Бұл дәл қазіргі уақытта қажет деп білеміз», дейді филиалдың PR-менеджері Жаңыл Әпетова.
Адамның тұтыну құралдарының дамуы артқанымен, адам бойындағы асыл қасиеттердің құндылығы кеми түскен мына заманда, күн ұзағына пенделік қым-қуыт тірлікпен арпалысқан адам, бір сәт жабырқау тартқан жанына рухани қуат іздейді. Сол сәтте оның жағдайын түсініп, көмек қолын созатын адам психолог қана. Психологпен әңгімелесу сананы сілкіндіріп, тұнық ойлардың тұма көздерін ашары бүгінде дәлелденген шындық. Бұл мамандық өте төзімділікті, шыдамдылықты, білімділік пен біліктілікті, мейірімділік пен талап қоя білуді керек етеді десек, ұжым психологі Дариға Сәрсен осы үдеден шыға білген маман. Оның ««Жүрегіңді ізгілікке үйрет» марафоны барысында ұйымдастырған шаралары, талай адамның жанына ізгілік нұрын құйып, бойына сенімділік ұялатты.
Қазан айы бойы жалғасып жатқан марафон мақсаты – адамдардың эмоционалды-құндылық саласын дамыту, адамдардың қиын психологиялық жағдайдағы әрекеттеріне дұрыс бағыт беру, эмоционалдық стрестен арылу жолдарын көрсету, қоғамдағы мінез-құлық нормаларын қалыптастыру және бір-бірімен қарым-қатынас жасау және мәдени мінез-құлықты тәрбиелеу. Қызметкерлердің ұжымда жұмыс істей білу қабілетін арттыру, өзін өзі көрсету үшін жағдай жасау арқылы өзін өзі тану процесіне ықпал ету.
«Жүрегіңді ізгілікке үйрет» айлық-марафоны барысында «Қиын психологиялық жағдайдағы қызметкерлердің әрекеттері», «Темперамент туралы түсінік», «Күйзеліс кезеңдері мен белгілері», «Торығу және одан арылу жолдары» сынды тақырыптарда семинарлар, «Тұлғаның сабырлылығын бағалау» тақырыбында сынақтар мен Хасай Әлиевтің «Кілт» әдісі бойынша жаттығулар кешенін онлайн режімде жүргізеді.
Жаттығулар мен сабақтар, қарапайым, ыңғайлы және өте тиімді. Олар күйзеліспен күресуге, жан тыныштығын табуға ғана емес, сонымен қатар проблемаларын шешуге, торығудың теріс энергиясын жоя отырып, дененің сауығуына ықпал етеді. Қатысушыларға тұлға бойындағы қасиеттер жөнінде, темперамент типтері мен мінез түрлері туралы мағлұмат беріп, алған білімдерін кәсіптік қызмет барысында қолдана білуге үйретеді.
«Міне, бүгін тағы да жүздеген жанның ризашылығына бөлендім. Кәсіби білімім арқылы айналама көтеріңкі көңіл күй сыйлау, әріптестерімнің жаңаша қырынан көрінуіне қолдау көрсету, шығармашылық ой-қиялдарына шабыт беру, менің күнделікті жақсы көріп айналысатын ісім. Бұл дегенің керемет емес пе?! Олай дейтінім, қазір мен «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматы қаласы филиалында психолог бола жүріп, күн сайын кездесетін қиыншылықтармен, проблемалармен бетпе-бет келіп, өз білімімді шыңдау, іздену үстіндемін. Адамдардың риза жүздерін көргенде еңбегімнің, жұмысымның жанғаны деп білемін», дейді Дариға Елтайқызы.
«Психологтің марафон барысында бізбен жүргізген «Бала кезімдегі фотодан мені тап», «Менің сүйікті фильмдерім», «Менің отбасым» сияқты басқа да тақырыптардағы онлайн жаттығулары бізді жақындастыра түсті. Жанымызда жүрген жандарды жақын тани бастадық. Бір-біріміз туралы көбірек біле отырып, бір-бірімізге қызықты бола бастадық. Өзара ашық араласудан қысылмайтын болдық, жұмыстан тыс кезде қиын көрінген істеріміздің әріптестерімізбен бірге жасағанда оңайырақ болатынын байқадық», дейді ХҚО қызметкері Айгүл Тұрлыбекова.
Алматыдағы ХҚО психологі Дариға Сәрсеннің Zoom платформасында онлайн режімде өтетін конференцияларына кез келген адам қатыса алады. Бұл күндері «Ізгі жүректі жандар» айлық-марафонына 3 мыңға жуық адам қатысып үлгерді.
АЛМАТЫ