2020 жылғы 27-28 қазан аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығы «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ-пен бірлесіп, ДДҰ медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету бойынша еуропалық орталығының қатысуымен МСАК жөніндегі Алматы декларациясының 42 жылдығына, академик Төрегелді Шармановтың 90 жасқа толуына және Қарағанды медицина университетінің 70 жылдығына арналған «COVID-19 – МСАК үшін үлкен сабақ» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.
Форум посткеңестік кеңістіктегі елдердің денсаулық сақтау жүйесінің, алғашқы медициналық көмектің пандемия кезіндегі жұмысының қорытындысына арналған ауқымды іс-шараның бірі болмақ.
Конференцияға еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, ДДҰ-ның МСАК жөніндегі Еуропалық орталығының басшысы Мелитта Якаб, ДДҰ-ның Қазақстандағы офисінің, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің үздік халықаралық сарапшылары қатысады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы басшылары мен Қазақстанның барлық өңірінен ұлттық сарапшылар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысады.
Конференция алаңдарында отандық және шетелдік сарапшылар COVID-19 пандемиясымен күрес бойынша пікір алмасады.
Литва Республикасының денсаулық сақтау министрі, Грузияның еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары, «Роспотребнадзор» директорының орынбасары, Украинаның ұлттық денсаулық сақтау қызметінің директоры, Тәжікстан Республикасының денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің МСАК реформалары және халықаралық қатынастар басқармасының бастығы, Өзбекстан Республикасының МСАК жөніндегі ұлттық үйлестірушісі, Әзербайжан Республикасы министрлер кабинеті жанындағы міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік агенттігінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бөлімінің бастығы, Молдова мемлекеттік медицина университетінің профессоры және форумның басқа да қатысушылары өз тәжірибесімен бөліседі.
Халықаралық конференция бағдарламасы барысында қатысушылар қазақстандық медицинаның майталманы, әлемге әйгілі ғалым, академик Төрегелді Шармановты 90 жасқа толуымен құттықтай отырып, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Қарағанды медицина университетінің 70 жылдығын атап өтпек.
Форумның басты тақырыбы – Қазақстанның МСАК бойынша тәжірибесі: COVID-19 пандемиясы кезіндегі тәжірибе мен шешімдер және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі МСАК дамыту стратегиясы.
Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемге алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңызды екенін тағы да дәлелдеді. Адамзат азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтаудағы МСАК-тың рөлін айқындап берген Алматы декларациясының негізгі қағидаттарын мұқият орындаған жағдайда ғана коронавирус сияқты инфекциялық қауіптерді жеңуге болатынына тағы да көз жеткізді.
Конференция жұмысы аяқталғаннан кейін қорытынды құжат дайындалады. Мақсаты – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен COVID-19 пандемиясына қарсы күресте мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесін біріктіру, жаңа инфекциялық агрессия кезінде практикадан пайдалану үшін халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын әзірлеу.